Kyzylorda-news.kz. Жаңақорған аудандық балалармен мәдени-тәрбиелік жұмыстар орталығының ұйымдастыруымен  «Zhanakorgan Robotics-2023» атты аудандық робототехника чемпионаты өтті. Оған аудандағы 12 мектептен 50-ден астам ізденімпаз қатысты.

«Ордакент» ардагерлер және жастар ресурстық орталығында өткен шараны ашқан сала басшысының орынбасары Мейірхан Оспанов:

«Ауданда робототехниканы дамыту бағдарламасы жолға қойылып, 15 мектепте робототехника сыныбы ашылды. Бүгінде тағы 15 мектепте жасақталуда. Оқушының робо-тотехникаға байланысты жинаған ілімін тексеріп отыратын сайыстар қажет-ақ. Бұл – оқушының инновацияға, роботтехникаға деген қызығушылығын арттырып, тәжірибе алмасатын алаң болады», – деді.

Орталық директоры Әлімжан Ержанов робототехника сайысының ауданда тұңғыш рет өткізіліп отырғанын, оның мақсаты – жасөспірімдер арасында инженерлік-техникалық есептерді іс жүзінде шеше білу және техникамен жұмыс жасау дағдыларын дамыту, оқушылардың инновация мен жоғары технологиялар саласына деген қызығушылығын арттыру, робототехниканы дамытушы білім беру ұйымдарын және робототехникаға қызығушылығы бар тәлімгерлерге қолдау көрсету екенін айтты.

Аудандық чемпионаттың төрешісі Дастан Қадиров «Қазроботикс» білім беру және спорттық робототехникасының Қазақстандық Федерациясы республикалық қоғамдық бірлестігі ережесімен өткізілетінін түсіндірді. Яғни робсумо сайысында бағдарламаланған роботтар қара сызықпен сызылған шеңбердің ішінде 3 кезең бойынша бір-бірін итеріп, сыртқа шығаруы тиіс. Екіншісі, «Сызық бойымен жарыс» санатындағы роботтар жарысы.
Жарыстың негізгі бөлігінде ата-аналар, ұстаздар, оқушылар бір-бір роботқа жанкүйер болды.

– Әттең, бағдарламасын дұрыс бермепті.

– Жоқ-а, бәрі дұрыс. Тек салмағы аздау екен.

– Міне, осылай. Төңкер-төңкер.

– Қап, сәттілік жетіспеді.

Осы іспеттес пікірді қолдағандардың дауысы әр жерден естіледі.

Дәл сумо секілді.Диаметрі 25×25, салмағы бір келіден аспайтын роботтар айқасы қызықты өрбіді. Үш раундтан тұратын робосумо бойынша №125 мектептің 8 сынып оқушысы Мейіржан Нұрдәулетұлының (жетекшісі Дастан Кадиров) «Тайсон» атты роботы дара шықты. Тәрбие орталығында тәлім алатын оқушы роботын сайысқа әбден дайындапты.

Екінші орыннан №168 мектеп оқушысы Ислам Мұзаппар мен Нұрсұлтан Маматтың (жетекшісі Замира Муслимова) дайындаған роботы көрінді. Үшінші орынды Ерсұлтан Өндірбектің роботы еншіледі.

Ал «Сызық бойымен жарыс» роботтар сайысында тәрбие орталығының тәлімгерлері озық екенін көрсетті. Бірінші орын алған Заңғар Алиасқар мен Алижан Қожабайұлының роботы сызықтан мүдірмей өтті. Екінші сатыдан Мағжан Абдилла, Азамат Аблаитов көрінді. Үшінші орынды №3 мектеп-интернатының оқушысы Дәулет Мәмедалі, Өркен Өмірбайұлы (жетекшісі Қаламқас Тұрганбаева) алды.

Цифрлық әлемнің бір бөлшегіне айналған робототехника ғаламдық проблемаларды шешудің жолына айналды. Озық елдер білім беру, денсаулық сақтау, өндіріс, ауылша¬руашылығы, қызмет көрсету саласында роботтың игілігін пайдалануда. Әлемдік робототехника олимпиадасы жолға қойылды. Осы көштен лайықты орын алуда мектептерде робототехника сыныбын жасақтап, оқушылардың білімін шыңдайтын сайыстарды жолға қою керек-ақ. Ауданда алғашқылардың бірі болып №110 мектеп-лицейде ашылды. Информатика пәнінің мұғалімі Нағима Шәдібекова лицей сыныптарға робототехниканың қыр-сырын үйретіп жатқаны, тәлім алатын 200-ге тарта оқушының роботқа қызығушылығы жоғары екенін сөз етті.

Роботтар сайысына ауыл мектептерінің оқушылары да қатысты. Кейден ауылындағы №208 мектепте информатика пәнінен сабақ беретін Айгүл Ерсінова екі оқушысын әкеліпті.

«Бүгінде 20 оқушыға робот құрастыруды үйретудемін. Сайыста жолымыз болмады. Роботты бағдарламалауды терең меңгеріп, ендігі жолы орын алатын боламыз», – деді Айгүл Ерсінова.

Айта кететіні, тұңғыш рет ұйымдастырылған сайыстың жоғары деңгейде өтуіне аудандық білім бөлімі әдіскері Әбілғазы Үйсінбаев, №195 мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Оспан Ахмедов атсалысты.

Тағы да оқыңыз: