Kyzylorda-news.kz Ақпараттық технологиялар саласы белсенді дамуда. Бүгінде IT бағыты үздіксіз жаңа жұмыс орындарын ашатын саланың біріне айналды. Мемлекет басшысы ақпан айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында елімізде ІТ саланы серпінді дамытуға бағытталған жобалардың қолданысын кеңейтуді тапсырған болатын. Бұл бағытта облыста көптеген игі істер атқарылуда. Қызылорда да ІТ саласын қолдауға үлкен басымдық берілген. Өңірде дәл осы саламен айналысамын деген жастарға мол мүмкіндік қарастырылған. Жыл өткен сайын салаға қызығушылық танытатын оқушылар мен студенттердің саны артып келеді. Олардың тың жобасы оң нәтижесін көрсетуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторының жетекшісі Тубекбаев Жанарыс Алтынбекұлы мәлімдеді. Сонымен қатар мамыр айындағы іс-шаралар легіне тоқталды.
– Мамыр айындағы іс-шаралардың біріне тоқталсам. Қызылорда облысының тұрғындары арасында «KyzylordaHack» облыстық білім технологияларының хакатоны өтеді. Өту мерзімі – 3 мамыр. Жеңімпаздарға 500 000 теңге және 1 оқу гранты табысталады, – деді Жанарыс Алтынбекұлы.
Kyzylorda Hub бизнес инкубаторының резиденті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті Урикбаев Саят Қанатұлы Елордада өткен республикалық конференция туралы баяндады.
– 4-5 сәуір күні Назарбаев Университетінде «Sustainability Living Lab» бағдарламасының конференциясы өтті. Конференцияға республика бойынша 12 университеттің студенттері қатысып, бағдарлама аясында іске асқан инновациялық экологиялық жобаларын таныстырды. Конференцияның алғашқы күні қатысушылар баяндамаларын ұсынып, гидропоникалық қондырғы жасау бойынша шеберлік сағатына қатыстық. Сондай-ақ жасыл жобалардың көрмесі ұйымдастырылып, қатысушылар қайта өңделген материалдардан күн панельдерін, жасыл шатырларды, гравитациялық генераторларды, биологиялық ыдырайтын каппа-карраген пленкаларын, су қоймаларынан пластмасса ұстайтын құрылғыларды жасау әдістерін көрсетті. Көрмеге келушілер түрлі экологиялық бастамаларды көріп, студенттердің атқарған жұмыстарымен танысуға мүмкіндік алды. Бұл жыл сайынғы конференция университет қауымдастықтарының тұрақты шешімдерін қолдап, оларды нақты жобаларға айналдыратын SLL бағдарламасына бағытталған.Бұл шараны Тұрақты даму офисі, «National Conservation Initiative»корпоративті қоры мен «Шеврон» компаниясы ұйымдастырды, – деді Саят Қанатұлы.
Айта кетейік, Сыр елінің қара шаңырағы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студентті Темірлан Абжанов пен Саят Урикбаев Өткен жылы «Сhevron» компаниясы ұйымдастырған «Sustainability Living Lab» жобалар сайысында 2 млн 600 мың теңге грант жеңіп алған болатын. Экологиялық инновациялық 2 жоба бүгінде жүзеге асуда.
− «Smart Bench» жобасы − университетіміздің бас оқу ғимаратының алдына күн панельдері орнатылған смарт орындықтар қоюға бағытталған жоба. Негізгі мақсаты − кампус ландшафтарын өзгерту, экологиялық мәселелерді тұрақты шешіммен қамтамасыз ету, университетіміздің инфрақұрылымының дамуына үлес қосу. Жалпы айтқанда күн сәулесінен қуат алатын «ақылды» орындық. Ол әдеттегі орындықтардан зарядтау станциясы ретінде жұмыс істейтін кіріктірілген күн панелімен ерекшеленеді. Олардың көмегімен бір уақытта бірнеше телефонды қуаттауға болады, − деді жас стартапер.
Сырбойылық жастардың келесі жетістігі – Үндістан мемлекетіне 10 күндік тағылымдамаға жолдама ұтып алды. Бұл туралы «NeoNomad» командасының мүшесі Раушан Тұрғанбай айтты.
Түркістанда өткен республикалық байқауда студенттер мен оқушылардан құралған команда «ReDabyl» жобасын ұсынған.
– Бұл су тасқыны секілді табиғи апат кезінде жұмыс істеуге арналған мониторинг және алдын ала болжау кешенді жүйесі. Жобаның міндеті – сенсорлар нақты уақыт режимінде өзен арналарының бойында орналасқан су деңгейін және басқа параметрлерді үздіксіз бақылайды. Су тасқынын көрсететін шекті мәннен асқан кезде сенсорлар автоматты түрде жауапты органдарға дабыл туралы ақпаратты жібереді. Осылайша мамандандырылған бригадаларды дәл қажет жерге жіберу арқылы жұмыс күшін азайтуға және автоматизациялауға көмектеседі. Біздің зерттеуіміз бойынша, мұндай цифрланған комплексті жүйе Қазақстан аумағында жоқ және ашық түрде ақпараттың базасы мен анализін бере алмайды. Ал біз пайдаланған сервер мен телефонға дабыл жіберу ашық түрде болады. Жобаның идеясы хакатон ережесі бойынша берілген тақырыптарды көргеннен кейін туындады. Екі күн ішінде жүйенің аппараттық бөлігін, веб сайт пен бизнес анализін жасап үлгердік, – деді Раушан Тұрғанбай.
Фото: facebook.com/rskkzo