Kyzylorda-news.kz. Жуырда Қазалы ауданындағы Әйтеке би кентінде орналасқан рухани байлық ордасы, парасаттың киелі мекені Қазалы аудандық орталық кітапханада Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Шапағат», «Астана» медальдарының иегері, бірнеше жыр жинақтарының авторы, ақын Рүстем Жанайдың 80 жылдығына орай, өмірі мен шығармашылығын насихаттауға арналған «Жыр әлемінің бәйтерегі» атты әдеби-танымдық еске алу кеші өтті.
Ақынды еске алу кешіне Алматыдан арнайылап, ат басын бұрған ақынның жұбайы, ардагер ұстаз Күлаш Досжанова және Қазақстан Жазушылар Одағының, Халықаралық Қазақ ПЕН клубының мүшесі, белгілі жазушы Үміт Тәжікен сыйлы қонақтар қатарына қосылды.
Өмірі өлең болып өрілген Қазалының мақтанышы Рүстем Жанайды еске алуға арналған шарада аудандағы зиялы қауым өкілдері, байырғы ардагер ұстаздар мен ақынның туған-туыстары бас қосты.
Тағылымға толы рухани кеште ақын Рүстем Жанайдың сөзіне жазылған Шынберген Сүлейменовтің «Ақұдайлар» әні нақышына келтіріле шырқалды. Мәдени-танымдық маңызы зор шараны Қазалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жолтаев Болат Әбенұлы алғы сөзбен ашты.
– Рүстем Жанай ағамыз жайлы айтатын әңгіме бір мақала, не бір әңгіменің аясына сыймайтыны анық. Өлең өлкесіне өзіндік соқа салған ақынның туындыларын жас өркендер талдап, жарыққа шығаратынына сенім мол. Әлі талай салмақты сөз, толыққанды пікірлер айтылатыны сөзсіз. Оған кәміл сенімім мол. Себебі, ақынның жырларын оқитын ұрпағы барда жарық жұлдыздай жарқырай береді деген үмітім бар, – деді Қазалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Әбенұлы.
Болат Жолтаев өзінің жүрек түкпірінен шыққан шынайы лебізін жеткізе келе, ақын Рүстем Жанайдың 80 жылдығына арналған айтулы шараның биыл тамыз айында өтетінін айтты.
Өз заманында тұғырын тапқан қаламгер Рүстем Жанайдың парасат биігінен парақталған «Жас керуен», «Бақыт босағасы», «Мезгіл мақамдары», «Бір өзіңе», «Әйелдердің жүрегімен ойнама» жыр жинақтарымен «Қайыртал», «Жанайқай» повестері оқырманын бейжай қалдыра алмасы хақ.
Халқы сый-құрмет көрсеткен ақынның өміржолына көз жүгіртсек, ардақты азамат, белгілі ақын Рүстем Ідірұлы Жанай 1944 жылы 2 тамызда Ғани Мұратбаев ауылының “Дихан” деген жерінде дүниеге келген. 1961 жылы Әйтеке би кентіндегі №420 орта мектепті аяқтағаннан кейін, комсомолдық бастамамен ауыл шаруашылығында еңбек етеді. 1963 жылы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтына түсіп, филология факультетін үздік бітіріп шығады.
Еңбек жолын Ақтөбе облысы, Шұбарқұдық (қазіргі Темір ауданындағы) №484 қазақ орта мектебінде мұғалім болып бастайды. Кейін туған жері Қазалыға оралып, №420 орта мектебінде шәкірттерге қазақ тілі және әдебиеті пәнінен сабақ береді. Жұмыстан тыс уақытта білім ордасындағы мұғалімдер мен жоғары сыныптағы комсомол мүшелерімен қойын-қолтық араласып, әдебиет үйірмесін ұйымдастырады. Мереке күндері түрлі мазмұндағы іс-шаралар өткізуге ұйытқы болған.
"Рүстемнің іскерлік қабілетін байқаған аудан басшылары жас та, жігерлі мұғалімді аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына тағайындады. Мен сол кезде теміржол училищесінде оқу шебері қызметімен бірге бастауыш комсомол ұйымының хатшысы қоғамдық жұмысын атқару арқылы Рүстеммен танысып, бірлесе жұмыс жасай бастадық. Үлгілі оқушыларды комсомол қатарына қабылдап, партияның жалынды көмекшілерінің қатарын көбейттік. Сонымен бірге, Рүстем жастарды күріш егуге, мал шаруашылығын өркендетуге жаппай бетбұруына атсалысты.
1970-1976 жылдары аудан көлеміндегі «Барсакелмес», «Ақмешіт», «Бомбей», «Юбилей” сияқты жиырмадан астам бұзақы топтармен тәрбие ісін жүргізді. Мектептен бастап, мекемелер ұжымымен, басшы қызметкерлерімен, комсомол жетекшілерімен жиналыс өткізіп, жастар арасындағы бұзақылықты болдырмау жөнінде пікірлесті. Өзі бас болып, күн демей, түн демей көпшілік орындарды аралады. Аупарткомның ішкі істер бөлімінен, комсомол ұйымдары өкілдерінен құралған арнаулы топ көшеде, саябақтарда темекі шегіп, арақ ішетін жастармен жүздесіп, ата-аналарымен ақылдасты. Соның нәтижесінде, жастар арасындағы қоғамға жат жаман әдетке тыйым салынды.
Бұдан соң, Рүстем ауылшаруашылық қызметкерлері аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы, КПСС XXII сьезд атындағы совхоз партия комитетінің хатшысы, халық депутаттары аудандық Совет атқару комитеті төрағасының орынбасары қызмет сатыларынан өтті. Жауапкершілігі, өз жұмысына тиянақты қарайтын қасиеті бағаланып, оған 1988 жылы аудан әкімінің орынбасары қызметі сеніп тапсырылды.
Бірде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Елеу Көшербаев Рүстемге: «Алматыдағы «Тамаша» ойын-сауық отауы көптің көңілінен шығып жүр. Осындай өнер ұжымын бізде де құрсақ қайтеді» деген тілегін айтады. Сосын, ол аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Жетіскен Мәкеналы, өнерпаз Абдрасулла Ахметовпен пікірлеседі. Сөйтіп, арнайы бағдарлама жасалып, аудан көлеміндегі келеңсіз жағдайлар, ауылдағы, қалалық жердегі айтқыштардың әзіл-қалжыңдары топтастырылады. Бұл ойын-сауық ұжымы аудан, облыстан асып, Астанаға дейін барады. Тамаша тарландары Абдрасулла мен Ұлжан Ахметовтер ел қошеметіне бөленеді" деген естеліктерімен бөлісті қазалылық ардагер Жеткербай Махамбет.
Мезгілінде Ғани Мұратбаевтың 70 жылдығын республика көлемінде атап өтуге, оның мемориалдық музейінің қайта жаңартылуына тікелей басшылық жасаған ол 1992 жылы Елеу Көшербаевтың қолдауымен Жанқожа батыр Нұрмұхаммедұлын есте қалдыру шараларын өткізу жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары болды. Жанқожа кесенесі салынып, баба құрметіне ас берілді. Ат бәйгесі ұйымдастырылып, түрлі спорттық жарыстар өтті. Айтулы шараға облыс, республика көлеміндегі Өзбекстан, Қарақалпақстандағы жерлестер мен зиялы қауым өкілдері келіп, көтеріңкі көңіл-күй үстінде тарады.
Рүстем №8 кәсіптік-техникалық мектепті басқарып жүргенде жоғарғы оқу орнында оқитын бір студентке, Б.Мергенбаев атындағы №226 гимназияның үздік оқушысына және кәсіптік-мектептің үш шәкіртіне өз қаражаты есебінен Жанқожа батыр атындағы стипендия тағайындады.
1990 жылдардағы егемендіктің елең-алаңда аудан көлеміндегі колхоз, совхоздар тарап, кейбір мектептер мен балабақшалар, қаладағы кәсіптік техникалық училище жабылуға дейін барған. Соның басы-қасында облыстық мәслихат депутаты Рүстем Жанай жүрді. Мәселені тиісті орындар назарына ұсынып, мектептер мен балабақшаларды, кәсіптік білім беру ошағын жаптырмай алып қалған. Қ.Пірімов, Жанқожа батыр, Ақтан батыр, Ғани Мұратбаев ауылындағы мешіттердің жөнделуіне жанашырлық көрсетті.
Рүстем ізбасар өнер иелерінің шығармашылық кештерін өткізуді қолға алып, ақын Жетіскен Мәкеналыны, күйші Орақ Баубековті және әнші Ғалия Оспанованы жұртшылыққа танымал етті.
Рүстемнің мінезі ақжарқын, біреуге болмасын демейтін, қатты сөз айтпайтын, сыпайы, сырбаз мінез, сері жігіт еді. Ол Жарасқан Әбдірашев, Әнес Нарымбетов, Балтабай Тәжімбетов, Есқара Көмекбаев, Едіге Кішкенеев, Жетіскен Мәкеналы сияқты үлкенді-кішілі ақындармен емен-жарқын сыйластықта болған.
«Адамда дос көп болмайды. Бірен-сараң болмаса, адам өзінің біліміне, білігіне, қабілет-қарымына, зейін-зердесіне қарай сөз жарасқандармен дос болады. Өзін-өзі ілгері сүйрей білген жан әсте далада қалмайды, ол халқына да қалытқысыз қызмет етеді» – дейтін Рүстем.
Осындай ардақты азамат, талантты ақын дүниеден тым ерте өтті. Соңында мол мұрасы – асыл жырлары қалды. Оның жазған кітаптарындағы өрімді өлең, әсерлі әңгімелері оқырмандарға әрдайым рухани азық болып қала береді. Көзі тірісінде:
«Арманшыл жанның бірі едім,
Тұғырын таппай тоқтаман.
Жыр қонған елдің ұлы едім,
Өлеңсіз өмір жоқ маған!» – деп шабыттана жырлағанындай, шығармашылық ортадан ойып тұрып, өз орынын алған қарымды қаламгердің есімі көптің жүрегінде мәңгілік сақтала береді.
Шара барысында кеш қонақтары мен кітапхана оқырмандары қаламгердің қаламынан туындаған әрбір шығармасына тоқталып, ақынға, жазушыға деген сырттай ризашылықтарын білдірді.
Әдеби танымдық-тағылымдық еске алу шарасын аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Индира Назарова қорытындылап, шараға қатысқан Рүстем Жанайдың жұбайы Күлаш Досжановаға және өзге де, қатысушыларға ризашылығын білдіре келе арнайы сый-сияпаты мен Қазалының қазынасына айналған кітаптарды естелікке ұсынды. Кеш соңы ақын Жетіскен Мәкеналының сөзіне жазылған Қорған Жолдыбаевтың «Қазалы вальсі» әнімен аяқталды.