Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Жауқазын» студенттік театры «Үміт» V республикалық студенттік театр фестиваліне қатысып, Бағжан Елтай атындағы арнайы жүлдені иеленді.
Фестиваль аясында театр ұжымы көрермен назарына «Сенің кезегің…» атты авторлық трагедиялық қойылымын ұсынды. Қойылымда актерлердің шеберлігі, сахналық мәдениеті мен шығармашылық ізденісі көрініс тапты.

Сахнадағы жарқын өнері және актерлік шеберлігі үшін «Жауқазын» театрының актрисасы Айымжан Пернебай арнайы марапатқа ие болды. Сондай-ақ студенттік театрдың жетекшісі Ақниет Мәуленге алғыс хат табысталды.
Айта кетейік, бүгінде «Жауқазын» студенттік театрының құрамында 40-қа жуық білім алушы бар. Театр ұжымы осы уақытқа дейін «Шәмші сүйген Изольда», «Қарагөз», «Қош, махаббат!», «Махаббат мұнарасы», «Мәңгілік бала бейне», «Шолпанның күнәсі» және басқа да қойылымдарды сахналап, университеттің мәдени өміріне белсенді үлес қосып келеді.
