Kyzylorda-news.kz. Бүгінгі өзекті мәселенің төрінде бала тәрбиесі тұр. Бала құқы, балалар арасындағы әлімжеттік, тіпті зорлық-зомбылық мәселесі де бар. Осы тақырып төңірегінде қаншама талқылаулар, жиындар өткізілсе де, нақты нәтиже көрінбейді. Негізі бала болған соң тентектік жасауы заңды құбылыс. Тек қиыс жолға түсіп, ұрлық жасауға арланбай, алақолдыққа ұрынса қауіптің үлкені сол. Қазір ата-анадан бөлек ұстаздар, әкімдік, құқық қорғау саласы балалар арасында осындай жағдаймен бетпе-бет келуде. Не істеу керек?
Бәріміз де бала болдық, зәуіде біреудің бақшасынан алма немесе өрік ұрлап жеуді ұлы ерлік санадық. Қазіргі балалардың пиғылы қоғамды қатты алаңдатады. Жуырда бір емес, бірнеше жағдай орын алды. Соның ішінде соңғы болған үш жасөспірімнің әрекеті жанымызға батып тұр. Жас өрендер бөтеннің мүлкіне қорықпай қол сұққан. Бұл бойынша тергеп-тексеру, әке-шешесінен сұрақ-жауап алу басталды. Осы мәселе бойынша арнайы комиссия кезекті жиынын өткізіп, ортақ проблеманы ортаға салды. Аудан әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысында бала тәртіпсіздігі сөз болды. Жиынға модераторлық жасаған аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов:
– Министрліктен келген арнайы тапсырма бойынша жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақытын тиімді пайдалануда білім беру ұйымдары жұмысты неге дұрыс үйлестірмейді? Күнтізбе қойып, күніне бір мұғалім балалармен жұмыс жасаса соңғы уақыттардағы жағдайлар орын алмайтын еді. Біз оқиға болғаннан кейін ойланып, әрекет жасаймыз. Неге осындай олқылықтың алдын алып, әрекет етпейміз. Әсіресе, мұғалімдер осы мәселеге мұқият қарау керек. Комиссияда №125 мектептегі үш баланың тәртіпсіздігіне орай шара көруге тиіс құзырлы орындар – білім бөлімі басшылығы, аталмыш мектептің директоры мен орынбасарларынан тұшымды іс-әрекет көріп отырған жоқпыз. Ол балалар не үшін ондай қылыққа барды, қандай жағдай түрткі болды? Оны зерделеп жатқан ешкім жоқ. Бұл бағытта құқық қорғау саласы неге үнсіз? Біз сонда барлық жағдай әлеуметтік желіге тарағаннан кейін әрекет жасауымыз керек пе? Бұл өте қате, баланың болашағына бей-жай қарамайық, – деп тиісті сала басшыларына ауызша қатаң ескертті.
Төраға мұндай жағдайда жиындар сол білім ошағының қабырғасында өтуі тиіс деді. Балалар мен ата-аналарды жинап, дөңгелек үстел өткізуді де ұсынды. Қандай оқиға орын алады, сол аумақта бас қосуды ескертті. Әрине, талап өте орынды.
Сол ұрлықы әрекетке барған үш баланың жанұя жағдайы зерделенді, барлығы да толыққанды отбасының балалары. Тек кейбірі¬нің әлеу¬меттік жағдайы төмен екені рас. Бұл жиынның жалғасы бала қауіпсіздігі мәселесіне арналды. Қазір аптап ыстық, балалардың суға шомылуы, кешкі мезгілдегі бей-берекет жүруі жиілейді. Бұл да жиынға өзек болатын тақырып. Қарап отырсақ, балалардың олқы тұстары бірінші кезекте тәрбиенің осалдығынан туындайтын тәрізді. Алайда, оның ортасына да мән берген әлдеқайда абзалырақ. 6-7 оқитын бүгінгі балалардың ойлау қабілеті өзгерек болады. Сондықтан бұл екі-үш тараптың ғана емес, жоғары биліктен бастап, барша саланың көтерер жүгі болып тұр.
Бір сәт айналаға зер салып қарасақ, жайдары жаз келісімен балалардың көңілі шаттанып, қаладағы оқушы ауылға, ауылдағылар қалаға қыдыруды аңсайды. Көпшілігі балалық шақтың көңілді сәттерін қуанышқа толтыратын жазғы лагерьлерде демалуды қалайтыны да рас. Осы тұста ата-аналар да балалардың бос уақытын тиімді өткізу маңыздылығын алға тартады. Биыл ауданда балалар мен жасөспірімдерді сауықтыру жұмыстарын ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен 11 млн 700 мың қаржы қаралған.Аудандық білім бөлімінің мәліметінше, жазғы лагерь барысында балалар¬дың қауіпсіздігі мен сауықтырылуына барынша көңіл бөлінеді.
– Биыл аудан оқушыларының жазғы лагерьде демалуына 25 мың жолдама беріледі. Яғни, алдағы уақытта 468 оқушы жазғы тынығу лагеріне барады. Оған мемлекеттен 11 млн 700 мың теңгені құрайтын қаржы қаралғалы отыр. Заңға сәйкес, мемлекеттік сатып алу арқылы аудандағы «Тау самалы» мен «Талдысу» лагерьлері басты орынға шығады деген ойдамыз. Өйткені, осы екі лагерьдің құны бізге тиімді. Мәселен, Көкшетау немесе Шымкент сияқты қаладағы лагерьлердің құны өте қымбат. Бізге әр балаға жобамен 25 мыңдық жолдаманы сатып алу тиімді. Ал, басқа өңірлерге бұл қаржыға барып-келу мүмкін емес, – дейді аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің әдіскері Мира Жандарбекова.
Маманның сөзінше, жаз айларында аудан оқушылары Жаз-2023, міндетті оқу қоры, кәсіподақ пен демеушілердің, ата-ананың қолдауымен өзге облыстардағы легерьде демалуы мүмкін.Жазғы лагерьде балалардың бос уақытын тиімді өткізу үшін дебаттық және аула клубтарында үйірмелер, спорттық секциялар, ұйымдастырылады.Ал, жеке мектептерден ашылған ақылы лагерьлерге баласын апару әр ата-ананың өзінің еркінде.
Мәселен, ауданда алғаш рет «START» интеллектуалдық жазғы лагері 6-маусымнан бастап өз жұмысын бастағалы тұр. Балалар «Сана» жеке мектебінің ғимаратында тынығады. Бұл лагерьдің өзгелерден артықшылығы – баланың интеллектісін дамытуға жұмыс жасайды.
– Мен баланың жан-жақты дамығанын қалаймын. Сондықтан, «Асылым» оқу орталығының жанынан баланың ой-өрісін дамытатын жазғы лагерь ашуды жөн көрдім. Бала лагерьде 15 күн бойы тілдерді үйреніп, барлық білімді ойын арқылы үйренеді. Аз қамтылған және толық емес отбасының баласын да ақысыз қабылдауды жоспарлап жатырмыз. Бастысы – бала жазғы демалысын тиімді өткізеді. Лагерьде санитарлық режим сақталып, балалар қауіпсіздігі толық қамтылады. Түскі үзілісте демалатын орындары да қарастырылған, – дейді «Асылым» оқу орталығының директоры Әйгерім Төлегенова.
Айта кетейік, барлық білім беру және спорт ұйымдарында жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар шаралар қабылданған. Мектеп жанындағы лагерьлер мен алаңдарда балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында балалармен профилактикалық сабақтар жүргізіледі.
Жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастырып, қосымша білім алуына, өлкенің тарихын білуге жағдай жасау маңызды. Осы бағытта «Тау самалы» тынығу лагерінің жұмысы жүйелі
– Бүгін үшінші ауысымның алғашқы күні. Оған дейін екі ауысымды қабылдап, шығарып салдық. Жас шамасына қарай 76 бүлдіршін тынығып келеді. Біз балаларға керемет көңіл-күй сыйлауға дайынбыз. Спорттық жарыстар, мәдени-рухани іс-шараларды көптеп ұйымдастырып, оқушылардың белсенді демалыс өткізуіне жағдай жасаймыз. Олар бекітілген кестеге сәйкес күніне бес рет тамақтанады, – дейді «Тау самалы» тынығу лагерінің директоры.
Үшінші ауысымның алғашқы күні аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы Қаратау беткейінде орналасқан «Тау самалы» лагеріне арнайы барып, балалардың жазғы демалысының бір күнін бағдарлап қайтты. Аудан әкімі балалардың жай-күйін көріп, әлеуметтік қолдауларға мән берді. Расында бұталы-ағашты және көк майса шөп көмкерілгенлагерьдің аумағында сылдырлап тау өзенінің арналары ағып жатыр. Табиғаттың тылсым сыры демалушыларға ерекше шабыт сыйлап, көңіл-күйіне оң әсер етеді.
– Балалар, сіздер бақытты ұрпақсыздар. Тәуелсіз Қазақстанның тартуын көріп келесіздер. Осы уақыт ішінде баланы болашағына, әсіресе білімге үлкен мән беріліп, өркениетті мемлекетке өрелі қаншама жастар тәрбиеленді. Міне, сіздер де бүгін лагерден қуат алып, жаңа достар тауып, өнерлі, шымыр болуға талпынып жатырсыздар. Ағай-апайларыңның айтқан ақылын тыңдап, жақсы ұл мен қыз деген абыройға дақ түсірмей, тыңғылықты тынығуларыңа тілектеспін, – деді аудан әкімі.
Ал, «Талдысу» тынығу лагерінің жайы да бір бөлек. Биыл 3 маусымнан бастап әр он күн сайын 75 баладан қабылдайды. Лагерь жеті лекпен қабылдайтытын ескерсек 525 баланың тынығуына мүмкіндігі бар. Оларға 7 тәрбиеші қызмет көрсетеді. Оқушыларды адамгершілікке, әдептілікке, зиянды әрекеттерден аулақ болуға тәрбиелеу орталықтың негізгі мақсаты. Алдағы уақытта оның барысында түрлі спорттық және мәдени шаралар ұйымдастырылып, тынығу лагеріндегі демалушылардың танымдық өрістерін кеңейтуді жүзеге асырып келеді.
– Бірінші маусымнан бастап балаларды қабылдадық. Бірінші ауысымда 172 баланы, екінші ауысымда 261 баланы, үшінші ауысымға дайындық жүріп жатыр. Тамыздың 27-не дейін балаларды қабылдауға дайынбыз, – дейді Елдос Жаңабай.
Сонымен қатар, залалсыздандыру жұмысы бойынша «Ұлттық сараптама орталығы» аудандық филиалымен және кір жуу, қоқыс тазалау жұмысы бойынша тиісті мекемелермен келісім шарт жасалды. Балалардың жазғы демалысы кезінде сапалы медициналық қызмет көрсетіледі. Аудандық орталық ауруханасынан балаларға тіс дәрігері және дәрігер-педиатр бекітілді.
Осы орайда, алғаш рет жазғы тынығу лагерінің табалдырығын аттағалы тұрған 7-сынып оқушысы Айгерім Сардарбек: «Алғашқы рет барғалы тұрған жазғы тынығу лагерінде демалысымды тиімді пайдалануға тырысамын. Көптеген достар тауып, спорттық, интеллектуалды, мәдени, танымдық бағытта танысқан достарыммен уақытты қызықты өткіземін деп ойлаймын», – деді.
Ал, жыл сайын келуді әдетке айналдырған балалар да аз емес. Өйткені, тынығу орталығы шынымен де балаларға жақсы көңіл күй сыйлап, ерекше серпіліп қайтатындарын тілге тиек етті.
– Мен мұнда бірнеше рет келгенмін. Биыл тағы да жолым түскеніне өте қуаныштымын. Лагерьдің ұнайтыны таза ауамен тыныстап, самал желмен серпіліп қайтамын. Әрі, жаңа достар тауып, ортам кеңейеді. Сондықтан, ұстаздарыма айтар алғысым шексіз, – деді Жазира Каримова.
Бала дегенде әр ата-ананың талабы күшті. Кім болса да өз баласының саналы да салиқалы ержеткенін қалайды. Бұл жолда баланың бос уақытын сапалы өткізіп, смартфонның боғауынан босату өте маңызды. Ал, үш ай жазға созылатын демалыста жазғы лагерьлердің таптырмас көмекші екені анық. Олай болса, балалардың жайдары жазды көңілді өткізуіне тілектеспіз...
