Kyzylorda-news.kz. Жаңақорғандық өрендер Дубайдан сүйінші жаңалықпен келді. Оқушылар арасында өткен ментальді арифметикадан Халықаралық олимпиададан біздің жеткіншектер олжалы оралды. “Озат” оқу орталығынан барған математиктер бір алтын, екі күмісті қоржынға салып, қазақ елінің абыройын асырып қайтты. Жүлдегерлерді жерлестері күтіп алып, қошемет көрсетті.
Халықаралық Олимпиаданың алауы бұл жолы Араб елінде желбіреді. Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Словакия және жергілікті оқушылар арифметикадан өзара бақ сынап, озықтарды анықтады. Бұл сынға біздің ауданнан үш оқушы қатысты. Олар алдымен облыстық, республикалық байқаулардан оза шауып, жолдама жеңіп алды. Көп ұзамай Дубайға бет алды. Бірнеше күнге созылған сында үш математигіміз де тұғыр биігінен көрінді.
«Әрине, өзге елде өтіп жатқаннан кейін қобалжу болды. Дегенмен, қазақ елінің сенімін арқалап келген соң жеңіспен оралу керек деген мақсат тұрды. Әуелі ата-аналарымызға, мектептегі және оқу орталығындағы ұстаздарға үлкен алғыс айтамыз. Бұйырса, бұдан да биіктен көрінеміз деген үміт бар», – деді чемпион Алихан Батырбек.
Алихан №163 мектептің оқушысы, ал, қос күмісті иеленген Бекзат Пірназар мен Саида Алихан №169 Н.Илялетдинов атындағы білім ошағының тәрбиеленушілері. Жеңімпаздарды аудан әкімінің орынбасары Бектас Нұрдинов, аудан әкімінің әйелдер ісі, отбасы гендерлік саясат жөніндегі кеңесшісі Роза Исаева бастаған бір топ ұстаздар мен оқушылар арнайы күтіп алып ізгі тілегін білдірді.
Жалпы, ментальді арифметика деген не? Ментальді арифметика 4-14 жас аралығындағы балалардың зияткерлік қабілетін дамытуға арналған, ойша есеп жүйесіне негізделген бағдарлама. Негізінен, оның тарихы тереңде, ежелгі Қытайдағы абакус есептеу құрылғысының пайда болуымен тығыз байланысты. Бұл сала мамандарының айтуынша, балалардың ұсақ моторикасын дамытып, миының екі жақ жарты шарының үйлесімді дамуына әсер етеді. Сонымен қатар баланың зейіні мен фотографиялық есте сақтау қабілеті артып, шығармашылық ойлау, байқампаздық, өз-өзіне сенімділік, нақтылық, жылдамдық пайда болады.
«Үш оқушы да біздің орталықтың үйірме қатысушылары. Орталықтың жұмыс жасап келе жатқанына 6 жылға жуық уақыт өтті. Осы жылдар ішінде қаншама баланы біліммен сусындатып, байқауларға қатыстырып келеміз. Олар пәндік олимпиадаларға жиі қатысып, олжалы оралуда. Әсіресе, ағылшын, орыс тілінен еркін сөйлеп, математикадан толайым табыстарға жетіп жүрміз. Қазір орталықта 100-ге жуық оқушы бар, олар 9 түрлі бағытта білім алады. Ұзартылған топ, көркем жазу, жылдам оқу, математика, ментальді арифметика, ағылшын және орыс тілі, ерте жастан дамыту курсы, логопеддефектолог сынды үйірмелер жұмыс жасауда. Бұл жеке мектеп емес, үйірме үйі, көп ата-аналар осыдан шатасады. Жоспар көп, ең бастысы, балалардың зейінін ашып, оқу үлгерімін жақсарту біздің мақсатында жұмыс жасаудамыз», – дейді орталық директоры Айдана Ақәділқызы.
Болашақ – білімді жастың қолында. Білімімен, әрі өнерімен көзге түсіп жүрген кішкентай бүлдіршін атаулы байқауға қатысқан Асан Айгерім Талғатқызының да өз айтары бар. Жастайынан зеректігімен ұстаздарының көзіне түскен оқушы математика пәнінен алғырлығын танытып, облыстық, аудандық сайыстарда жүлделі белестерді бағындырып жүр. Халықаралық олимпиадада ментальды арифметикадан жүлделі орынды иеленіп, мерейі өсті. Ол аудандағы «Зейін» бастауыш мектебінің 4 сынып оқушысы.
Бұл сөзімізді Айгерімнің ұстазы Әлия Сейдуалиева қолдай кетті:
«Айгерім өте зерек шәкірт. Математика тіліне деген қызығушылығы басым. Үйреткен жаңа сабақты тез ұғып, өз бетінше сөздіктерді жаттап, сөйлемдерді құрастырып отырады. Әр баланың өзіне тән ерекше қасиеті болады. Жаңартылған білім бойынша сабақ беріп келе жатырмын. Өзінің білімге, есепке ынтасы өте жоғары», – дейді ұстазы.
Әлі ойын жасындағы бала болса да Айгерімнің білімге деген құштарлығы басым, болашағына қойған мақсаты айқын. Бос уақытында есеп шығарып, түрлі кітап оқып, ағылшын және орыс тілін меңгеруді алға қойған оқушының арманы асқақ. Айтар ойы мығым.
«Ата-анам әрдайым білімдінің болашағы жарқын деп айтып отырады. Мен де болашақта білімді, білікті маман болуды армандаймын. Арманым болашақта білікті, өз ісімнің нағыз маманы болғым келеді», – дейді дарынды оқушы.
Болашағын баянды етуді мақсат тұтқан балауса қыздың талпынысы қатарластарына үлгі-өнеге екені даусыз. Ол білімін шыңдауда білім додаларына да жиі қатысып отырады. Осы талабынан жаңылмаса Айгерім Талғатқызын әлбетте биіктен көреріміз анық, «Талаптыға нұр жауар», – дегендей жас талапкерге болашақта алар асуы биік, жолы ашық болуына тілекшіміз. ХХІ ғасыр білім ғылымның, озық техниканың алтын дәуірі. Алдағы уақытта осындай талантты жастардың дарынын шыңдап, білімін жетілдіре түсу міндеті тұр. Сонда ғана өркендеудің биік белесіне көтерілеріміз анық.
Бұл орталық туралы біз білеміз, 2017 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Жетістіктері де бір төбе. Бүгінгі жүлдегер үш оқушының ұстазы Лаура Нұрымбетова: “Бұл оқушылардың ең ірі жетістіктерінің бірі. Бұйырса, биылға меже биік. Оқушылар мұнымен тоқтап қалмайды. Жеңімпаз оқушылардың ата-аналарына алғысымыз шексіз. Осындай зерек бала тәрбиелеп жатқандарына ризашылығымызды білдіреміз» – деп жылы тілегін жеткізді.
Айта кететіні, егер балаңызды оқу орталығына бергіңіз келсе еш кедергі жоқ. Оқу ақысы да қалтаға қонымды. Бәрінен бұрын баланың сөйлеу, ойлау және жазу қабылетінің артуына ұжым жұмыс жасайды. Міне, 2023 жылы Дубайдан жеткен дүбірлі жаңалықтың басы осы болды. Алда әлі шет ел асатын оқушылар жетерлік. Ол уақыттың еншісінде.