Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Астана қаласында өткен Орталық коммуникациялар орталығында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында баяндама жасап, есеп берді.

Сыр елінің жыл сайын әлеуеті артып, бұрынғысынан да көркейіп, көгалданып жатқандығы мәлім. Соңғы жылдары бірқатар маңызы бар істер атқарылып, жылдан-жылға күрмеуі шешілмеген түйіткілді мәселер де оң шешімін табуда. Халықтың өмір сүру сапасы жақсарып, әлеуметтік-экономикалық бағыты да дамып келеді. Бұдан бөлек, Сыр өңірінің барлық аудандарында түрлі әлеуметтік нысандар бой көтеріп, озық технологиялық үлгідегі жаңа жұмыс орындары ашылуда. Денсаулық, спорт саласында да айтарлықтай өзгерістер көп. Бұл – Қызылордалықтар үшін үлкен жетістік.

Осыған байланысты елордада өткен брифингте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытта қолға алынатын жобалар жайлы мәлім етті. Қызылорданың барлық ауданындағы өзгерістерге тоқталып, өңірлердің даму жолындағы қолға алынған іс-шаралар жөнінде баяндады. Мәселен, Арал теңізі мәселесі – күн тәртібінде тұрған өзекті тақырыптың бірі екені айтылды. Ел дамуы үшін жасалған 8 нақты қадамның жұмыс жоспары қазіргі таңда Сыр өңірінде қарқын алған. Соның ішінде агроөнеркәсіп саласында айтарлықтай өзгерістер бар.

Аймақ басшысы ауданға басымдық берді

Астана қаласында өткен Орталық коммуникациялар орталығындағы есеп беру жиынында аймақ басшысы Шиелі ауданына да айтарлықтай басымдық берді. Брифингте өңір халқының жылдан жылға дамып жатқандығы, тың өзгерістер, іске асырылып жатқан жұмыстар, аспанмен таласқан ғимараттар, құрылыс жұмыстары, көгілдір отын сынды маңызды ақпараттар айтылды. Нақтылайтын болсақ, облыс әкімі биыл Шиелі ауданында 6 елді мекен көгілдір отынға қосылатынын, сондай-ақ «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында Көкшоқы мөлтек ауданында 18 пәтерлі 4 тұрғын үй құрылыс жұмыстары аяқталып, тамыз айында 72 отбасы жаңа пәтерге қоныс аударатынын жеткізді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024 жылы Шиелі ауданында 900 орындық мектеп құрылысының жұмыстары жүргізіліп, білім ғимаратының бой көтеретіні жайлы мәлімдеме жасалды.

Иә, кез келген өңірдің дамуымен қоса тұралап қалған өткір де өзекті мәселелерінің болатыны мәлім. Әсіресе, елімізде жұмыссыздық – басты проблемалардың бірі. Сондықтан Мемлекет басшысы бұл мәселені шешу үшін көптеген жобалар әзірлеп, жұмыссыздық деңгейін қолға алған болатын. Ал Сыр өңірінде дәл қазіргі уақытта жұмыссыздық деңгейі 4,9 процентті құрап отыр. Демек, бұл – облыс көлеміндегі жұмыссыздық деңгейін әлі де азайту керектігін айқындайды. Бірақ Президенттің 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын құру тапсырмасына сәйкес, былтыр Қызылордада 12 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, жылдық жоспар 263 процентке орындалған болатын. Соның нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,9 процентке төмендеген. Ал елордада өткен брифингте Н.Нәлбаев Шиелі ауданында ағымдағы жылы 3096 жаңа жұмыс орындарын құру жобасы жоспарланып, 4 айдың қорытындысы бойынша 1549 жаңа жұмыс орны құрылып, аталған меженің 50 процентке орындалғанын айтты.

«Бүгінде Сыр өңірінде бірқатар ауқымды жобалар іске асырылып, өңір халқының әлеуеті артып келеді. Биылдың өзінде көптеген нысандар бой көтерді. Ал өткен жылы Қызылордаға 400 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, осы көрсеткіш бойынша үздіктер қатарынан көрінді. Ал биыл бұл көрсеткіш 593 млрд теңгені құрап отыр. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,6 процентке артса, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 1,9 есе көбейді. Пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 2,4 процентке еселенсе, сауда көлемі 2,5 есе дамыды. Инвестиция мен құрылыс жұмыстары да қарқын алды. Соның арқасында жұмыссыздық мәселесі де төмендеді. Ал Қызылордаға қарасты барлық аудандар өздігінше дамып, өндірістік салада көптеген жетістіктерге жетуде. Әсіресе, Шиелі ауданының жыл сайын бәсекеге қабілеттілігі артып келеді. Осы жылддың өзінде бұл өңірде 1500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды», – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Тағы да оқыңыз: