Kyzylorda-news.kz  Биыл 11 сыныпты тәмәмдайтын Асылжан еліміздегі екі бірдей еңселі жоғарғы оқу орнының грантын жеңіп алған. Оның бірі – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 50 пайыздық гранты болса, ал екіншісі – Астанадағы ІТ университетінің толық гранты.

     Мектеп табалдырығында оқып жүріп жоғарғы оқу орнының грантын жеңіп алу үшін оқушыдан жан-жақты дарын, талап, ізденіс, терең ой талап етіледі. Асылжан да сондай оқушылардың бірі де бірегейі. Ол жас та болса бірнеше жобада қатар жұмыс жасап, өз замандастарынан оза шауып келеді. Бұндай озат оқушылар университетті емес, керісінше, жоғарғы оқу орны осындай дарынды оқушыларды таңдайды. Бұл екінің біріне бұйыра бермейтін жетістік.

     Асылжан Абдуллаев кішкентай кезінен тіл үйренуге, жаңаша дүниелер ойлап табуға әуес. Білімін №210 Оспан Әбілпаттаев атындағы мектепте жетілдіріп жүрген ол – биылғы жас түлек. Асылжан мектеп бағдарламасымен ғана шектеліп қалмайды. Түрлі бағыттарда ізденіп, соның арқасында бүгінде талай шыңды бағындырып үлгерген. Нақтылап айтатын болсақ, Асылжан – «Kyzylorda Hub» алғашқы Қызылордалық бизнес инкубатор, Қызылорда өңірінің стартап жобалар мен инновациялық технологияларды дамытушы орталығының резиденті. Ол өзінің «Тарихнама» жобасымен көпшілік арасында өте жақсы танылып үлгерген.

     – Жобаның негізгі мақсаты – Сыр жастарына ғана емес, республика, әлем деңгейінде тарихты насихаттау. Жобада тек Қазақстан тарихы ғана емес, сонымен қоса әлем тарихы қамтылады. Себебі, аудиторияның сұранысына орай барлығын қамтуға тырыстық. Қазіргі таңда медиа саласы өте танымал. Адамдар кітап оқуға уақыт таппаса да, ұялы телефон арқылы ақпараттануға әуес. «Заманына қарай адамы» дегендей, «кітап оқылмайды» деп қарап отыруға болмайды. Заман адамы үшін не сұраныста, сол нәрсені жандандыру қажет. «Тарихнама» – медиа алаң. Біз жоба аясында әлеуметтік желілерде арнайы парақшалар жүргізіп, халық арасында тарихымызды насихаттаймыз, – дейді дарынды оқушы.

     Асылжанның жұмыстарымен танысу барысында біз де әлеуметтік парақшаларға тіркелдік. Шынында, жобаның тиімділігін аталған парақшаларға тіркелушілер санынан-ақ аңғаруға болады. Асылжанның айтуынша, ТікТок желісіндегі аккаунтқа бір жылдың ішінде екі жүз мыңға жуық тіркелуші тіркеліп, 50 миллионға жуық қаралым жиналған екен. Бір айта кетерлігі, жоба тек Қазақстанда емес, Орталық Азия, Еуропа, Батыс Еуропа мемлекеттерін қызықтырып, сұраныс артуда. Тіпті Түркия елінен бірлесіп жұмыс жасауға ұсыныс та түскен екен. «Алдағы уақытта халықаралық деңгейде бейнеконтент жасау ойда бар» дейді жас талапкер. Жобаның негізгі мақсаты – қысқа дерек пен фото, видео арқылы көп мағлұмат беру. Ал негізгі дереккөз – тарихи кітаптар мен еңбектер.

     Асылжанның бұл бір ғана қыры. «Жігітке жеті өнер де аз» дегенді талапты өренге қарап айтуымызға толық негіз бар. Мектеп өмірінен бөлек, қоғамдық іс-шаралар мен түрлі сайыстарда бақ сынап жүрген ол қай бағытта жұмыс жасаса да үлкен жетістікке жетіп келеді. Ол ең алдымен Асылжанның мұқияттылығы мен қай іске де үлкен ынтамен, жауапкершілікпен, тиянақтылықпен кірісетіндігінен. Асылжан Абдуллаев тарих пәнінен түрлі деңгейдегі ғылыми жобаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді. Сонымен қоса «Қазақстан балалары – шексіз әлемде» балалар киносы бойынша республикалық фестивалінің облыстық кезең жеңімпазы. Осы ретте айта кету керек. Асылжан «Orda studio» студиясымен бірлесе жұмыс жасап, әлемдік деңгейдегі мультфильмдерді қазақшаға аударады.

     Тек мектептің ғана емес, аудан, облыстың мақтанышына айналып үлгерген дарынды оқушы инновациялық идеялар фестивалінің «Контент және медиа» секциясы бойынша жоба қорғап 300 000 теңге жеңіп алса, «Digital Almaty – 2023» халықаралық цифрлық форумында өзінің «Тарихнама» жобасын таныс­тырып, «Тик Токтың» Батыс Европа «Head of Global Business Solutions» директоры Анастасия Панинамен кездесу мәртебесіне ие болған. Сондай-ақ «Enactus Kazakhstan» студенттер мен оқушылар арасындағы халықаралық жарысында жүлделі II орынды жеңіп алғаны және бар. «ЖасStar» халықаралық фестиваліне қатысып, «Маралсай» демалыс орнына бес күндік демалысқа жолдама ұтып алған жан-жақты талапкер облыстық «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауында «Media» бағыты бойынша жеңімпаз атанып, үш жүз мың теңге сыйақы алған. Жас түлек «Іnnofest Qyzylorda» облыстық инновациялық жобалар фестивалінде де жүлделі орын мен қомақты қаржылай сыйақыға ие болған. Айта кетейік, Асылжан Абдуллаев аудан әкімінің «Өрлеу» жастар сыйлығының ІТ саласы бойынша жеңімпазы атанды. Бұл да бір үлкен жетістік.

      Жеті қырлы бір сырлы дарынды жаспен білім ордасы мен ата-анасы ғана емес, түгел аудан, тіпті облыс мақтанады. «Бүгінгі өскелең ұрпақ нағыз білімді, жан-жақты дамыған, бірнеше тілді меңгерген, өз елін сүйетін, ұлтжанды азамат болуы тиіс». Иә, солай болуы шартты да.

Тағы да оқыңыз: