Kyzylorda-news.kz Бүгін мектеп бітіруші түлектерге арналған салтанатты шараны көру үшін Н.Ергешбаев атындағы №172 мектепке табан тіредік. Түлектердің ыстық ұямен қоштасу сәті жоғары деңгейде өтті.
Шараға құрметті қонақ ретінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің компьютерлік ғылымдар кафедрасының аға оқытушысы, білім саласының үздігі Айжан Есіркепова және Тасбөгет кенті әкімдігі аппаратының бас маманы Мұрат Дарихожаев қатысты. Қонақтар жүрекжарды тілектерін білдіріп, ұстаздар мен оқушыларға шығармашылық табыс пен толағай жетістіктер тіледі. Айжан Өмірзаққызы мектеп ұжымына университет ректоры атынан жіберілген алғыс хатты табыстады.
Әрі қарай ортаға мектеп бітіруші түлектер шақырылып, өз орындарына жайғасты. Биыл мектептен 28 оқушы түлеп ұшқалы отыр. Оның ішінде 5 “Алтын белгіге” үміткер, 7 оқу үздігі, 10 оқу екпіндісі бар. Сынып жетекшісі Ақзер Өмірзақова – көптеген ғылыми жобаның жеңімпазы.
Оқушылар бойындағы қимастық сезімін ән арқылы жеткізіп, қоштасу вальсін биледі. Олар мектепке, ұстаздарына алғыс айтып, соңғы тілектерін білдірді. Бізде «көгершіндей қалықтайық» деген ниетте, ақ көгершінді өз қолдарыннан ұшырды.
Мектеп директоры Мария Шынәліқызы түлектерге ізгі тілегін арнады.
– Қош келдіңіздер құрметті қонақтар және ата аналар! «Тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың» дегендей, міне кешегі кішкентай ғана оқушыларымыз үлкен өмірге қадам басқалы отыр. Әрбір азамат ұстаздың білімін алып, ұстаздың алдынан өтері анық. Сендер де ұстаздар берген білімді бойларыңа сіңіріп, тәлім-тәрбиесін дарытып, алтын ұямен қоштасып барасыңдар. Ендігі кезекте ұлттық біріңғай тестілеуді ойдағыдай аяқтап, үмітімізді ақтайтындарыңа сенімдіміз.Ақ жол! Сондай-ақ ұстаздардың да атқарған қызметтері біз үшін үлкен жеңіс. Әрбір оқушы үшін жұмыс істейтін ұстаздарға алғысым шексіз, – деді мектеп директоры.
Өз кезегінде ата-аналар да жылы лебіз білдірді. Оқушылар мен мұғалімдерге гүл шоқтары таратылып, салтанатты шара өз мәресіне жетті.
Көркем ТӨЛЕБАЙ
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің 1-курс студенті
Суреттерді түсірген: Қуаныш МҰСТАФАЕВ