Kyzylorda-news.kz  Анаға тағзым орталығының базасында жасанды интеллектті алғаш рет қазақша сөйлеткен қызылордалық оқушы Асылжан Абдуллаевпен кездесу өтті. 

Жиында жас технократ ақпараттық технологиялар саласындағы жетістіктері мен жобаларын таныстырды. Сонымен қатар, кездесу барысында IT саладағы алғашқы қадамы, алғашқы тәжірибесімен бөлісті. Қатысқан оқушылар үшін тың деректер мен мотивацияға толы жиын болды.

Айта кетейік, Асылжан Абдуллаев «QazaqGPT» жобасын іске қосып, жасанды интеллектіні қазақша сөйлетті. Бұйрық берсең, сурет салады, дыбыстама жасайды. Бағдарламаға 300 мыңнан астам сөз бен 220 миллиардқа жуық ақпар енгізген. Бүгінде қолданушылар саны артуда. Бұдан бөлек, «KazHydroTech» жобасын қолға алуда. Бұл жоба аймақтағы су ресурстарын басқару мен ауыл шаруашылығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

– Жыл сайын су жетіспеушілігі Орта Азияда геосаяси және геоэкологиялық мәселелерді туындатады. Барлығы судың тапшылығына әкелетін үлкен нонсенс. Проблеманы шешу мақсатында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында жаңа AI жасауға кірістік. ЖИ орнатылған датчиктер судың мөлшері мен құрамына қарай мониторинг жүргізу арқылы 92% суды үнемдейді, – деді Асылжан Абдуллаев.

Жобада Израиль тәжірибесінен алынған тамшылатып суару әдісі қолданылады. Бұл тәсіл өсімдіктерді қажетті ылғалмен қамтамасыз ету арқылы суды пайдалануды оңтайландырады. Жасанды интеллект қосылған сенсорлар топырақ пен атмосфера жағдайын бақылайды, арнайы орнатылған параметрлерге сүйеніп жиналған деректер арқылы тиімді суару уақыты мен көлемі туралы шешім қабылдайды.

Сонымен қатар технология тұрғысынан «KazHydroTech» жобасы ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы мен қоршаған ортаны қорғауда маңызды қадам.

Ал келесі жобасы бойынша медиа кеңістікте танымал. «Тарихнама» атты  медиа алаңға бағытталған жобасы да сәтті жүзеге асуда. 

− Жастар тағылымға толы бірнеше томдық кітап, документалды фильм, жәдігерлерге толы музейді аралауға уақыт таппайды. Себебі қарбалас. Алайда Instagram, Telegram, TikTok секілді платформалар атағын жоғалтпақ емес. «Тарихнаманы» да осы әлеуметтік желілерді пайдалану арқылы жүзеге асырып, көптеген жастың қазақ тарихына қызығушылығын оята алдым. Оған дәлел, 1 жылда TikTok желісіндегі аккаунттағы контентті 50 млн-ға жуық көрермен тамашалады. Тарихқа қатысты құнды деректі қарауға ұмтылыс артып, 163 мың жазылушы жиналды.

Қызығы, жоба тек Қазақстан емес, Орталық Азия, Еуропа және Батыс Еуропа мемлекеттерін қызықтыра алды. Сонымен қатар Түркия мемлекетінен бірлесіп жұмыс істеуге ұсыныс түсуде. Алдағы уақытта халықаралық деңгейде бейнеконтент жасау ойда бар. Бұл – жоба жеткен бірегей жетістік. Әрбір азамат тарихты білуге міндетті. Сол міндетімді мүдірмей атқарудамын деген үміттемін. оба ұтымды болу үшін зерттеу жұмысын жүргізіп отырдым. Яғни, «қандай мәлімет қызық, оны қалай ұсынуға болады?» және «қандай әлеуметтік желі ұтымды?» деп, сауалдарға жауап іздедім. Жүйелі нәтижеге жету үшін ғалымдар пікірін саралау да тиімді.

Жалпы, ғалымдар қысқа ақпарат есте тез сақталады деген тоқтамға келген. Сонымен қатар, адамның жады сөзге қарағанда суреттегі ақпаратты жылдам есте сақтауға бейім. Сол себепті TikTok желісінде кез келген тарихи мәліметті арнайы оқиғаға қатысты суретпен тоғыстырып, қысқаша ақпарат беремін. Жобаның басты мақсаты да сапалы түрде аз уақытты қамтитын ақпарат көзін ұсыну екенін ескерсек, дұрыс жолдамыз деп ойлаймын. Тәжірибе мен кеңес алға жетелейді. «Тарихнама» жобасының жоспарын құру барысында әртүрлі ізденіске бардым. Дәстүрлі білім көзімен қатар заманауи ресурстарды да пайдалануға мүмкіндік туды. Яғни тарихи-ғылыми сайттарды қарап, электронды дереккөздерге түбегейлі зерттеу жұмысын жүргіздім. Сонымен қатар мектептен алған жүйелі білім пайдаға асты, − деді өнертапқыш.

Келесі жобаларының бірі – «SAYGAQ AI». Бұл – жасанды интеллектінің көмегімен өрт сөндіруші роботтарды қашықтан басқаруға бейімделген стартап жоба. Мұны жасаған мектеп оқушылары Гафур Шайхы мен Асылжан Абдуллаев. Қазір жоба mvp сатысында. Яғни прототипі бар. Жобаны дамыту үшін оқушылар Idea Battle инкубациялық бағдарламасына қатысқан. Семинарлар арқылы білікті мамандардан тәжірибе жинап, финалға өткен. Олар тынымсыз еңбектің нәтижесінде стартап жобалар байқауында I орын иеленді. Стартаперлердің айтуынша, алдағы уақытта инкубациялық және акселерациялық жобаларға қатысуды жоспарлауда.

«NeoNomad» командасымен бірге Түркістанда өткен «Recodetau» республикалық хакатонға қатысып, I орын иеленіп, Үндістан мемлекетінде 10 күндік тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды.

ReDabyl – су тасқыны секілді табиғи апат кезінде жұмыс істеуге арналған мониторинг және алдын ала болжаудың кешенді жүйесі. Жобаның міндеті – сенсорлар өзен арналарының бойында орналасқан су деңгейін және қосымша параметрлерді үздіксіз бақылайды.

– Су тасқыны шекті мәннен асқан жағдайда сенсорлар автоматты түрде жауапты органдарға дабыл қағып, ақпарат жібереді. Осылайша мамандандырылған ұжымды қажет нысанға жіберу арқылы жұмыс күшін азайтуға көмектеседі. Біздің зерттеуіміз бойынша, осы секілді цифрланған кешенді жүйе Қазақстан аумағында жоқ және ашық түрде ақпараттың базасы мен анализін бере алмайды. Ал біз пайдаланған сервер мен телефонға дабыл жіберу ашық түрде болады, – деді команда мүшесі.

Сондай-ақ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторының ұйымдастыруымен өткен «Idea Battle» стартап жобалар байқауында жаңа жобасымен топ жарды.

Байқаудың мақсаты − стартаптарды қолдау, ел ішінде стартап мәдениетін насихаттау және Қазақстан аймақтарындағы цифрландыруды дамытуда үздік IT идеяларды анықтау.

Қатысуға облыс бойынша 43 жоба тіркелді. IT идеяларды жетілдіру үшін қатысушыларға «Стартап негіздері», «Lean Canvas», «Pitching» тақырыбында білікті мамандар шеберлік сабақтарын өтті. 

Бағдарлама аясында 13 жоба оффлайн, 8 жоба онлайн форматта іріктеу кезеңінде бақ сынады. Ал финалдық кезеңде қазылар алқасына 8 жоба таныстырылды. Нәтижесінде «SAIGAQ AI» жобасы жүлделі І орын иеленді. «Easier together» 2-орын, ал «Talk gloves» жобасы 3-орын иеленді. Жеңімпаздарға 500 000 мың теңге жүлде қоры үлестірілді.

Байқау барысында «Grand Master» бағдарламалау мектебінің директоры Алмат Қуанышбаев,  бизнес-тренер Наталья Мишукова мен Бағдат Қадыров төрелік етті.

Жуырда мектеп оқушылары арасында өткен республикалық  чемпионатта 16 жастағы Асылжан Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім грантын иеленді. 

 

Қорлан САРЫ
Фото:Өңірлік Коммуникациялар Қызметі

Тағы да оқыңыз: