Kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданының білім саласы соңғы жылдары облыс бойынша жоғары көрсеткішке ие болып келеді. Аудан бойынша былтыр 358 оқушы мектеп бітірсе, оның 312-сі ҰБТ-ға қатысты. Орташа балл – 81,2. Ал 239 түлек мемлекеттік грант иегері атанды.
Ал биылғы жаңа оқу жылында 7 128 оқушы мектеп барса, соның ішінде 682 бүлдіршін 1 сыныпқа қабылданды. Аудан бойынша 20 мектеп, 1 кешкі мектеп, 37 мектепке дейінгі ұйым, яғни 10 мемлекеттік, 21 жеке балабақша, 6 шағын орталық), 3 қосымша білім беру ұйымы, 2 арнаулы білім беру ұйымы ұрпақтың санасына білім сіңіріп, бойына тәрбие дарыту бағытында жұмыс істеп келеді.
Бүгінгінің талабы – балаға заманауи сапалы білім беру. Ал ол білімнің алғышарттары балабақшадан бастап негізін қалайды. Сондықтан мемлекет балабақша ғимарттарының стандартқа сәйкес болуына, материалдық базасына және ондағы бала тәрбиесімен айналысатын мамандардың педагогикалық біліктілігіне баса назар аударып отыр.
Аудандық білім бөлімінің мәліметіне сүйенсек, аудан бойынша мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 2 334 бала тәрбиеленуде. Яғни 3-6 жастағы балалар 100 пайыз балабақшамен қамтамасыз етілген. Балабақшаларда барлығы 297 педагог бар. Оның 137-сі «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» мамандары және олардың жартысы жоғары және І санатты педагогтар.
Сондай-ақ, жыл басынан мемлекеттік балабақшалар жан басына шаққандағы қаржыландыру әдістемесіне көшірілген. Биылға бала¬бақшаларға мемлекеттік тапсырыс орналастыруға 1 млрд 468 млн теңге қаржы қаралған.
Тәжірибе көрсеткендей, мектеп табалдырығынан аттайтын баланың балабақшадан тәрбие алғаны жөн. Өйткені қазіргі бүлдіршіндердің мектепке дейін-ақ ақыл-ойы дамып, танымы кеңейіп, көпшілікпен қарым-қатынасы қалыптасуы тиіс. Биылғы жаңа оқу жылында біршама ерекшеліктер де бар екен. Мәселен, қазақ тілінде жүргізілетін мектептерде орыс тілі пәні 2 сыныптан бастап оқытылады, шет тілі пәні 3 сыныптан оқытылады, «Көркем еңбек» пәні 1-9 сыныптар екі пәнге бөлінген: «Еңбекке баулу» 1-4 сыныптар, «Бейнелеу өнері» 1-6 сыныптар және «Технология» 5-9 сыныптар пәні.
Сонымен бірге, «Өзін-өзі тану» пәні үлгілік оқу жоспарының инвариантты компонентінен алынып тасталады. «Тірек мектебі-магнитті мектептер» пилоттық жобасы енгізіледі. Ал, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін сатып алуға облыстық бюджеттен жеткілікті қаржы бөлініпті. Сонымен бірге, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында қажетті көркем әдебиеттер қатары толыққан. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарлама қолдауымен Жалағаш кентінен құны 420 млн теңгені құрайтын 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебі пайдалануға берілді. Жаңа ғимаратта жаңаша бағытта жұмыс бастаған Оқушылар үйі мен Өнер мектебі білім саласындағы олқылықтардың орнын толтырып, жетістіктерді еселей түсуде өз септігін тигізері сөзсіз.
Аудан бойынша мектептердің барлығы интернет желісіне қосылып, компьютерлер паркі 100 пайыз жаңартылыпты. Барлық мектептер «BilimLand» электронды платформасына қосылған. 12 мектепте робототехника кабинеті бар және 57 интерактивті кабинетпен, 96 жиналмалы интерактивті кабинетпен, 22 лингафондық мультимедиялық кабинетпен жабдықталған. Сонымен бірге 2 инновациялық мектеп бар. Оқушылары «STEM» класс платфомасымен, 1 мектеп цифрлы «3D STEREO» кешенімен жұмыс жасауда.
Балаларға білім беруден бұрын олардың өмірі мен денсаулығы және қауіпсіздігі де аса маңызды. Осы орайда, аудандағы барлық мектепке толық бейнебақылау камерасы орнатылғанын айта кеткеніміз жөн. Бүгінде аудан бойынша 1 275 педагог жұмыс жасайды. Жаңа форматтағы аттестациядан 796 педагог өткен. Оның 264-і – зерттеуші, 314-і – сарапшы, 218- і – модератор.