Kyzylorda-news.kz Жас өреннің өркениет биігіне өрлеуі үшін сапалы білім керегі айдан анық. Бұл мақсатта том-том кітапта толған теорияның емес, тақырыпқа сай тәжірибе жүргізу мен практиканың да маңызы зор. Әлбетте, мұндайда мектептің заман талабына сай жабдықталғаны ләзім. Оқушының ынтасы мен ықыласын білімге бұру үшін қабілетін танып, зейінін зерделеген дұрыс. Сайып келгенде, кіл талантты мен дарындының кіндік қаны ауылда тамады. Демек шалғай орналасқан аудан мен ауыл мектебіне тиісті деңгейде көңіл бөлу толымды істің айғағы. Осы ретте Жаңақорған жағымды жаңалығымен қуантты. Жабдықталған тірек мектебіне ата-ана мен оқушы да дән риза. Біз де қуанышты күннің куәгері болып қайттық.

Аудандағы №286 мектеп Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры, Назарбев зияткерлік мектептері мен «Қазақстан халқына» қоры қолдауымен 26 жаңа негізгі пәндік және 10 қосымша білім беруге арналған кабинетімен жаңартылды. Бұл нағыз мүмкіндік мекені іспетті. Баланың бейіміне қарай түрлі техника орнатылған. Яғни, STEM-лабораториялар, робототехника мен арнайы арт-студия, киностудия да бар. Ал, қолға түсе бермейтін кітаптар мен жаза мазмұндағы шетел аудармалары жайлы әңгіме бөлек.
Жалпы мектепте 535 оқушы білім алуда. Сондай-ақ, 42 педагог бар. Әрбір мұғалім біліктілік санатынан өткен.

Бала жанының бағбанына айналған ұстаздар қауымы да тың тәсілмен сабақ беруде. Физика және химия пәніндегі эксперименттік жұмыстар соған дәлел. Оқушының шеберлігін шыңдап, ой-ақылын нығайта түсетін тиімді тетік деуге әбден болады. Әсте, оқушының қағиданы қаперде сақтап, ережені ескеруі екіталай. Сондықтан тақырыпты түйсіну үшін теорияны практикамен ұштастыру пайдалы.

– Физика пәнінің кабинетіне жабдықтарды тапсырыс беруге қатыстым. Енді мектеп бағдарламасына енген барлық тәжірибелерді жасауға мүмкіндігіміз бар. Мәселен, Roqed панельдер мен Энштейн лабораториясымен математикалық маятник тербелісі мен формуласын іс-жүзінде көрсете аламыз. Бұл – бір ғана мысал. Яғни, балаларға түсіндіруіміз де жеңілдеді, оқушылар да жылдам қағып алады, – дейді Ақмарал Садырқызы.

Кейде миды тынықтырып, сананы серпілтудің де оң әсері бар. Өйткені оқуға деген құлшыныс төмендеп, зер салуда зерігу пайда болуы бек мүмкін. Осы орайда шығармашылыққа көп көңіл бөлінгендігі қуантты. Яғни қолөнер, сурет, музыка шығармашылығымен еркін айналысуға мұрсат та, мүмкіндік те қарастырылған. Үйірмеден үйренері көп оқушылар өз әлемінде жүргендей сезілді. Аса тиянақты салынған бейне, жасалған құмыра, аспаптармен ойналған орындау соны аңғартты.
– Қыш құмыра жасағанды ұнататыным рас. Ауданда құмыра жасайтын орталық болмаған соң, қалаға барғым келіп жүрген. Мектебімізде осындай жағдай жасалып, құмыраға арналған құрылғы келгеніне қуаныштымын. Бүгінде үш құмыра жасап үлгердім. Негізі мұғалім мамандығын таңдаймын. Бірақ қыш құмыраны екінші кәсіп ретінде қатар алып жүру ойымда бар, – деді 11-сынып оқушысы Жібек Келдіғұлова.

– Мектеп жанынан құрылған «Балбырауын» домбыра үйірмесінің жұмысы жандануда. Өскелең ұрпақтың өнерін қолдап, үйірме ісіне өң берген мектеп басшылығының үлесі зор. Бүгінде үйірмеде 10-15 жас аралығындағы балалар қатысуда. Сондай-ақ, жоба аясында үйірме 12 домбыра аспабымен қамтамасыз етілді. Балаларға «Балбырауын», «Халық», «Тепеңкөк», «Келіншек» күйі үйретілді. Бұл көрсетілген қолдаудың нәтижесі деп білемін, – деді үйірме жетекшісі Гүлжан Шерубаева.

Сонымен, мектептің материалдық-техникалық базасын жаңартуға қолдау көрсеткен «Қазақстан халқына» қоры. Кемел келешектің кепілі мен кілті білімде болғандықтан игі істердің басы-қасында жүр.

– «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы білім беру кеңестігі мен үдерісіне жаңа әдістерді әкеліп, ауыл баласының жоғары деңгейде білім алып, біліктілігін қалыптастыруға бағытталған. Былтыр Аралдағы мектепті жаңарттық. Жаңақорған – Қызылорда облысындағы екінші тұрағымыз. Жосалы ауылында да жақын арада толыққанды тірек мектебі пайда болады», – деді Лаззат Шыңғысбаева.

Сайып келгенде, балаға білім беретін мұғалімнің де білікті болуы маңызды. Бүгінде сабақ берудің жоспары мен тәсілі түрліше қалыптасқан. Заман ағымына сай бәрін игеру үшін оқуға барып, білімін жетілдіру артық етпейді. Мұндайда «мұғалім үздіксіз ізденіп, жетіліп отырғанда ғана мұғалім» деген қанатты сөз қапысыз ойға оралады. Аталмыш қор да мұғалімнің жаңа бағдарламамен оқуын бірінші орынға қойған. Бұл жөнінде Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының жетекшісі Данияр Тоқтарбаев баяндады.

– Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы – білім сапасын арттырып, қала мен ауыл мектебінің алшақтығын азайтуға негіз. 2019 жылы жобаға Ақмола және Шығыс Қазақстан облысынан 5 мектеп алынды. Жұмыс барысында оң өзгеріс барын, мектеп жақсы нәтиже көрсетіп жатқанын түсіндік. Үш жылдың ішінде мектептердегі оқу сапасы жалпы алғанда 10-12 пайызға артты. Сөйтіп «Қазақстан Халқына» қорымен бірлесіп, мұны жалпыұлттық жобаға айналдырдық. Серіктестеріміздің қолдауымен әр мектепке шамамен 250 млн теңге қаржы бөлінуде. Бұл қаражатқа мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылады. AITAS холдингі жобаның операциялық, мұғалімдерді оқытуға кеткен, тренерлердің жолға кететін шығынын өтейді. «Назарбаев Зияткерлік Мектептері» мұғалімдерді оқытып, қайта даярлауда қолдау білдіреді, – деді ол.

Демек, жоба аясында арнайы курстар өткізілмек. Жаңарқорған мектебі алдағы 3 жыл көлемінде Назарбаев зияткерлік мектептерімен тығыз жұмыс жасайды. НЗМ педагогикалық шеберлік орталығы ауыл ұстаздарына арнап арнайы оқыту бағдарламасын өткізеді. Сондай-ақ, жыл сайын мектепте білім деңгейінің мониторингі жүргізілмек.
 

Тағы да оқыңыз: