Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Біліктілікті арттыру және қосымша білім беру орталығы мен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының ұйымдастыруымен қала мектептерінің директорларына арналған үш күндік ауқымды семинар өтті.
Жиын барысында Жасанды интеллект институтының директоры Нұрлан Құлмырзаев «MEKTEP 5.0: Жасанды интеллект дәуіріндегі деректерге негізделген басқару (Data-Driven Management)» атты бірегей әдістемелік құралын таныстырды.
Ұсынылған «Mektep 5.0» концепциясы дәстүрлі, яғни оқиға болғаннан кейін әрекет ететін реактивті басқару жүйесінен алдын ала болжайтын, стратегиялық басқару үлгісіне көшуді мақсат етеді.
Басты мақсат – мектеп басшыларын күнделікті мәселелерді шешумен ғана айналысатын «өрт сөндіруші» рөлінен нақты деректерге сүйенетін стратег деңгейіне көтеру. Бұл тәсіл жасанды интеллект пен үлкен деректер (Big Data) технологиялары арқылы мектептің кадрлық, академиялық және психологиялық ахуалын алдын ала болжауға мүмкіндік береді.
Семинарда Нұрлан Құлмырзаев мектеп басшыларының шешім қабылдау процесін автоматтандыратын бірқатар авторлық құралдарды таныстырды.

Атап айтқанда, «HR-Radar» (Кадрлық иммунитет) жүйесі педагогтардың зейнетке шығу мерзімін үш жыл бұрын болжай отырып, кәсіби «жану» қаупін ерте анықтайды; «Predictive Pulse» (Оқу сапасын болжау) құралы оқушылардың үлгерімі мен сабаққа қатысу деректерін талдау арқылы тәуекел тобындағы балаларды ерте анықтауға мүмкіндік береді; «Smart Essay» (Психологиялық қауіпсіздік) модулі оқушылардың жазбаларына семантикалық талдау жүргізіп, суицид, буллинг және тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілерін байқайды; ал «Social Sonar» (Ата-аналар үні) ата-аналар чаттарындағы эмоционалды фонды сараптап, мектептегі өзекті мәселелерді жедел анықтауға бағытталған.

Жаңа әдістемені енгізу арқылы Қызылорда мектептерінің басшылары кадрлық және оқу процесіне қатысты үш жылдық нақты болжам жасай алады, есеп беру мен жоспарлау жұмыстарын Agentic AI жүйесі арқылы автоматтандырады, сондай-ақ ақпарат іздеушіден деректерге сүйеніп шешім қабылдайтын заманауи көшбасшы деңгейіне көтеріледі.

Бұл бастама өңірдегі білім беру сапасын арттырып қана қоймай, мектеп басқару жүйесін цифрлық дәуір талаптарына сай қайта құруға мүмкіндік бермек.
