Kyzylorda-news.kz. Уақыт жылжыған сайын адамзаттың сұранысы да құбылады. Сол секілді қазір дүниеде мамандықтар да өзгеруде, бірі жойылып, енді бірі жаңадан пайда болды. Мәселен, индустриялық бағдарламаны жүзеге асыра бастаған тұста елімізде инженерлер ең құрметті мамандық саналған. Қаржы дағдарысына дейін мұнайдың бағасы жоғары болғанда мұнай-газ саласы мен жалпы экономикаға, бизнеске бет бұрғандар көбейді. Енді индустриялық-инновациялық бағдарламалар жайлағанда технологияның тілін меңгергендерге зәру болдық. Бірақ бұл салада білікті мамандарымыз көп дей алмаймыз. Мәселеге бойласақ, «жастарды қай бағытта оқытқан жөн?» деген сауалға ұрынамыз.
Еңбек нарығындағы елеусіз құбылыс
Жалпы елде еңбек нарығын зерттеуші сарапшылар кейінгі жылдары қашықтан басқаратын техникалық оператор, ақпараттық технолог, өнеркәсіп саласының мамандарына сұраныс артқанын айтып жүр. Қазір жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің технологиясы мен оны құрастыру, тау-кен ісі, жылу энергетикасы саласының мамандарына қажеттілік күн санап артуда. Мысалы, кейінгі 5 жылда IT мамандарға сұраныс екі есе өскен. Соған қарамастан еңбек нарығында кадр тапшылығы бар. Не десеңіз де келешекте технологиялық мамандықтарға сұраныс еселене түспек. Сөзіміз дәйексіз болмасын, мәселен, 2019 жылы Қазақстанда болашақта ең сұранысқа ие болатын 100 мамандықтың тізімі жасалды. Тізімді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік бағдарламалар мен кадрлық қажеттілікті болжау негізінде құраған. Сондағы 100 мамандықтың 57-сі тікелей технологиялық салаға қатысты.
Енді таяуда Еңбек ресурстарын дамыту орталығы баяндамасын жариялады. Көз жүгіртсек, жабдық операторлары, коллекторлар, пошташылар мен курьерлер, полиграфия қызметкерлері, буып-түюшілер, дәнекерлеуші сияқты орташа деңгейдегі мамандықтар көп ұзамай жойылуы мүмкін екен. Қазір цифрландыру экономикаға етене араласып, оның құрылымын, әсіресе еңбек нарығын құбылта бастады. Цифрландырудың жұмыспен қамтуға, кәсіптер санына, адами капиталға және еңбек өнімділігіне әсерін талдау маңызды. Мысалы, біраз сарапшылар адамдарды роботтармен және жасанды интеллектпен алмастырудың ақыры технологиялық жұмыссыздыққа әкелуі мүмкін деп алаңдайды. «Технологиялық жұмыссыздық» дегеніміз – өткен ғасырдан бері келе жатқан жаңа технологиялардың пайда болуымен сипатталатын жұмыссыздық түрі. Әсіресе қоғам жасанды интеллекттің дамуына ілесе алмай жатқанын көріп отырмыз.
Бұл жерде қаншама технология жаңартылып жатса да, алмастыра алмайтын мамандық түрлері де айтылады. Санатта балабақша тәрбиешілері, мектеп мұғалімдері, топ-менеджерлер, заңгерлер, зерттеуші-талдаушылар бар. Бірақ экономикада мұндай жұмыс түрлерімен қамтылғандар үлесі шамамен 7,5 пайызды ғана құрайды.
Баяндама авторлары кей мамандықтардың жойылу процесі алдағы онжылдықта басталатынын айтқан. Қазір көптеген кәсіп түрін толық болмаса да жартылай автоматтандыруға мүмкіндік артты. Дегенмен жойылған саланың орнын басқа да жұмыстар алмастыра алады. Мәселен, бір зауытты толық автоматтандырып тастаған күннің өзінде роботтарды басқарып, бағдар беретін келесі бір салалар шығады. Дегенмен Қазақстанның жағдайында жаңа технологиялардың ықпалынан сескену негізсіз сияқты. Өйткені дамушы елдер цифрландыруға толық дайын емес. Сондықтан дамыған және дамушы елдер тұрғысынан оның таралу қарқыны әртүрлі болмақ. Жақын арада еліміз толыққанды технологиялық өзгеріске ұшырап, қарқынды автоматтандырудан өтуі екіталай.
Экономиканың күрделілік индексі бойынша Қазақстан 133 елдің ішінде 81-орында, яғни, құны арзан өндірістің жоғары үлесін көрсетеді. Шикізат секторының жоғары үлесі басқа секторлардың қысқаруына және олардағы өнімділіктің төмендеуіне әкелді. Елімізде біліктілігі орташа және төмен қызметкерлерге сұраныс бола береді. Цифрландыру, ең алдымен, орта білікті қызметкерлерге әсер етуі мүмкін екенін ескерсек, дамыған елдермен салыстырғанда кешігіп келсе де, жұмыс күшінің көп бөлігі сұранысқа ие болмай қалу үрдісі бізге де жетуі мүмкін.
Екінші жағынан, шикізат бағытына бет бұру Қазақстанды дамыған елдерден алыстатып тұр. Бюджеттің Ұлттық қорға түсетін түсімдерге үлкен тәуелділігіне байланысты экономикамыз жиі теңселеді. Мұндай жағдай Қазақстанда жаңа технологияларды енгізу ісіне әсер етіп, оларды одан әрі кейінге қалдырады. EduNavigator жобасына жетекшілік еткен Ғизат Маханов та технологиялық салаларға сұраныс артқанын растап отыр. Дегенмен жоғарыда айтқанымыздай, салалардың түбегейлі өзгеруіне себеп жоқ.
Елде технарлар көбейгені даусыз. Соңғы 5-10 жылдықта диджитализация жақсы дамыды. Бұрынғы мен қазіргінің айырмасы жер мен көктей, яғни, күнделікті қажеттіліктің бәрінде, банк қызметі, құжаттарды онлайн рәсімдеу, білім алу, такси шақыру, тапсырыс беру секілді дүниелер айтарлықтай жеңілдеді. Бұл – бір жағы. Қазір көлік құрастыру тәрізді салалар да дамып жатыр, мамандарға сұраныс көп. Ауыл шаруашылығын алып қарасақ, ол жерге де биотехнология, химия мамандары қажет. Қазақстанда 1990-2000 жылдары гуманитарлық мамандықтарға сұраныс өте көп болды. Енді өндірістің қарқын алуына байланысты технарлар алға шықты. Қарапайым бір мысал, терең ғылымды қажет ететін ғимараттар салуда архитекторлар тапшы. Амалсыз шетелден әкеледі. Жалпы, Қазақстан технологиялық дамуын бағалар болсақ, әлемде ең алдыңғы қатарда болмаса да, соңында емес. Биология, химия, өндіріс салалары да алға ілгерілеп келеді. Әйтеуір бір орында тұрмағанымыз анық, – дейді сарапшы.
Айтпақшы, 2022 жылы Ғылым және жоғары білім министрлігі техникалық мамандықтарға грант санын арттырды. Оған дейін жыл сайын 60 мыңға жуық гранттың 40 пайызы техникалық мамандықтарға бейімделген еді. Енді техникалық мамандықтар үлесі 60 пайызға жетті. Демек, педагогика, IT және техникалық бағыттағы білім салаларына грант көбірек бөлінеді.
Жұмыссыздық һәм жасанды интеллект
Кейде жастар өз саласы бойынша білім алып, оқуды аяқтаған соң басқа салада қызмет етіп не жеке кәсіпке ден қояды, яғни, жүздеген грант бөліп, жастар оқыған кейбір мамандық шындығында еңбек нарығында сұранысы жоқ, елеусіз сала болуы мүмкін. Бұндайда кез келген жоғары оқу орны еңбек нарығын болжап, сараптап отырғаны абзал. Қандай өзгерістер болып жатқанын, білім алған шәкірттер кейін жұмыссыз қалмауын ескергені жөн. Оқу бағдарламалары сұранысқа сай дайындалуы тиіс. Бірақ елімізде көп оқу орны бұл іспен ден қойып, айналыспайтын тәрізді.
Жаңа технологияларды сөз етеміз-ау, онсыз да елде жұмыссыздар үлесі аз емес. Пандемиядан кейін бұл бағытта оң өзгеріс болған жоқ. 2021 жылы 451,3 мың адам жұмыссыз болса, былтыр 452,6 мың адамды құраған. Екі жыл бойы шамалас деңгейден аспай, өзгеріссіз тұрған сандар.
Адамзат жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізу жолында аянбай жатыр. Қазір адам өмірін жеңілдетіп, тиімділікті арттыру үшін автоматизация, роботизация, жасанды интеллект тәрізді үрдістер таралды. Адам атқаратын кез келген қызметті роботтар жасай алады деген дәме бар. Тіпті, жасанды интеллект арқылы роботтарға мақала жаздыруға мүмкіндік туды. Үй жинап, балаға күтуші болған роботтар, ақылды техникалар ғылымның тенденциясына айналды. Мейлі 20 жыл, бәлкім 40 жыл дейік, бұл үрдістер елімізге жетсе, жұмыссыздар қатары расымен көбейе бере ме? Оның алғышартын байқау қиын емес, Қазақстанда алпауыт кәсіпорындар бұрын бірнеше адам атқаратын жұмысты автоматтандыру арқылы оңай жүзеге асыра бастауда. 2021 жылдың соңында Атыраудағы «Теңіз» кеніші 39 мың адамды жұмыстан босатқаны бар. Өйткені ол адамдардың негізгі жоспары орындалған соң кейінгі қалыпты процестерді атқаруда қажеті жоқ.
Жаңа технологиялар адамзатқа ылғи үрей тудырады. ХХ ғасырдың басында екінші дүниежүзілік соғыстан кейін осындай үрей болды. Жасанды интеллект, роботизация басталғаннан кейін адамдар тағы да «жұмыссыздық болады, жұмысымызды алып қояды» деп алаңдап жүр. Мәселеге пессимистік көзқараспен қарасақ, кемшілік бар. Бірақ «жұмыссыздық және технология» деген дүниеде ешқандай болжаулар дәл орындалмаған. Ал реалистік тұрғыдан қарар болсақ, автоматизация, роботизация жұмыссыздық тудырмайды. Еңбек нарығы және экономика өте күрделі. Еңбек нарығында жұмыс шектеулі емес, «100 жұмыс орны бар, оның 50-ін робот алып қойса, 50 адам жұмыссыз қалады» деу жөн емес. 50-ін роботтар алып қойса, қосымша тағы 50 немесе 100 жұмыс орны пайда болады. Мысалы, бір зауыт роботты өндіріс процесіне енгізсе, сол зауыттан шыққан өнім нарықта арзан бағамен сатылады. Бұл қаржы жағынан халыққа тиімді. Артылған ақшасын ел басқа салаға, қызметке жұмсайды. Мәселен, біреудің қалтасында 5 мың теңге артылса, ол оны баласын оқытуға жұмсаса, педагогтерге сұраныс артты деген сөз, яғни, роботизация жұмыс орындарын алып қоймайды, көбейтеді, – дейді Ғизат Маханов.
АҚШ-та жасанды интеллект пен роботизация өзге елдермен салыстырғанда аз да болса көш ілгері. Бірақ соның өзінде процесс әлсіз. Бірақ Жапония мен Оңтүстік Кореяда роботизация керемет дамыды. Роботтар барлық саланы жайлаған. Дегенмен жұмыссыздық деңгейі төмен, жұмыс орындары керісінше көбейіп, мамандарға сұраныс артқан. Әйтпесе он мыңдаған қазақ баласы Оңтүстік Кореяда тектен-тек жүрген жоқ. Роботизация дамыған елде жұмыс күшіне сұраныс көп. Демек, роботизациядан қорқу – пайдасыз нәрсе.
Ал Қазақстанда роботизация өте қымбат. Оны жасау, енгізу, күрделі бизнес процестерінде қолдану қиын әрі шығыны мол. Ірі өнеркәсіптер болмаса, жаңа технологияға орта және кіші кәсіптің тісі батпайды. Сондықтан елімізде бүгін-ертең салалар мен мамандықтарға байланысты өзгерістер болатынына сену қиын.
Фото: freepik.com