Kyzylorda-news.kz. Қызылордада «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының ұйымдастыруымен қайырымдылық жәрмеңкесі өтті. Балалар жылында сөзден іске көшкен Сыр ұландары көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларға көмектесуді мақсат еткен.
Сый жәрмеңкеге арнайы шақырылған отбасылар қойылған киім-кешек, оқу құралдары мен тұрмысқа қажетті заттардан керегін алды.
Көпшілікке қуаныш сыйлаған игі істе жасұландықтар белсенділік танытты. Өздері киген, бұдан кейін де киюге жарайтын киім-кешектері мен ата-аналардың көмегімен жаңа заттар және оқу құралдарын қайырымдылық шараға ұсынған.
“Жас ұлан” ұйымының мектепте өткізіліп жатқан шараларын білеміз. Бүгін қала мектептерінің басын қосып қайырымдылық шараларының да ұйытқысы болып жатқанын көрдік. Достарын қуантуға асыққан жасұландықтарға аналық алғысымды білдіремін. 8 балам бар. Осы жерден әр қайсысына бір-бірден керек жарағымды алдым. Бұл біз үшін үлкен көмек”,- дейді көпбалалы ана Фариза Елеуова.
“Қайырымдылықпен қадам басамыз” атты акция аясында ұйымдастырылған әлеуметтік жәрмеңке алдағы уақытта да жалғасын табады. Ұйымдастырушылар қайырымды істі 1 маусым — Халықаралық балалар күнінің қарсаңында да өткізуді жоспарлап отыр.
“Мемлекет басшысы биыл елімізде” Балалар жылы” деп жариялады. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз. Осы орайда Қызылорда облыстық “Жас ұлан” ұйымында 2022 жылды “Жас ұланның жұлдызды жылы” деп жариялады. Ұйым осы уақытқа дейін іс-шаралар, акциялар, түрлі жобалар іске асырып жатыр. Бүгінде аймақ мектептірінде “Ақылды бейсенбі”, “Әкем үйреткен”, “Оқуға құштар ұлан”, “Көңілді үзіліс”, “Менімен бірге арманда” тағы сол сияқты түрлі іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Бұған қоса ұландар әлеуметтік жобалардан да қалыс қалмайды. Бүгінгі қайырымдылық шарасы соның дәлелі. Барлық бала тең дәрежеде мектепке барып білім алуға құқылы. Олардың достарымен қатар мектепке баруына тұрмыстық жағдайы кедергі келтірмеуі үшін жас ұландықтар қолдан келген көмегін беріп жатыр. Көптеген отбасына толық қажеттіліктерін өтей алмасақ та көмектесе алдық деп ойлаймыз. Игі іс алдағы уақытта да жалғасын табатын болады”,- деді облыстық “Жас ұлан” балалар мен жасөспірімдер ұйымының атқарушы хатшысы Гүлайым Ақмырзаева.