Kyzylorda-news.kz Әдеттегідей тілшілік тіршілікпен апта басында Жалағаш кентінен шалғайда орналасқан Аққыр ауылындағы №188 орта мектепке аялдадық. Мектеп директорының міндетін атқарушы Гүлмира Әлімовамен білім ордасының тынысымен танысып жүріп, бастауыш сыныпта оқитын балғын бүлдіршіннің «Апай, мен өскенде сіз секілді ұстаз болып, туған жеріме қызмет еткім келеді» деген алғаусыз арманын естіп, мұндағы ұлағатты ұстаздардың шәкірттеріне қандай үлгілі жан екенін аңғардық. 

Иә, алтын ұядағы ұлағатты ұстаздардың тынымсыз еңбегі оларды жыл сайын үлкен жетістіктерге жеткізіп келеді. Гүлмира Әбдіразаққызының айтуынша, аядай ауылдағы алтын ұяда соңғы 6 жылда білім алған әр жылғы түлектердің барлығы ҰБТ-ға қатысып, 100 пайыз мемлекеттік грант иегері атанған. 

– Ауыл мектебі аудан орталығынан алыс демесеңіз, оқуышыларға білім алу үшін мұнда ешқандай кедергі жоқ. Биыл жаңа оқу жылын 157 оқушымен бастадық. Оның 15-і мектепалды даярлық тобына келсе, 21-і 1 сыныпқа қабылданды. Сондай-ақ биыл 10 оқушымыз алтын ұя мектебімен қоштасады, – дейді Г.Әлімова. 

Гүлмира Әбдіразаққызының сөзінше, мектеп ұжымы оқушыларды ҰБТ-ға тыңғылықты дайындайды. Мәселен, былтыр мектептен түлеген 9 оқушы түгел ҰБТ-ға қатысқан. Қуантарлығы, барлығы да еліміздегі маңдайалды жоғары оқу орындарында білім алуға мемлекеттік грант жеңіп алған. Сондай-ақ 2 түлек «Үздік аттестат» иегері атанған. 

Биыл түлектердің де аяқ алысы жаман емес. Олардың барлығы ҰБТ-ға қатысуға ниетті. Жаңа оқу жылы басталысымен мектепішілік сынама тесттерден жақсы нәтижеге қол жеткізіп үлгерген түлектердің 3-еуі – «Үздік аттестатқа» үміткер. Дайындықты одан әрі күшейтіп, ауылдағы алтын ұяның абыройын асқақтатуды мақсат еткен түлектердің басым бөлігі ұстаздарының жолын жалғамақ. 

Айта кетейік, мектепте 31 ұстаз жұмыс істейді. Оның 4-еуі – педагог-зерттеуші, 10-ы – педагог-сарапшы, 13-і – педагог-модератор. 

Жаңа оқу жылы басталысымен мектеп мақтанышына айналған Мұқағали Сейсенбай «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» атты аудандық сайыстың «Авиация саласындағы модельдер» бағыты бойынша І орын алып, облыстан арнайы алғыс хат иеленген. 

– Бала күнімнен робот құрастыруға, әртүрлі заттардан машина, ұшақ жасауға қызығамын. Жетекшіммен бірге ізденіп, бұл байқауға бір ай дайындалдық. Бірлесіп пенопластан пилотсыз ұшатын аппарат, яғни ұшақ жасап, оған дрон орнатып, жоғары көтерілуге бағыттадық. Алдағы уақытта жобамызды әлде де жетілдіріп, бірнеше қызмет түрін бір мезетте жасай алуын қамтамасыз етеміз деген жоспарымыз бар, – дейді жас өнертапқыш. 

Сондай-ақ мектепте арнайы «Жасыл мектеп» бұрышы жасақталған. Мұнда оқушылар гүлдер мен жеміс-жидектер, көкөністер егеді. Қазіргі таңда фиикус, шефлера, кактус, геран, роза, әйел бақыты, алоэ, бархат, шырмауық сынды 20-дан аса гүл түрі бар. Мұнан бөлек қияр, қызанақ, ащы бұрыш, салат шөптерін егіп, балаларды ерте еңбекке баулуға, ауыл дақылдарын егіп, оны баптауға үйретеді. 

Мектепте қазіргі таңда «Темірбек Жүргенов» апталығы өтуде. Мақсат – оқушыларды қоғам қайраткерінің өмірі мен қолжазбаларымен таныстырып, жас ұр-пақты отансүйгіштікке, өз елінің әдебиетіне құрметпен қарауға тәрбиелеу. Апталық аясында мектептегі кітапханада да бірқатар шара мен көрмелер ұйымдастырылған. Кітапханашы Алма Әбдіреваның айтуынша, жаңа оқу жылы басталысымен алғаш мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге «Кел досым, кітапханаға» атты шара өткен. Басты мақсат – оқушыларды кітапханамен, ертегі кітаптармен таныстырып, оқуға деген құштарлығын арттыру. Сондай-ақ оқушылардың шығармашылықпен айналысуына септігін тигізетін ордада түрлі танымдық шаралар мен мәнерлеп оқу жа¬рыстары жыл сайын өткізіліп келеді. Қазіргі таңда кітапханада 11 676 кітап болса, оның 9196-сы – оқулық. 493-і – көркем әдеби кітап. 

Мұнан бөлек оқушылардың бос уақытын тиімді пайдаланып, оларды спортқа беймідеу де бір жолға қойылған. Ауылдағы алтын ұяның оқушылары баскетбол, волейбол, шахмат, футбол, тоғызқұмалақ сынды үйірмелерге үзбей қатысуда. 

Мектеп ұжымы оқушылардың жазғы тынығуын тиімді өткізу мақсатында былтыр міндетті оқу қоры есебінен Жалағаш кентіндегі «Ақтерек» тынығу лагеріне 12 оқушыны, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «QH Жаздық жолдама» қайырымдылық жобасы аясында «Қуаныш» тынығу лагеріне 1 оқушы, Алматы қаласындағы «Тау жанашыры» лагеріне ауылдағы жеке кәсіпкерлер есебінен 2 оқушы жіберілген. Сондай-ақ «Мектепке жол» акциясы аясында түлектер мен бірқатар кәсіпкер 25 оқушыға киім-кешек, оқу-құралдарымен толық қамтамасыз еткен. 

«Бала қауіпсіздігі бәрінен маңызды, ас мәзіріндегі тамақтардың дәмді әрі құнарлы болуы өзімнің тікелей қатаң бақылауымда» деген Гүлмира Әбдіразаққызы мұнда биыл 105 бала ыстық тамақпен қамтамасыз етілгенін айтты. Оның 62-сі бастауыш сынып оқушылары болса, 19-ы – аз қамтылған отбасылар баласы. 

«Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» демекші, аядай ғана ауылда 11 жыл бойы алған білімін сын сағатта сынайтын сәтке оқушыларды үлкен жауапкершілікпен дайындайтын алтын ұяның ұстаздары әрбір шәкірттің білім нәрімен сусындап, бәсекеге қабілетті жас болып қалыптасуына одан әрі аянбай күш жұмсай бермек. Шалғай ауылдағы алтын ұяның бүгінгі тынысымен танысқанда түйген ойымыз осы.

 

Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Тағы да оқыңыз: