Kyzylorda-news.kz. Арал индустриалды-техникалық және Арал көпсалалы колледждерінде «Жұмыс беруші күні» іс-шарасы ұйымдастырылды.

Аудандағы екі білім беру мекемесінде өткізілген шара еңбек нарығындағы сұранысқа сәйкес мамандар дайындау, өндірістік оқыту мен кәсіптік тәжірибені ұштастыруға бағытталды. Сонымен бірге колледж тарихынан сыр шертетін және білім алушылардың жасаған бұйымдары қойылған көрме көпшілікке таныстырылды.

Аудан әкімінің орынбасары Кете-Төлеби Бержанов кәсіптік білім беру ұйымдарында өткен шараларға қатысып, бос жұмыс орындарын ұсынушы мекемелермен және білім алушылармен пікірлесті. Жас маман атанатын колледж түлектеріне сәттілік тіледі.

Биылғы оқу жылында Арал индустриалды-техникалық колледжінде 80-ге жуық, Арал көпсалалы колледжінде 175 білім алушы оқу орнын тәмамдамақ.

Арнайы өткізілген дөңгелек үстел барысында болашақ кәсіптік маман иелеріне жергілікті жердегі өндіріс мекемелерінен жұмыс орындары ұсынылды. Бірқатар оқу орны мен өндірістік мекемелер арасында екі жақты келісім жасалды.

Жас мамандарды жұмыспен қамтып келе жатқан өңірдегі бірқатар мекемелерге алғыс хаттар табысталды.

Айта кетейік, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен республиканың барлық колледждерінде жұмыс берушілер күні ұйымдастырылды.

Тағы да оқыңыз: