Kyzylorda-news. Жалағаш ауданында соңғы жылдары білім саласында серпін қалыптасқанын аңғару қиын емес, бұл сөзімізді аудан түлектерінің ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары бал алып, мемлекеттік гранттар жеңіп алуы, үлкен білім бәйгелерінде, олимпиадаларда оқушыларының топ жаруы қуаттайды.  Бұл тұрғыда атқарылған жұмыстардан қалыптасқан оң нәтиже мемлекет үшін тиімді. Себебі мемлекет болашағын жастармен байланыстырса, олардың бәсекеге қабілетті болуында білім саласының маңызды рөл атқаратынын аңғару тағы да қиын емес. 

Иә, білім бар жерде өрлеу де бар, өсу де бар, жетілу мен кемелдену де толастамақ емес. Жоғарыда айтқанымыздай, білім саласына келгенде ауданда ауыз толтырып айтарлықтай, көпке мақтанарлықтай жетістік жетерлік. Жыл сайын сынама тесттің нәтижесімен, республикалық, қалаберді халықаралық білім бәйгелерінде топ жарып жүрген талапты шәкірттерімен қашанда алдыңғы қатардан Жалағаш ауданы көрініп келеді. Осындай қарқынмен, қабілетпен, жүйелі жұмыс, жан-жақты ізденіс толастамаса, бұл саланың кенжелеп қалмайтыны анық. 

Ауданның жыл қорытындысымен облыстағы білім беру орындарының ішінен озық шығып, үздік атануы да тегін емес. Біздің ауданға сапарымызда жолымыз түскен Жаңадария ауылындағы №203 орта мектептің же жетістігі мол екен. Ауыл мектебінде жастарға сапалы білім берілсе, біздің мемлекет болашағы үшін жасап жатқан жұмысымыз жемісті болмақ.Алғашында бастауыш сыныптық, одан кейін сегіз жылдық, негізгі білім беретін, ал 1970 жылдан бастап орта білім беретін білім ошағы әр жыл сайын жаңалыққа қол жеткізіп жатыр екен. Мектеп қабырғасында беріректе 25 балаға арналған «Береке» шағын орталығы ашылған. Содан бері мектеп ұжымы бүгінгі күн талабына сай ел болашағын тәрбиелеу жолында мақсатты жұмыс істеп келеді. Аталған білім ошағында ғылыми жоба, олимпиадаларда жүлдегер атанғандардың үлесі өсім алыпты. Алтын ұядағы білімді жастар бірнеше рет жеңіс тұғырынан көрініп, ұстаздарының еңбегін еселей түскен. Атап айтар болсақ, осыған дейін мектептегі 10 сынып оқушысы Ұлпан Амандық облыстық «Жыл оқушысы» сайысының аудандық кезеңінде ІІІ орынды, 7 сынып оқушысы Гүлсезім Мұрынбаева «Менің отбасымдағы дәстүрлер» тақырыбындағы бейнероликтер байқауында ІІ орынды, 8 сынып оқушысы Гүлім Жанболатқызы  «Зерде» конкурсының І кезеңінің аудандық секциясында ІІІ орынды, 3 сынып оқушысы Аңсатқан Естай «Менің отбасым» аудандық сурет байқауында І орынды, 6 сынып оқушысы Нұржан Қартаңбай «Отбасы өнегесі» бейнероликтер байқауында ІІ орынды, биылғы мектеп түлегі Әбілқайыр Айтмағанбет «Театрдың ғажайып әлемі» театр өнерінің республикалық фестиваль-байқауының облыстық ке¬зеңінде «Үздік ер адам рөлі» номинациясы бойынша үздіктер қатарынан көрінген. Ал спортта жүрген ауыл балаларының жеңісті сәттері өз алдына бір бөлек. 8-11 сынып оқушылары арасында өткен қол күресте 60 келі салмақта жүлделі ІІ орынды Нұртөре Жақсыбай, Мардан Зәкір, 65 келіден жоғары салмақта жүлделі ІІ орынды Әбіш Батыржан иеленсе, Шерхан Сауранбек асық атудан аудандық жарыста үздік¬тер қатарынан көрінді.

Бұл Жаңадариядағы білім ошағының мерейін асырып жүрген оқушылардың бірнешеуі ғана. Әрине осындай жетістіктерге жету үшін оқушылармен бірге күні-түні ізденіс үстінде жүріп, олардың кішігірім жүлдесінің өзіне шын жүрегімен қуана білетін ұлы мамандық иелерінің еңбегін де елеусіз қалдыру мүмкін емес. Біз мақалаға арқау етіп отырған Ерлан Жүсіпбеков басқаратын білім ошағында түрлі бағыттағы байқауларда, білім сайыстарында жүлделі орындарды иеленіп жүрген Ғалия Ильясова, Қанат Тұрғанов, Жазира Нұрмаханова, Жарқынбек Бостанов сынды мұғалімдер бар. Бұл ұлы мамандық иелері білім бәйгелеріне шәкірт баптап қана қоймай, айтып өткеніміздей өздері де үздіктер қатарынан көрініп келеді. Сондай-ақ Әсия Тұрмаханова тәрбиелік шараларда белсенділік танытса, Бағжан Есенова өз шығармашылығын дамытуда «Үздік мұғалім – 2021» номинациясын иеленіп, мектеп директоры тарапынан алғысқа ие болды. 

Бұған дейін мұғалімнің кәсіби жетістіктері сараланып, Қалжан Бақтыбаева үздік педагогикалық идеялар фестивалі аясында «Шығармашыл толқын» номинациясы бойынша ІІІ орынды, Айнұр Мұрынбаева «Үздік бастауыш пәні мұғалімі» атанса, облыстық «Өрлеу» орталығынан да ІІ дәрежелі дипломға ие болды. Мектеп мұғалімі Шолпан Мұрынбаева «Үздік авторлық бағдарлама» байқауында І орын, Әлия Тұрмаханова «Үздік қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі», «Үздік дене шынықтыру пәні мұғалімі» байқауында мектеп мұғалімі Әуесхан Тұрғанов «Жаңашыл мұғалім» номинациясымен марапатталған. 
Мектеп ұжымы жас мамандармен толығып, бүгінде ұжымдық еңбектің нәтижесінде  білім беру ошағындағы білім сапасы артқан. Мектептегі тәрбие бағытында да жасалып жатқан жұмыстар ауқымды. Осыған дейін мектеп мұғалімдері Бағжан Есенова «Шығармашыл мұғалім», Шолпан Мұрынбаева «Жылдың үздік мұғалімі», Әсия Тұрмаханова «Сынып жетекші-көшбасшы» атанды. Ал мектеп ұжымының осы оқу жылындағы жетістігінің қатарында мектеп мұғалімі Б.Есенованың

«Құрмет» грамотасы мен «Педагогикалық идеялар панорамасы» облыстық байқауының аудандық кезеңінен алған ІІ орыны, мектеп мұғалімі Ш.Мұрынбаеваның осы байқаудың аудандық кезеңінен алған І орыны, мектеп мұғалімі А.Жұматаеваның ІІІ орыны бар. Айта кету керек, аталған алтын ұяда жыл сайынғы «мектепке жол» аясындағы қайырымдылық шарасын өткізу де дәстүрге айналған. Бұл игі істе белсенділік танытып, көмек қолын созатын демеушілердің қатарында «Айбатыр» ЖШС, «Маулен» ЖШС бар. 

«Таланттың бәрі ауылда» деген бұрыннан қалыптасқан қағида бар. Аядай ғана ауылда өсіп жатқан жастардың арманы асқақ, алға қойған мақсаттары айқын. Оны ауыл жастарымен кездесе қалсаңыз, ой-өрісі кең, ересек адамдарша сөз саптағандарынан-ақ байқайсыз. Жастардың осындай ерекше ынта-жігерінің нәтижесі болса керек, спорт, білім саласында да жеңістің дәмін татып, ауыл мерейін тасытып келеді. Ал шәкіртінің жетістігі ұстаз еңбегінің жемісі, бағаланғаны деп білеміз. Еңбегің лайықты бағаланып, оқушың үмітің ақтаса, ұстаз үшін одан асқан бақыт жоқ шығар.  Ал ұстаз бен шәкірттің бағындырған әрбір биігі сол мектептің абыройын асырады. Бүгінгі Жалағаш ауданына қарсты шалғайда орналасқан Жаңадария ауылына жасаған сапарымызға осыған көз жетті.

Тағы да оқыңыз: