Kyzylorda-news.kz   Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Білім беруді интернационалдандыру стратегиялары мен тәжірибелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық онлайн конференция өтті.

Конференция «Қазақстандағы жоғары білім беруді интернационалдандыру негізінде білім алушылардың лингвомәдени құзыреттіліктерін дамыту» атты гранттық ғылыми жоба аясында ұйымдастырлыды. 

Қазақстандағы жоғары оқу орындарының арасында алғашқылардың бірі болып COIL платформасына мүшелікке еніп, ынтымақтастық орнатылған шетелдік университеттермен қазақ-орыс және қазақ-ағылшын тілдерінде бірлескен оқу бағдарламасын әзірлегенімізді қуанышпен жеткізгім келеді.

Шетелдік серіктес университеттердің студенттері және оқытушыларымен өзара әрекеттесу студенттердің лингвистикалық, мәдени және мәдениетаралық құзыреттіліктерін қалыптастыруға зор ықпалын тигізді.

Конференцияның мақсаты:

  • білім беру бағдарламалары мен ғылыми-зерттеу қызметін интернационалдандырудың озық тәжірибелері мен тәсілдерін талқылау;
  • жоғары білімді интернационалдандырудың қазіргі тенденцияларын талқылау;
  • жоғары оқу орындарында интернационалдандыруды дамытудың стратегиялық бағыттарын анықтау болды.

Өз сөзімде студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығы, халықаралық оқу бағдарламалары мен ғылыми тағылымдамадан өту, ғылыми серіктестіктер мен жаһандық академиялық интеграция сияқты аспектілерді қамтитын жоғары білімді интернационалдандыруды дамытудың қазіргі тенденциялары мен мүмкіндіктерін атап өттім.

ҚР Жоғары білім және ғылым министрінің кеңесшісі Фатима Жақыпованың «Жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингі: халықаралық тәжірибе және ұсынылатын әдістеме» туралы баяндамасы үлкен қызығушылық тудырды. Ф.Н.Жакыпова жоғары оқу орындарының халықаралық және ұлттық рейтингісінің сапасын жақсарту мақсатында академиялық саралау мен үстемдік бойынша Халықаралық обсерватория (IREG) маңыздылығына тоқталды.

Ал М.Тынышбаев атындағы ALT Университетінің ректоры Салтанат Амиргалиева халықаралық серіктестік арқылы «Т ұрпағын» дамытуға, халықаралық серіктестік жұмыстарының тиімділігіне баса назар аударды.

Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар университетінің (МГИМО) экономика факультетінің деканы Евгений Погребняк білім саласындағы халықаралық ынтымақтастық, цифрлық дағдыларды бәсекеге қабілетті деңгейде қалай дамыту керектігі туралы айтты.

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, Интернационалдандыру және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі проректоры Жайлаугүл Сағындықова тұрақты серіктестік туралы баяндама жасап, шетелдік серіктестерді табуда қажетті ұстанымдарға тоқталды.

EdD Бағдарламасының директоры, Ратгерс Жоғары білім беру мектебі, Нью-Брансуик университетінің PhD докторы Таня Кармел Сарджент жаһандық желі бастамасы, виртуалды алмасу бастамасы жайында зерттеулермен бөлісті.

Конференцияның басты назары интернационалдандырудың маңыздылығы туралы білім мен түсінікті кеңейту, интернационалдандыру стратегияларын жүзеге асыру бойынша нақты әрекеттерді анықтау мәселелерін жан-жақты талқылауға арналды.

Айта кетейік, былтыр Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Жоғары білім беруді интернационалдандыру: тәжірибе, проблемалар және даму перспективалары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференция «Қазақстандағы жоғары білім беруді интернационалдандыру негізінде білім алушылардың лингвомәдени құзыреттіліктерін дамыту» атты гранттық  жоба аясында ұйымдастырылды.

Жиында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Кәрімова «Үйдегі интернационализацияны дамыту: Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің негізінде» тақырыбында баяндама жасады.

Оқу орнының басшысы интернационалдандыру бүгінгі студенттердің білімін, құзыреттілігін және дағдыларын дамытуға үлкен мүмкіндік беретінін атап өтті.

- COVID-19 және геосаяси тұрақсыздық студенттердің академиялық білім игеруіне кедергі келтірді. Осылайша үйдегі интернационалдандыру ұғымы пайда болды. «Үйдегі интернационализация» кез-келген азаматтың қозғалу мүмкіндігінің болуына немесе болмауына қарамастан (ұтқырлықты жүзеге асыруға), жаһанданған әлемде өмір сүруге және жұмыс істеуге дайындайтын білім алуға құқығы бар екенін көрсетеді.

«Үйдегі интернационалдандыру» тұжырымдамасын іске асыру үшін Қорқыт Ата Университеті «виртуалды ұтқырлық» бағытын дамытуды қолға алуда, бұл біздің студенттерге өз елімізден шықпай-ақ семестр немесе бүкіл академиялық жыл ішінде онлайн білім алуға мүмкіндік береді, – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.

Жиынға Америка құрамы штаты, Джорджия университетінің Фулбрайт бағдарламасының қызметкері Келси Дабровски, Ресей федерациясы Томск қаласы, Томск политехникалық университетінің Табиғи ресурстар инженерлік мектебінің профессоры, биология ғылымдарының докторы Наталья Барановская, Набережные Челны мемлекеттік педагогикалық университетінің халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі, социология ғылымдарының кандидаты Ленар Галиев, Өзбекстан республикасы, Гүлістан қаласы, Гулистан мемлекеттік университетінің философия докторы PhD  Багдат Уразов, Astana IT University бірінші проректоры, экономика ғылымдарының докторы,  профессор Серік Өмірбаев, ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімді интернационалдандыру басқарма меңгерушісі Рауза Мендалиева, ҚР ҒЖБМ Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығы директорының орынбасары Қарлығаш Сәкенова, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Стратегиялық жоспарлау орталығының директоры Қазтаева Адина қатысты.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің және облыс көлеміндегі жоғары оқу орындарының ғалымдары, оқытушылары мен білім алушылары, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар, БАҚ өкілдері онлайн және офлайн форматта қатысты.

Жиында ғалымдар халықаралық білім беру, интернационалдандыру тақырыбын талқылап, ұсыныстарын ортаға салған еді.

 

А.Текебай

Фото:nifi.ru

Тағы да оқыңыз: