Kyzylorda-news.kz «Бүгінгі жастар кітап оқымайды деу»– жаңсақ пікір. Иә, заман ағымы өзгерді, уақыттың басым бөлігі ғаламтор мен әлеуметтік желіге кететіні рас. Бірақ соған қарамастан, кітапты өмірінің бір бөлігіне айналдырған жастар аз емес. Қазір жастар тек бір бағытпен шектелмейді. Бірі классиканы оқыса, бірі психологиялық немесе тарихи кітаптарға қызығады. Ең бастысы – олардың ізденіс үстінде болуы.
Бүгінде кітап клубтарының көбеюі де жастардың әдеби ортаға бет бұра бастағанын көрсетеді. Осындай ортаның бірі – «Kitap Qurttary» кітап клубы. Бұл клубтың бүгінде көп жастың кітапқа деген қызығушылығын оятты.
«Kitap Qurttary» кітап клубының негізін қалаушы Талғат Меңдібаевтың айтуынша, клубқа өздері іздеп, арнайы келетіндер қатары көп.

«Біздің кітап клубында нақты тұрақты қатысушылар саны жоқ, жастар әртүрлі уақытта келіп-кетіп жатады. Көбіне классикалық шығармаларды оқимыз. Нақты бір бағыттағы немесе бір ғана кітапты тұрақты түрде талқылаймыз деп айта алмаймын. Дегенмен, біз мотивациялық және психологиялық әдебиеттерден гөрі әлемдік классикаға, қазақ әдебиетіне, сондай-ақ Алаш зиялылары мен тарихи тұлғалар туралы еңбектерге көбірек көңіл бөлеміз. Қазіргі таңда тұлғалық даму мен тарихи танымға қатысты кітаптар да жиі оқылады.
Орта есеппен алғанда, бір ай ішінде 4 кітап оқуға болады деп есептеймін. Негізгі норма – аптасына 1 кітап оқу. Егер кітап шағын болса, кейбір адамдар айына 5-6 кітапқа дейін оқып үлгереді. Ал өз басым айына кем дегенде 1 кітап, мүмкіндігінше 2 кітап оқуға тырысамын.
Оқуға ұсынар кітаптарыма келсек, ең алдымен «Қазақтың шешендік сөздер жинағын» міндетті түрде оқуға кеңес бермін. Одан кейін Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» және «Соңғы парыз» романдарын ұсынар едім. Сондай-ақ Джон Стейнбектің «Гроздья гнева», «О мышах и людях», Теодор Драйзердің «Американская трагедия» шығармаларын оқуға болады. Детектив жанрын ұнататындарға Ю Несбё мен Ли Чайлдтың кітаптарын, ал отбасылық құндылықтарды, адамның жарық әлемнен қараңғылыққа қарай бет алуын терең суреттейтін шығарма ретінде Марио Пьюзоның «Өкіл әке» романын ұсынар едім», – дейді Талғат Меңдібаев бізбен әңгімесінде.
Талғат Меңдібаевтың пікірінен байқағанымыздай, қазіргі жастар жеңіл-желпі мотивациялық кітаптардан гөрі терең мазмұнды, классикалық және тарихи шығармаларға көбірек ден қояды. Бұл – жастардың рухани ізденісінің белгісі.
Кітапқа қызығушылық көбіне отбасынан басталады. Бұған «Ақмешіт жастар» газетінің тілшісі Аружан Оралбайдың пікірі дәлел бола алады.
«Ақмешіт жастар» газетінің тілшісі Аружан Оралбай көп кітап оқитын жастардың бірі. Оның ерекшелігі ол өзіңе ұнаған кітапты тапсырыс беріп сатып алады. Бүгінде Аружанның өз кітап қоры бар.

«Дәл қазір жеке кітапханамда 150-ге жуық кітап бар. Ең алғаш бастауыш сыныпта Оспанхан Әубәкіровтың “Жабақ туралы әңгімелер” кітабын оқығаным есімде. Кітапқа деген қызығушылығым анамның жеке кітапханасынан бастау алған болуы керек. Анам мұғалім, студенттік шағынан жинаған кітаптары бір қабырғаны толтырып тұратын. Бертін келе бұл әдет менде де қалыптасты. Тіпті, кітапханадан алған кітабым ұнап қалса, оны сатылымнан іздеп, жеке кітапханама қосқым келіп тұрады.
Әркімнің талғамы әртүрлі. Сондықтан ұсынысқа сүйеніп кітап таңдаған кезім өте сирек. Дегенмен, Төлен Әбдіктің “Парасат майданы” шығармасын ерекше атап өткім келеді. Сондай-ақ “Оң қол”, “Тұғыр мен ғұмыр”, “Тозақ оттары жымыңдайды”, “Әке”, “Ақиқат” туындыларының философиялық астары терең. Дулат Исабековтің “Бекет”, “Қарғын”, “Қар қызы” шығармаларын да ұсынар едім. Қазіргі қазақ қаламгерлерінен Қанат Әбілқайырдың “Ағыраптағы аты жоқ адам”, Мақсат Мәліктің “Абыл мен Қабыл”, Қанат Тілеуханның “Шатырдағы әйел” романдарын оқуға кеңес беремін. Әйелдер прозасынан Сәуле Досжаның "Үлкен үйдегі үрей", "Қасірет пен тағдыр", Лира Қоныстың "Шаһарбанудың сыңсуы", "Құлпынай қосылған балмұздақ", "Мәңгілік сағыныш", Аягүл Мантайдың "Уақыттың көз жасы" атты кітаптарын ұсынар едім. Бұл қаламгерлердің шығармашылығында мистика да, махаббат та, Құдай жайлы толғаныс, қыз тағдыры мен әйел ғұмыры да қозғалады. Психологиялық, философиялық аспектілер де бар. Айта берсем көп... Өзің оқыған дүниені өзгеге ұсыну, талдау, талқылау – тіпті қызық», – деді Аружан.
Аружанның сөзінен қазіргі жастар арасында заманауи қазақ әдебиетіне, философиялық және психологиялық тереңдігі бар шығармаларға қызығушылық жоғары екенін көруге болады.
Жастардың кітап оқу мәдениеті туралы айтқанда, студенттердің пікірі де маңызды. Себебі студенттік кезең – тұлғалық қалыптасудың ең белсенді шағы. Сондықтан да болар студенттермен дидарласып олардың да пікіріне сүйенуді жөн көрдік. 4-курс студенті Нұрай Арманқызы бос уақытында кітап оқығанды ұнатады.
«Соңғы уақытта Мұхтар Әуезовтің “Қараш-Қараш оқиғасы” повесін оқыдым. Бұл кітаптың маған ұнаған ерекшелігі – әділетсіздік пен адам тағдырын өте терең, шынайы көрсетуі. Бақтығұлдың ішкі күйзелісі, қоғамдағы теңсіздік, адамның ашу-ыза мен намыс арасында қалуы қатты ойландырды. Әуезовтің тілі көркем, оқыған сайын оқиғаға еніп кетесің, кейіпкерлер тірі адамдай сезіледі. Сол үшін бұл шығарма ерекше әсер қалдырды.
Кітап оқуға күніне орта есеппен 30-40 минут уақыт бөлуге болады деп ойлаймын. Студент болған соң сабақ, тапсырма көп, бірақ күн сайын аз-аздан оқып отырсаң, әрі пайдалы, әрі әдетке айналады. Кейде демалыс күндері 1 сағаттай оқуға тырысамын. Жалпы, қазақша кітаптары тек әдебиет емес, тәрбие мен өмірлік ой береді, сондықтан студент кезден бастап оқыған өте маңызды деп есептеймін», – дейді ол.
Бүгінгі жастар әртүрлі жанрдағы кітаптарды оқиды. Классика, заманауи проза, тарихи еңбектер, детектив пен философиялық шығармалар – барлығы да сұранысқа ие. Кітап – тек білім көзі ғана емес, рухани тәрбие құралы. Оқитын ұрпақ – ойлы ұрпақ.
Аяжан Махамбетәлі
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің 4 курс студенті
Фото: freepik.com

