Kyzylorda-news.kz Білім саласында жетістіктер аз емес. Өйткені жетістіктер алаңы болып саналатын жетекші мектептер баршылық. Алайда сол жетекші мектептердің ауыл өмірінде емес, тек қалаларда негізі қаланып, білім сапасы бойынша қаланың ауылдан көшілгері тұрғаны жасырын емес. Өйткені ауыл мектебі, оның ішіндегі білім алатын сыныбы және ондағы атмосфера, пәндік кабинеттер мен ондағы заманауи құрылғылар да үлкен рөл ойнайды. Бәрі заманауи болса, әрине оқушының да ынтасы ерекше артатыны белгілі.

Жалағаш ауданына келген қонақтардың Дәуімбай елді мекеніндегі мектеп ғимаратына көзі түсіп, қызыға қарайтынын естіп жүрміз. «Бұл қандай зәулім мектеп, осындай жаңа ғимаратта ауыл балалары білім ала ма?» деген сөздер әрине, көңіл қуантады. Сырт келбетін күнде көріп жүрген бізге де аталған зәулім ғимарат кеше ғана бой көтергендей көрінеді. Шыны керек, ғимараттың кіреберісіне аяқ басқаннан-ақ «біз оқушы болғанда мұндай мектеп болмады» деген ой пайда болады. Кіреберістегі үлкен залда ғұлама Әбу-Наср әл-Фарабидің, А.Құнанбаевтың, қазақтың тұңғыш ағар¬тушылары Ы.Алтынсарин мен А.Байтұрсыновтың, Алаш зиялыларының нақыл сөздері жазылған көрнекті жазбалар, мектеп тарихымен танысуға арналған арнайы бұрыш, бәрі-бәрі жайлы білім алуға бағытталған.

Мақаламызға арқау болған Зейнолла Жарқынбаев атындағы №202 орта мектеп 2009 жылы ел игілігіне берілген. Дәл осы жылы мектеп ұжымы жаңа нысандағы жұмысын 490 оқушымен бастайды. Ал ғимарат 1100 орынға негізделген. Мектеп ғима¬раты «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша типтік жобада салынған. 

Биыл жаңа оқу жылын білім ордасы 734 оқушымен бастады. Гүлнар Бекмолдаева басқаратын ұжымда қазіргі таңда 113 мұғалім еңбек етеді. Қуантарлығы, соңғы жылдары мектепте оқушы саны айтарлықтай артқан. Мұны Дәуімбай елді мекеніндегі халық санының артуымен, үйлердің көптеп салынуымен байланыстырады. Бұрын сол маңдағы ата-аналар балаларын кент орталығындағы мектептерге оқытатын болса керек. Ал біз мұны алтын ұядағы ұстаздар берген білімнің сапасымен ұштастырдық.

Былтыр Зейнолла Жарқынбаев атындағы мектеп оқу жылын үлкен жетістікпен қорытындылады. Айта кетейік, білім ордасы ауыл мектептерінің жарқын үлгісі ретінде «PISA Халықаралық оқушы қабілетін бағалау» бағдарламасы аясында рейтингке ілінген. Жалпы былтырғы оқу жылында мектепті 31 түлек бітірген. Оның ішінде 1 оқушы «Алтын белгі», ал 2 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанған. Қуантарлығы, түлектердің барлығы қалаған оқу орындарына түсіп, студент атанған.

– Әсіресе ауылдағы мектептердің білім сапасын, деңгейін көтеру өте маңызды. Мемлекет басшысының өзі ауыл оқушыларының білім деңгейін көтеруге ерекше көңіл бөліп, оны дамыту, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтау, ауыл мұғалімдерінің құзыреттілігін арттыру бағытында жұмыс істеуді тапсырып келеді. Демек, ауыл мектебінің жағдайын түземей, білім көшін оңалта алмаймыз. Мәселен, лингафонды және мультимедиялық кабинет, интерактивті тақта, ал модификацияланған кабинеттерді біздің мектептен таба аласыз. Біз балаларға мейлінше сапалы білім беруіміз керек. Басты мақсатымыз да сол. Нәтиже жоқ емес. ҰБТ бойынша нәтижеміз жоғары, – дейді мектеп директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Жазира Тұрымбетова.

Мектеп дәлізінде үзілісте керемет көрініске тап болдық. Оқушылар үзілісте уақытын бос жоғалпай, әрі-бері шапқылап жүгірудің орнына шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойнап жатыр. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Орныққан Сапанов оқушыларға аталған ойындардың тиімді әдістерін үйретумен әлек. Дәліз қабырғасының бір жағына әдемі табиғаттың суреті бейнеленіпті. Оқушылардың айтуынша, қабырғадағы суретті мектептегі сурет үйірмесінің жетекшісі Ермек Бүркітбай мен шәкірті Ақбота Рахымбек салыпты. 

Айтпақшы, бұл мектеп өңірге спорт саласында топ жарған өрендерімен де етене таныс. Ұзақ жылдар білім саласында қажырлы еңбек еткен Орныққан Сапанов шәкірттерінің алды аймаққа белгілі аяқдоп шеберлеріне айналған. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі бүгінде мектеп қабырғасында білім алып жатқан бірқатар шәкіртіне үлкен сенім артатынын айтады.

– Мектепте «Ән», «Би», «Домбыра», «Сурет» және спорттың екі түрі бойынша тағы қос үйірме жұмыс жасайды. Ғимаратта бір емес, үш спорт зал жабдықталған. Нәтиже де жоқ емес. Қазіргі таңда аталған үйірмелердің қатысушылары түрлі дең-гейдегі жарыстардың бас бәйгесін бермей келеді. Мәселен, мектебіміздің жас спортшы өрендері «Ұлттық мектеп лигасының» аудандық, облыстық кезеңінде табысты өнер көрсетті. Ұлттық мектеп лигасының облыстық кезеңінде гандболдан мектебіміздің 5-6 сынып оқушылары II орын иеленді. Сондай-ақ 11 сынып оқушысы Балнура Қалнияз жеңіл атлетикадан ҚР чемпионатында күміс жүлдегер атанып, Азия чемпионатында қола жүлдені жеңіп алды. Гір спортынан мектептің 11 сынып оқушысы Нұрислам Орынбасар ел біріншілігінде және Азия чемпионатында қола жүлдегер атанды. Бір сөзбен айтқанда, оқушылар біліммен қатар спортты да қатар алып жүруге талпынады, – дейді дене шынықтыру пәнінің мұғалімі.

Қазіргі таңда ауыл мектептері болашақ ұлт мектебінің негізін қалаушы болып саналады. Нақты айтқанда, ұлттық білім саясатын жүзеге асыратын мекемелер екені аян. Осы орайда мектепте руханият, өнер бағыты бойынша  бірқатар үйірме жұмыс жасайды. Мәселен, «Шапағат» вокалды тобы «Жеті өнер» республикалық байқауында бас жүлде иеленіп, халықаралық кезеңде өнер көрсеткен. Мектеп оқушыларынан құралған «Дәуімбай» командасы жайдарман сайысында аудандық лиганың чемпионы атанып, облыстық жарыста I орын алған. Сондай-ақ «Ақмоншақ» би тобы «Bala fest» республикалық өнер байқауында І орын иеленген. 

Оқушылар арасында бір ғылыми бағытта немесе бір пән бойынша ерекше дарындылардың болатыны белгілі. Олардың табиғат берген ерекше қабілеті мен дарынын тани отырып, одан әрі дамуына жағдай жасап, бағыт-бағдар беру – өте жауапты іс. Әр баланың жеке қабілетін анықтай отырып, оны сол бағытта жетелеп дамыту – қоғам мен мектептің, одан соң ұстаздардың парызы. Оқушыны заманына қарай икемдеп, заманының озық өнегесін санасына сіңіріп, оларды заманауи бағытта оқыту – бүгінгі күннің басты талабы. Осы ретте аталған білім ордасы соңғы жылдары жоғары сынып оқушыларын техникалық мамандықтарға дайындап, жаратылыстану бағытында тереңдетіп оқытуды қолға алған. Себебі бүгінде жоғары сынып оқушыларының басым бөлігі жаратылыстану бағытында терең білім алғанды құп көреді екен. Атап айтқанда, физика, химия, география және биология секілді пәндерді түсініп оқуға тырасады. Сөзіме дәйек болсын деп мектептегі арнайы жабдықталған химия пәні кәбинетінде өтіп жатқан сабаққа қатыстым. Онда түлектер химия пәні мұғалімі Ақерке Қасымовамен лабораториялық зерттеу жүргізуде. Оқушылардың ең қиын пәнге деген қызығушылығы бізді таңқалдырды. 

Балалар мен жасөспірімдерді дұрыс тамақтандыру олардың денсаулығын нығайтып, дене және ой қабілетінің дамуына мүмкіндік береді, сабаққа үлгеру қабілетін арттыратыны тағы бар. Оқушыларды сапалы тамақтандыру мақсатында мектеп ас ішу блоктарын заман талабына сай құрал-жабдықтармен жабдықтаған. Жалпы білім ордасында 493 оқушы ыстық тамақпен 100 пайыз қамтылған.

Зейнолла Жарқынбаев атындағы №202 мектептің бүгінгі тынысы осындай. Ғылымның қарыштап дамыған дәуірінде оқушылардың заманға сай сапалы білім алуына бар жағдай жасауды басты миссия еткен мектеп ұжымы тек ілгері қадам жасап, жоғары нәтижеге қол жеткізуді мақсат еткен. Бір сөзбен айтқанда, білім беру сапасында мін жоқ.

Жалағаш Озық үлгідегі білім ордасы 2.jpg

Жандос ЖАЗКЕН

Тағы да оқыңыз: