Kyzylorda-news.kz Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мақсатында республикалық және өңірлік штабтар құрылды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлім етті.
- Балалардың жазғы демалысы жұмыстары 9 мемлекеттік органның бірлескен жоспары аясында ұйымдастырылады. Осы мақсатта республикалық және өңірлік штабтар құрылды. Каникул кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және еңбекпен қамтылуын ұйымдастыру бойынша бірыңғай әдістемелік ұсынымдар әзірленді, - деді Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында.
Министрдің мәлімдеуінше, бүгінде өңірлермен бірлесіп барлық демалыс орталығының тізімі әзірленді және олардың дайындығы республикалық штабтың отырыстарында қаралды.
- Санитариялық нормалардың, тамақ қауіпсіздігі талаптарының, сондай-ақ суда, орманды жерлерде және спорт объектілерінде қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша бақылау күшейтілді. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «Жаздық жолдама» жобасы шеңберінде 10 мың бала тегін демалуға мүмкіндік алады. Олардың ішінде – халықтың әлеуметтік осал топтарынан және ауылдық жерлердегі көп балалы отбасылардан шыққан балаларға басымдық беріледі, - дейді ведомство басшысы.
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі