Kyzylorda-news.kz AMANAT партиясының облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмахановтың қатысуымен партияның облыстық филиалы жанындағы «Білім және Денсаулық сақтау мәселелері» жөніндегі аймақтық кеңестің отырысы өтті.
Жиынның күн тәртібінде оқу жылына дайындық және білім беру ұйымдарында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін жағдай жасау мәселелері талқыланды.
Жалпы өңірде 339 мектеп жұмыс жасайды. Олардың 300-і мемлекеттік, 39-ы жекеменшік білім ордалары. Оларда 2025 - 2026 оқу жылында 1 - 11 сыныпта 189 288 оқушы білім алуда. Олардың 17 665-і алғаш мектеп табалдырығын аттағандар. Өткен оқу жылымен салыстырғанда оқушылар саны 4364 балаға артқан.
Оқушылардың сапалы білім алуы үшін 1,9 млрд тг қаржы бөлініп, мектептер оқулық, оқу-әдістемелік кешендермен толық қамтамасыз етілген. Жыл басынан облыс бойынша 2,4 млрд. теңгеге 9 мектеп күрделі жөндеуден, 56 мектепке 1,6 млрд. теңгеге ағымдағы жөндеу жүргізілген. Әлеуметтік осал отбасыларындағы балаларды керек - жарақтармен қамтамасыз ету бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 25.01.2008 ж. №64 қаулысына сәйкес жалпы білім беру ұйымдарда 5 категория бойынша 46 228 теңгеден 40 470 бала қаржылай көмекпен қамтамасыз етілген.
Жиын барысында облыстық білім басқармасының «Мектепке дейінгі орта білім беру» бөлімінің басшысы Нұрлан Даулеталиев ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін жасалып жатқан жұмыстарды атап өтті.
«Білім беру ұйымдарында психологиялық - педагогикалық қолдау қызметі жұмыс жасайды. Жаңа оқу жоспарында негізгі басымдық баланың танымдық қабілеттерін дамытуға беріледі. Бұған ойлау, есте сақтау, зейін, қабылдау және зерттеушілік дағдыларды жетілдіруге бағытталған тапсырмалар мен сабақ түрлері енгізіледі. Әр оқушыға оқу жоспары негізінде жеке дамыту бағдарламасы әзірленеді. Бұл бағдарламада тек пәндік білім ғана емес, сонымен қатар баланың танымдық, коммуникативтік және әлеуметтік дағдыларын дамыту көзделеді», дейді Нұрлан Даулеталиев.
Жиын барысында кеңес мүшелері бөлім басшысына сауалдарын қойып, жұмысты жетілдіруге қатысты ұсыныс пікірлерін білдірді. Көтерілген ұсыныстар хаттамаланып, жұмыс бабында қолдауны ұсынылды.