Иә, біз бала тәртіп бұзса, өзіне ұрысып, ата-анасына әкімшілік іспен айыппұл салуға дайын тұрамыз. Баламен әке-шешенің көзінше сөйлесіп, себеп-салдарын сұрамаймыз. Кінәлі ана мен әке және мұғалім. Ал, қоғам ше? Мүмкін бала сол нәрсеге мұқтаж шығар, жан-жақты түсіндіріп, басынан сыйпаса ол бала түзелер. Осындайда баланы жазасыз тәрбиелеудің өнегелі үлгісін көрсетіп кеткен ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с)- ның оқиғасы еріксіз еске түседі.
Бірде бір кісі бақшасында өсіп тұрған құрмасына тас лақтырған баланы пайғамбарымызға алып келді. Құрма иесі шағымын айтып, қабағы қатулы күйде баланы қалай жазалау қажеттігін сұрайды. Сонда Алла елшісі жайдары жүзбен, күлімдеген кейіпте: «Балапаным, құрма ағашына неге тас лақтырдың?» деп сұрайды. Сонда әлгі бала: «Қарным қатты ашты. Құрма жегім келді» деп жауап береді. Мұхаммед (с.ғ.с) балаға: «Жерге түскенін жей ғой, бірақ енді құрмаларға тас лақтырма, жарай ма?» деді. Содан кейін баланың басынан сипап, оған былай деп дұға жасады: «Уа, Алла тағалам! Бұл баланың қарнын тойдыра гөр!» деп.
Біз бұл оқиғадан өмірлік сабақ алаумыз қажет. Біріншіден ол жұмсақтықты көрсетеді, бала ата-анасынан жылулық сезінбейінше, оның бойында мейірім-махаббат оянбайды. Осы ретте Ардақты пайғамбарымыз балаға «балапаным» деп тіл қату арқылы оның жүрегіне жылулық сыйлай білді.Екіншіден мәселенің мәнін сұрау болып табылады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) жылы сөзбен не үшін құрма ағашына тиіскенін біліп, мәселенің анық-қанығына көз жеткізуге тырысып, баланы тыңдай білді. Үшіншіден, ол балаға тура жол көрсетуді мақсат етті. Хақ елшісі (с.ғ.с):«Жерге түскенін жей ғой, бірақ енді құрмаларға тас лақтырма, жарай ма?» деді. Міне, осы мысалдан сабақ ала білсек, баланың қате-кемшілігін бетіне басу – орынсыз, себебі бала өз қателігін өзі түсініп, көз жеткізуі дұрыс. Соңғысы, балаға дұға жасау. Себебі қайырлы ұрпақты пайғамбарлар да Жаратушыдан сұраған: «Бала бер, бала берсең сана бер, сана бермесең ала бер» деген қанатты сөз – қайырлы ұрпақ тілеуден туған ниет дұға іспеттес.Ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с) осы оқиғасы әрбір ата-ана үшін ғана емес, қазіргі қоғам үшін де үлгі боларлықтай.
Баланың тәрбиесі бәрінен маңызды. Оған кінәлілерді іздеп сарылып, қайта-қайта зерделеу жасау да аса маңызға ие емес. Осы ретте хәкім Абайдың: «Баланың жақсы болмағы бірінші – ата-анасынан, екінші – ұстазынан, үшінші – құрбысынан», – дегенін ескерсек, еркін ойлы, білімді де тәрбиелі, бәсекеге қабілетті ұрпақ өсіруде аталған үш негіздің маңыздылығын көреміз. Ендеше, ұрпағымызға ең жақсы тәлім-тәрбие беруге тырысайық.
Сөздің түйіні, бала қашанда балалығын жасайды, бұзық қадамға барады, тәрсіпсіздік танытады. Бірақ, ұрлық жасауы ұсақ түйк нәрсе емес. Кәмелетке жақындаған бала болса бір жөн, 5 сыныптан бастап барымташылыққа барған баланың болашағы не болады. Мұның жауабы да, шешімі де бар. Тек қоғам тиянақты тірлік етуі керек. Қалғанын уақыт көрсетеді.