Kyzylorda-news.kz Білім беру жүйесінің негізгі мақсаты – шығармашыл, белсенді, интеллектісі жоғары, білімді және кәсіби сауатты жастарды қалыптастыру. Осы мақсатта Жаңақорған ауданы бойынша білім бөлімінің ұйымдастыруымен “Жас ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеуде мектеп пен отбасының ынтымақтастығы” тақырыбында Құттықожа ауылындағы №164 орта мектебінде облыстық семинар өтті.
Халық тәрбиесі – ғасырлар бойы сараланып сан сыннан өткен, сол халықтың ой-арманымен, тіршілік тынысымен, шаруашылық кәсібімен, ұлттық тәлім-тәрбие дәстүрімен тығыз байланыста туып, өсіп-өркендеп, дамып және ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жеткен тарихи және мәдени мұрасы. Әр халықтың ұрпақ тәрбиелеудегі сан ғасырларға созылған өзіндік тарихын ұмыт қалдырмай ұрпақ санасына сіңіру бүгінгі күннің басты талабы. Осы мақсатта ұйымдастырылған семинарға облыстық «Тәрбие, спорт және қосымша білім беру» орталығының директоры Фархат Досаев аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Есенбаев Бекжан Шахизатұлы жылы лебіздерін білдіріп, өскелең ұрпақты қазақы мінезбен, ұлттық құндылықпен тәрбиелеу әрбір ұстаздың басты ұстанымы болуы тиіс. Бүгінгі жаһандану үрдісі жүріп жатқан жағдайда ұлттық мүдде, ұлттық тәрбие, ұлттық рухты сақтап қалу – үлкен міндет екенін атап өтті.
Семинардың мақсаты – оқушы тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды насихаттау барысында өзекті негіздері, тілі мен діні, тарихы мен салт-дәстүріне, рухани мәдениетке тәрбиелей отырып, ұлттық рухының кемелденуіне бағдар беру, тәжірибе алмасуды негіз етіп алыпты.
Семинарда аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Нұргүл Аширова, аудандық білім бөлімінің әдіскері Жанна Нұрмұхамбетова мен мектеп директорының міндетін атқарушы Меруерт Камалова сөз алды.
– Мұғалімдер – үнемі ізденіс үстінде болатын, жаңашылдыққа жаны құмар жандар. Әлемде білім саласында көптеген жаңалықтар орын алып жатыр. Біздің ұстаздарымыз да осындай жаңалықтан құр қалмай, өзара тәжірибе алмасып, тынбай еңбек етуде. Өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіруде мектептің алар орны ерекше. Бұл ретте, балалардың жеке басының қалыптасуы мен дамуы сол бағытта педагогтардың түрлі тәсілдерді қолдана білу сауаттылығына байланысты екені даусыз. Осындай ауқымды басқосулар жаңа заман баласының бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіре отырып, еліміздің патриот жастарын тәрбиелеуге даңғыл жол ашады деп есептеймін, – деп ұстаздарға орайы келгенде ойындағысын жеткізді.
Семинарға мектеп директорларының оқу ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты. Семинар жұмысы критериалды бағалау жүйесін практикада қолдана білу дағдыларының қалыптасуына ықпал жасау, әрі оқыту сапасын жақсарту үшін критериалды бағалау жүргізудің маңыздылығын ұғындыру, тиімділігін көрсетуді негіз етіп алыпты.
Семинардың барысы мектептің білікті маманы, қолөнер шебері Ә.Айдаровтың шығармашылығынан жасалған көрмеден бастау алды. Одан бөлек, «Аналар» клубының ұйымдастыруымен семинар қатысушылары мектеп тарихы мен қалыптасқан дәстүрлер туралы терең түсінік алды. «Мектеп жұмысы мен оқушы жетістігі – мектептің бейнесі» тақырыбындағы көрмемен таныстырылым мектептің екінші қабатында жалғасын тапты. Көрмеге жиынтық бағалау кестелері, модерация хаттамалары, пән мұғалімдері жасаған жиынтық бағалау жұмыстары, формативті бағалаудың әртүрлі әдістері қойылды.
«Көңілі көтеріңкі ұстаздың еңбегі де жемісті» тақырыбында Бүрлібаева Балжан тренинг өткізсе, Данембаева Гүлназ «Критериалды бағалау – сапалы білім өлшемі» тақырыбында коучинг ұйымдастырылып, қатысушыларды төрт топқа бөлінді. Бөлінген топтар семинар жұмысында «Түбір мен қосымшаның жазылуы. 40-43 жаттығулар» тақырыбында қазақ тілі пәнінен Дүйсенбаева Ақмарал Әбдіғаппарқызы, «Денелердің электрленуі, электр заряды, өткізгіштер мен диэлектриктер» тақырыбында физика пәнінен Әкімбаев Бауыржан Әбдіқадырұлы, «Бүйрек және зәр шығару жүйесінің аурулары. Зәр шығару жүйесінің гигиенасы» тақырыбында биология пәнінен Қаржауова Нәзипа Сенбекқызы, «Тарихи сауаттылыққа негізделген критериалды бағалау» тақырыбында тарих пәнінен Ереханова Зейнеш Төреханқызы ҰБТ-ға байланысты кірістірілген сабақтарын өткізді.
Соңында тарих пәні үйірмесінің жетекшісі А.Әбсаттарованың ұйымдастыруымен «Жусан иісі» шығармасынан театрландырылған қойылымды үйірме мүшелері сахналады. Семинар барысында мұғалімдер әрбір сабаққа кері байланыс жасап, өз пікірлерін айтып отырды. Тәжірибелі ұстаздардың осындай семинар өткізуі жас мамандар үшін таптырмас асыл қазына болмақ. Себебі, өздері ұстаздық қызметін жаңадан бастап жатқан жас ұстаздарымыз осындай семинарларға қатысу арқылы қашықтықтан оқыту кезінде абдырап қалмай, білікті мамандардың тәжірибесіне сүйеніп, білім көшін қиналмай алға жылжытуына мүмкіндік туады.
Ұстаздар басқосуының негізгі міндеті – мұғалімдердің құзіреттілігін арттырып, оқушылардың мүмкіндігін кеңейту негіз болып отыр. Оқу жылында тәрбие үдерісінде ерекше қолға алынып жатқан бағыттардың бірі – ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтарының жұмысының ұйымдастырылуы.
Семинар барысында мектепте "Ата-аналарды педагогикалық қолдау" сыныбын облыстық тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығының директоры Фархад Лиясұлы мен аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Аллаберген Сахымбекұлы салтанатты түрде ашып, ізгі тілектерін білдірді.
Семинардың қоржыны бастауыш сынып бірлестігі ұйымдастырған "Ата дәстүрі – асыл қазына" атты даналық мектебінің көрінісімен толықты десек қателеспейміз. Одан әрі "Ата-аналарды педагогикалық қолдау" орталығының "Сен жанбасаң лапылдап" тақырыбында Құрбаназарова Дариға, "Балаға үйрету: ақылыңды мейірімге орап бер" тақырыбында Кеңесқызы Жайдар, "Атадан өсиет – анадан қасиет" тақырыбында Әшімбекова Нұргүл ұстаздардың өткізген сабақтарымен жалғасты. Сонымен қатар, оқушыларға ұлттық құндылықтар негізіндетәрбие беруді көздейтін жобалар бойынша "Айтыс - қазақтың төл өнері" тақырыбында Жетпісова Гүлмира, "Асық ойыны ұрпаққа аманат" тақырыбында Ермаханова Гүлназ, "Отбасылық дәстүрлер" тақырыбында Утжанова Жазира жүргізген сынып сағаттары шараның шырайын аша түсті.
Қорытынды кезеңінде семинарға қатысушылар ойпікірлерін ортаға салды әрі мектептің "Таңшолпан" театры әннен шашу шашып, оқушылар мың бұрала билеп, «Көлеңке» театры ерекше қойылымды ұсынып, «Үкілі домбыра» ансамблі күмбірлеген күйлерімен шараның көркін келтіріп, оқушылардың жан-жақты, өнерлі қырларын көрсете білді.
Бүгінгі мектеп партасындағы әрбір бала – ертеңгі болашақтың иесі. Сондықтан алдымызда отырған оқушыларға алғашқы күннен бастап-ақ сапалы білім, саналы тәрбие беріп, білімнің нәрлі қайнарымен сусындату үшін ұстаздар қауымы педагогикалық шеберліктің, тәжірибенің негіздерін дұрыс қолдана білуі тиіс. Оқушылардың шығармашылық бағытын жанжақты дамыту әрі ұлттық құндылық дәнін себу – бүгінгі күннің басты талабы екенін атаулы семинарда жан-жақты талқылады.
Қорытынды кезеңінде семинарға қатысушылар жылы лебіздерін білдіріп, ойпікірлерін ортаға салды. Бүгінгі мектеп партасындағы әрбір бала – ертеңгі болашақтың иесі. Сондықтан алдымызда отырған оқушыларға алғашқы күннен бастап-ақ сапалы білім, саналы тәрбие беріп, білімнің нәрлі қайнарымен сусындату үшін ұстаздар қауымы педагогикалық шеберліктің, тәжірибенің негіздерін дұрыс қолдана білуі тиіс. Оқушылардың шығармашылық бағытын жанжақты дамыту – бүгінгі күннің басты талабы.