Kyzylorda-news.kz Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен А.С. Пушкин атындағы орталық кітапханада Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында мектеп оқушылары арасында «Жас кітапсүйер – 2026» қалалық байқауы ұйымдастырылды.
Байқаудың басты мақсаты – оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, көркем әдебиетті насихаттау, мәнерлеп оқу шеберлігін дамыту және жас ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастыру.
Білім мен өнер сынға түскен байқауға қаланың 6 мектебінен 6-сыныптың 18 оқушысы қатысып, бақ сынады. Байқау екі кезең бойынша өткізілді.
І кезең – «Біз оқимыз!»
«Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны аясында қатысушылар ұсынылған әдеби шығармалардан үзінді оқып, өздері оқыған кітаптарын таныстырды. Оқушылар шығарманың мазмұнын ашып, алған әсерлерімен және ой-толғаныстарымен бөлісті.
ІІ кезең – «Біз Отанды жырлаймыз!»
Бұл кезеңде қатысушылар Отанға, туған жерге және тәуелсіздікке арналған патриоттық өлеңдерді мәнерлеп оқып, өздерінің сахналық шеберліктері мен көркем сөз оқу қабілеттерін көрсетті.
Байқауға әділ төрелік еткен қазылар алқасының құрамында Қоғам ТВ телеарнасының шеф-редакторы Құлтанова Баян Рахатқызы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, талантты ақын, көптеген танымал әндердің авторы Ақжол Түменбай және Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Кітап қорын толықтыру» бөлімінің әдіскері Жаманаева Айгүл Дарбасқызы болды.
Байқау қорытындысы бойынша үздік өнер көрсеткен қатысушылар төмендегідей жүлделі орындарға ие болды:
Бас жүлде – Абылайхан атындағы №140 қазақ орта мектебінің 6-сынып оқушылары;
І орын – И.В. Панфилов атындағы №5 мектеп-лицейінің 6 «Б» сынып оқушылары;
ІІ орын – А. Байтұрсынов атындағы №211 мектеп-гимназиясының 6 «Ә» сынып оқушылары;
ІІІ орын – Ә. Тыныбаев атындағы №11 мектеп-лицейінің 6 «А» сынып оқушылары.
Арнайы номинациялар:
«Үздік әдеби талдау» – Қ. Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясының 6 «Д» сынып оқушылары;
«Тапқыр оқырман» – Б. Ермекбаев атындағы №271 орта мектебінің 6 «Б» сынып оқушылары.
Байқау жеңімпаздары арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
«Жас кітапсүйер» байқауы – жас ұрпақтың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттырып, білімге құштарлығын оятатын, сөз өнері мен оқырмандық мәдениетті қалыптастыратын тағылымды алаң.
