Kyzylorda-news.kz  Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде жыл сайын жас ғалымдардың ғылыми ізденістерін қолдау мақсатында гранттар тағайындалады. Биыл гранттың жалпы сомасы 30 млн теңгеге артып, 20 жоба жеңімпаз атанды.

Байқауға университет бойынша 27 жоба ұсынылып, оның ішінде 20 жас ғалымның жобасы үздік деп танылды. Конкурс талабына сәйкес, 40 жасқа дейінгі ғалымдар мен 1,2 курс докторанттары зерттеу жұмыстарын ұсынды.

Бұл жас ғалымдардың ғылыми – зерттеу жұмыстары мен инновациялық жобаларын қолдауға бағытталған. Сонымен қатар, университеттің ғылыми әлеуетін арттырып, өңірлік және республикалық деңгейде жаңашыл зерттеулерді жүзеге асыруға мүмкіндік.

Университетте 40 жасқа дейінгі жас ғалымдарға 2021 жылдан бастап ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін  арнайы грант бөлініп келеді. Бүгінге дейін 53 жобаға жалпы көлемі 80 млн теңге қаржылай қолдау көрсетілді.

Сонымен қатар, оқу орнында 2021 жылдан бері ғылым бойынша жалпы табыс 8 есеге өсті. Бұдан бөлек, профессор-оқытушылар құрамының индекстелген журналдарда мақала жариялау белсенділігі жыл сайын артып келеді. Нақты айтқанда, 2025 жылы Scopus деректер базасында 83 ғылыми мақала, Web of Science деректер базасында 37 ғылыми мақала жарияланды. Университет ғылыми зерттеулердің нәтижелерін жариялау үшін 8 ғылыми журнал шығарады.

Айта кетейік, 2021 жылы – 4, 2022 жылы 6, 2023 жылы – 8, 2024 жылы - 15 жоба авторы университеттің грантын иеленді. Жас ғалымдарға арналған конкурс дәстүрлі түрде 4 жылдан бері жалғасын тауып келеді.

Тағы да оқыңыз: