Kyzylorda-news.kz. 1 маусым күні барлық білім беру ошақтарында соңғы қоңырау салтанаты өтті. Жылда 25 мамырмен аяқталатын оқу жылы биыл 31 мамырға дейін жалғасты. Жалағаш ауданы орталығындағы іргелі білім ошақтарының бірі Ш.Ермағанбетова атындағы №246 орта мектеп түлектері де биылғы соңғы қоңырау салтанатында алтын ұя мектептерімен қимай қоштасты. Қайраткер атындағы мектепте өткен салтанатты жиынға аудан әкімі Асқарбек Есжанов бастаған бірқатар бөлім басшылары мен ардагер ұстаздар қатысты.
19 түлектің қанатын қатайтып, үлкен өмірге қадам бастырған алтын ұя соңғы қоңырау салтанатына тыңғылықты дайындалған. Әдемі безен-дірулер, қазқатар тізілген, жүздері балбұл жанған бірінші сынып оқу-шылары, жарқын болашаққа талпынған түлектер және білім атты кеменің бір бөлшегі, мектептің жүрегі мұғалімдер толқыныс үстінде болды. Дегенмен «Қос тойың қабат болсын» демекші, халықаралық балаларды қорғау күнімен қатар келген соңғы қоңырау салтанатында балалар ерекше қуанышты екенін байқадық.
Қайраткер атындағы білім ошағындағы салтанатты жиын ерте басталды. Бірінші сынып, бастауышпен қоштасып жатқан оқушылар және мектеп бітіруші түлектер ұстаздарына деген алғыстарын білдіріп, өлең арнады, әннен шашу шашты. Салтанатты жиын барысында аудан әкімі Асқарбек Есжанов қос мерекемен құттықтап, түлектерге алдағы сын сағатында сәттілік тіледі.
«Адам баласының басты байлығы – бала. Сол бала үшін қуанамыз, бала үшін уайымдаймыз, баланың болашағы үшін қам жейміз. Міне, бүгінде қос тойымыз қабат келіп, екі бірдей мерекеге куә болып отырмыз. Ал бүгінгі мектеп қабырғасындағы оқушылық кезеңдері аяқталып, үлкен өмірге қанат қаққалы тұрған жас түлектерге артылар сенім мол. Олардың әрбірінің ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары ұпай жинап, ата-анасының үмітін, ұстаздарының сенімін ақтауын тілейміз. Өйткені ҰБТ – осы уақытқа дейінгі жылдар бойғы алған білімнің сыналатын, сол арқылы ұстаздар қауымы еңбегінің ақталатын сәті. Жалпы, ауданның білім саласы көштен қалыс емес. Жыл сайын жоғары дәрежеден көрініп, ҰБТ-дан ойдағыдай көрсеткішке қол жеткізіп келеміз. Оның бәрі – ұстаздардың қажырлы еңбегі мен түлектер талабының арқасы. Енді биылғы ұлттық сынамадан да әр түлек сүрінбей өтіп, ұстаздарының еңбегін ақтап, аудан мерейін асырады деп сенеміз. Сіздердің алдағы өмірлеріңізге сәттілік тілей отырып, жарқын болашаққа қадам баса беріңіздер демекпіз», – деді аудан басшысы.
Расымен жалағаштық түлектер ұлттық бірыңғай тестілеуде жыл сайын абыройымызды арттырып, мерейімізді асырып келеді. Жыл сайын ҰБТ қорытындысымен алдыңғы қатардан көрініп жүрген ауданымыз білімді, бәсекеге қабілетті жастарды түлетуде көпке үлгі боларлықтай. Ал биылғы оқу жылында 356 бітірушінің 333-і ҰБТ-ға қатысады. «Алтын белгіге» 17 және «Үздік аттестатқа» 42 бітіруші үміткер. Түлектердің алдында үлкен білім сынағы тұр. Биылғы оқу жылында да мемлекет тарапынан 11 сынып оқушыларына ұлттық бірыңғай тестілеуге екі рет қатысуға мүмкіндік беріліп отыр. Ал біз табан тіреген Ш.Ермағанбетова атындағы №246 орта мектепте 400 оқушы білім алса, оның 19-ы – мектеп түлегі.
Мұнан бөлек салтанатты шарада ардагер ұстаз Дина Мирман білім ошағының саланың дамуына үлес қосып отырғанын тілге тиек етіп, мектеп бітіруші түлектерге сәт сапар тіледі. Айта кету керек, қазіргі таңда ауданда 20 мектеп жұмыс жасайды. Ба-лаларды ыстық тамақ, киім-кешекпен қамту жайы да жолға қойылған. Жалпыға міндетті оқу қоры аясында тиісті көмек түрлерін алатын арнайы санаттағы отбасылардан шыққан 3 944 бала ыстық тамақпен қамтылуда. Оның 2045-і атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасының балалары болса, аз қамтылған отбасы балалары және 1899-ы – бастауыш сынып оқушылары.
Қосымша білім беру ұйымдары да аудандағы білім саласының қарқын алуына, оқушылардың мектеп қабырғасындағы білімін одан ары жетілдіріп, өнерге, түрлі үйірмелерге баулуға да жұмыс жасап келеді. Аудандағы 1 оқушылар үйі, 1 өнер мектебі және 2 спорт мектебінде 2 300 бала қосымша білім алуда.