Kyzylorda-news.kz. Қазір мемлекет тарапынан білім саласына қарқынды қолдау бар. Әлбетте, дамыған елдер қатарынан табылуды көздейтін кез келген ел алдымен бұл салада серпін қалыптастырғысы келеді. Қазақстан да тәуелсіздік алған жылдардан бері аталған саланы әсте назардан тыс қалдырған емес. Мұндай қарқынды қолдау жалағаштық ұстаздарға шабыт береді. Оны аудандағы педагогтардың жұмыс нәтижесінен аңғару оңай.
Жалпы Жалағаш ауданында білім саласының даму қарқыны жоғары, түлектердің 11 жылда жиған білімі таразыға тартылатын жыл сайынғы ҰБТ нәтижесі де көңіл көншітеді. Негізінен еліміздің өркендеуі білім беру ісінің ілгерілеуіне тікелей байланысты. Жалағаш ауданының білім саласы жылдар бойы облыс бойынша жоғары көрсеткішке ие болып келеді. Биыл да мектеп бітіруші түлектер жаңа ережеге сай ұлттық тест тапсыруды бастап кеткен. Жуырда ғана білім бөлімі мәлім еткендей, облыс бойынша 8048 түлектің 7044-і ҰБТ тапсыруға өтінім беріп, 10 қаңтардан 10 ақпанға дейін ұлттық бірыңғай тестілеу жұмыстары жүргізілген
Қаңтардағы ҰБТ-ға жоғары оқу орындарына шартты түрде қабылданған студенттер, шығармашылық дайындықты талап ететін БББТ-дан басқа білім беру бағдарламалары тобына ауысуға ниет білдірген ЖОО білім алушылары, ақылы негізде «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласына ауысуға ниет білдірушілер, сондай-ақ қалауы бойынша ЖОО ақылы негізде оқуға қабылданғысы келетін мектеп түлектері қатысқан. Тіркелу кезінде тест тапсырушылар емтихан орнын, күнін және уақытын өздері таңдапты.
Айта кету керек, 2023 жылы ҰБТ-да тестілеу форматы өзгеріссіз қалған. Қазақстан тарихы бойынша тестілеуге қатысушылар 20 тапсырманы, оқу сауаттылығы бойынша 15, математикалық сауаттылық бойынша 15 және екі бейіндік пән бойынша 35 тапсырманы орындайды. Барлығы – 120 сұрақ. Ең жоғары балл – 140. Тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат, яғни 240 минут. Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша 40 минуттық уақыт сақталады. Сонымен қатар бір ерекшелік жауап нұсқаларының азаюы болып отыр. Бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны бестен төртке дейін, бір немесе бірнеше дұрыс жауаптары бар тест тапсырмаларында үш дұрыс жауаптан көп емес, яғни сегізден алтыға дейін азайған.
Қаңтардағы ҰБТ-дан бастап «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламаларының топтарына түсуге ниет білдірушілер ҰБТ-ны «Мате-матика-Информатика» комбинациясы бойынша тапсырған. Ең бастысы, тестілеу кезінде калькулятор, Менделеев және тұздар ерігіштігі кестелері барлық талапкер үшін компьютер экрандарында қолжетімді. Бұның өзі сын сағатта сынып қалмай, уақытты үнемдеп, тез есептеу тәсілдерін білетін түлектерге мүмкіндік болмақ. Сондай-ақ ҰБТ қатысушыларына өздерімен қалам, су және шоколад алып келуге рұқсат.
2021 жылы Жалағаш ауданында 321 түлек мектеп бітіріп, оның 296-сы ұлттық сынамаға қатысқан. Орташа балл 82-ні құрады. Оның ішінде 273 түлек жоғары оқу орындарына түсіп, өз мамандығы бойынша білім алуда. 39 «Алтын белгі», 18 «Үздік аттестат» иегері де сол жылы анықталған. Ал былтыр аудан бойынша жеті мыңнан астам білім алушы, оның ішінде 358-і түлек болса, «Алтын белгіге» 24, «Үздік аттестатқа» 31 оқушы үміткер болды. Оның 312-сі ҰБТ-ға қатысты. Орташа балл – 81,2. Ал 239 түлек мемлекеттік грант иегері атанды. Әрине бұл бір аудан үшін төмен көрсеткіш емес.
Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқандар ішінде ең көп үміткері бар Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейі мен Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейі болса, ең аз түлек Жаңадария ауылындағы №203 орта мектептен. Биыл ауданда 7 128 оқушы болса, соның ішінде 682 бүлдіршін 1 сыныпқа қабылданған. Ауданда 20 мектеп, 1 кешкі мектеп, 37 мектепке дейінгі ұйым, яғни 10 мемлекеттік, 21 жеке балабақша, 6 шағын орталық, 3 қосымша білім беру ұйымы, 2 арнаулы білім беру ұйымы жас ұрпақтың санасына білім сіңіріп, бойына тәрбие дарыту бағытында жұмыс істеп келеді. Мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар 100 пайыз қамтылған. Қазіргі таңда 1-6 жастағы балалардың қамтылуы – 68,2 пайыз. Алдағы міндет – 1 жастан 3 жасқа дейінгі балалардың балабақшамен қамтылуын арттыру. Балабақшалардағы 297 педагогтың 52,5 пайызының біліктілігі мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға сәйкес келеді. 2021 жылы бұл көрсеткіш 40 пайызды құраған.
Бүгінгі заман – басқалардан білекпен емес, біліммен озатын заман. Иә, расымен заман бұрынғыдай емес, білім саласындағы оқу үрдісі де, білім беру критерийлері де, барлығы өзгерді. Қазір жан-жақты, жаңашыл, үнемі ізденіс үстінде болсаң, еңбегіңнің жемісін көресің. Шүкір, біздің аудан білікті ұстаз, білімді шәкірттерден кенде емес. Ұстаздар қауымы барынша балаларды ынталандыруға, әрбір сабағын жаңаша, қызықты идеямен өткізуге талпынады. Өйткені оқушыны жалықтырып алмауды ойлайды. Түрлі білім додаларында жеңіске жетіп жүрген оқушылар да бар. Олар жетістікке жеткен сайын ауданымыздың мерейі асып, ұстаздардың қызметіне деген ынтасы, жауапкершілігі арта түседі. Осы оқу жылында аудан бойынша ҰБТ тапсыруға ниет білдірген түлектер саны 350-ден асады. Олардың барлығы қазіргі таңда қызу дайындық үстінде. Биыл да түлектер ұлттық сынамадан сүрінбей өтіп, аудан мерейін асқақтатады деп сенеміз. Мемлекеттің білім саласына жасап жатқан қолдауына, әсіресе осы балалардың ыстық тамақпен қамтылуы үшін жасаған қамқорлығына аудандағы ата-аналар дән риза. Үшінші тоқсаннан бастап аймақтағы барлық бастауыш сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ беріліп келеді. Бұл жаңалық ата-аналарды да, балаларды да қуантты.
Естеріңізде болса, Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасында 1-4 сынып оқушыларын 100 пайыз ыстық тамақпен қамтамасыз ететінін айтқан. Президенттің бұл бастамасы өз кезегінде балалардың денсаулығына, жақсы дамуына, оқу үлгерімін және әл-ауқатын жақсартуына оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Жалпы аймақта белгіленген санаттағы 33061 бала былтыр ыстық тамақпен қамтамасыз етілсе, биыл 9 қаңтардан бастап 55 901 оқушыға тегін ыстық тамақ берілуде. Жаңа оқу жылына дайындық барысын пысықтау кейбір ата-аналарға қиындық туғызатыны анық. Балалар бір сыныптан бір сыныпқа көшіп, есейгендеріне қуанса, ата-ана сол балаларының киім-кешегі мен оқу құралдарын түгендейді, осы жолда аянып қалмайды. Әсіресе көпбалалы үйде осындай мәселенің жыл сайын қайталанатынын тағы ескеріңіз. Ал балалардың күнделікті мектепке алып кететін тиын-тебенін қайда қоясыз? Иә, бұл да таңсық жағдай емес. Өйткені ата-аналардың айтатын шағымының бірі осы болатын. Қымбатшылық тіпті мектеп асханасында сатылатын балалар тағамдарына дейін келді. Бір балаға бір бәліш жеуі үшін күніне ең аз дегенде 250 теңге кетеді.
Бүгінгі таңда аудан бойынша бастауыш сыныптарда оқитын 4019 бала бюджет есебінен бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. Аудандық білім бөлімі тарапынан асхана жұмыстары, балалардың теңгерімді тамақтануы бақылауға алынған. Ауданда ҰБТ көрсеткіші бойынша жыл сайын орташа және жоғары балл көрсеткішінің жақсарып келе жатқанын айттық. Биыл да түлектердің дайындық қарқыны жаман емес. Ал осы қалыптасқан оң нәтижеде аудандағы барлық білім ошағының, ондағы ұлағатты ұстаздардың үлкен еңбегі бар. Мұны ешкім жоққа шығара қоймас. Рас, ауыл мен аудан орталығындағы мектептердегі білім сапасына қатысты үлкен айырмашылық, ҰБТ көрсеткіші бойынша да мектептердегі білім сапасының көңіл көншітпейтін жағдайлары бұрын болған. Ал қазір мүлде басқа. Бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруда барлық білім беру ұйымы, ондағы ұлағатты ұстаздар қажырлы еңбек етіп жатыр және оның нәтижесін барлығымыз көріп келеміз. Тіпті ауыл мен аудан орталығындағы мектептердің де арасында бұрынғыдай білім сапасына қатысты алшақтық жоқ. Мектеп түлектерінің 90-95 пайызы ЖОО-ға мемлекеттік грантпен оқуға түскен ауылдар бар. Міне, бұл ауданда білім сапасында серпін барын аңғартады. Осы жолда ұлағатты ұстаздар қажырлы еңбек етуде. Білім беру ұйымдарының барлығы бейнебақылау жүйелерімен қамтылған. 20 мектепте барлығы 343 бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның 217-сі – ішкі, 126-сы – сыртқы камералар.Биыл 2 мектепке, яғни №116 және №122 орта мектепке бейнебақылау орнатуға қаржы қаралған еді. Сонымен қатар кент орталығындағы 5 мектепке турникет орнатылды, 15 мектепке дабыл түймесін орнатуға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар жасалды.