Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында «Жалпыға бірдей оқыту» жобасын қайта жандандыру бойынша ортақ талқылауға арналған отырыс өтті.

Палата директорының орынбасары Дәурен Сейтжанов жүргізген жиынға мемлекеттік орган өкілдерімен қатар жергілікті тауар өндірушілер қатысты.»

«Жалпыға бірдей оқыту» жобасын қайта жандандыру «Атамекен" ҰКП тарапынан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде берген тапсырмасы бойынша («мектеп формасын сатып алуға арналған нысаналы мемлекеттік тапсырыстарды отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бағыттау қажет») бірнеше рет көтеріліп, мектеп формасын жергілікті тауар өндірушілерден сатып алу бойынша цифрлық платформасын енгізу ұсынылған болатын. Ал тауар өндірушілерде мемлекеттік тапсырыс есебінен мектеп формасын сатып алу тетігі әлі әзірленбеген.

2019-2021 жылдары Астана қаласында іске асырылған «Жалпыға бірдей оқыту» бағдарламасының пилоттық жобасының мысалында ЖТӨ-ден мектеп формасын алу бойынша оң үрдіс байқалды. 

Осы ретте, өңірімізде «Жалпыға бірдей оқыту» бағдарламасының пилоттық жобасының оң тәжірибесін жалғастыру қажет, ол өз ретінде цифрлық формат арқылы мектеп формасын сатып алу жеңіл өнеркәсіпте жаңа жұмыс орындарын құруға, елдегі сатылымның ашықтығын арттыруға, салық түсімдерін арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы, қазақстандық өндірушілердің сатылатын сапалы өнімдерінің санын арттыруға мүмкіндік береді.

Жобаның әрі қарай іске асу мүмкіндіктері бойынша арнайы облыстық білім басқармасы мен кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы өкілдері пікір білдіріп, кәсіпкерлер тиісті сұрақтарын қойды. Аталмыш отырыс алдағы уақытта жалғасын тауып, атқарылған жұмыстар талқыланатын болады.

 

Қорлан САРЫ
Фото: ult.kz

Тағы да оқыңыз: