Kyzylorda-news.kz Осыдан 2 жыл бұрын халыққа Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жайлы мектеп» пилоттық жобасын әзірлеу керектігі туралы айтқан еді. Бұл жоба апатты мектептерді жою, үш ауысымды мектептер мен оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешу және білім саласындағы бірқатар мәселелерді шешу мақсатында қолға алынған еді. Бұл бағытта 2023-2025 жылдар аралығында елімізде 369 орта білім беру нысанын салу жоспарланған. 

Нәтижесінде жоба екі ауысымда 740 мың жаңа оқушы орнын құруға мүмкіндік береді. «Жайлы мектептің» құрылысы екі кезең бойынша жүзеге асады. Бірінші кезең бойынша 2023-2024 жыл аралығында 208 жайлы мектеп салынуы қажет. Ал екінші кезеңде 151 жаңа білім ошағы ел игілігіне беріледі деп жоспарлануда. Осылайша, елімізде 2025 жылға дейін 300-ден астам заманауи үлгідегі жайлы білім ошағы бой көтереді.

Аты да заты да бөлек бұл мектептің жобасы, сапалы салынуы, қаржыландыруы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ жауапкершілігінде. Республика бюджеті мен Ұлттық қордан ұлттық жобаны жүзеге асыруға 2,38 триллион теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде 2023 жылға 499,9 миллиард теңге бөлінсе, биылға 976,7 миллиард теңге, келер жылға – 909,4 миллиард теңге қарастырылған. Сондай-ақ жоспарланған 369 мектептің 206-сы қалада, 163-і ауылдық жерде салынбақ.

Ұлттық жобаның уақытылы әрі сапалы жүзеге асуы жоғарыда аталған компанияның бақылауында. Жалпы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының тағы бір мақсаты – отандық өнімді қолдау. Осы орайда нысанды салушы құрылыс мекемелері қажетті жабдықтар мен жиһаздарды отандық тауар өндірушілерден алуы тиіс. Бұл тек сөз жүзінде қалмай, іс жүзінде қадағаланады. Себебі мердігерлерге ай сайын Қазақстанда өндірілген материалдар мен тауарларын пайдалану бойынша есеп беріп отыру міндеттелген. Бұдан бөлек жобаны іске асырудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында бірыңғай кросс-платформа әзірленген. Жайлы мектептердің мердігерлері апта сайын құрылыстың барысы туралы электрондық форматта есеп дайындап порталға жүктеуге міндеттелген. Осылайша бақылау бір уақытта бірнеше деңгейде жүзеге аспақ. Бұл мектептерді жобалау және салу процесін бақылауға, жобаны әзірлеу кесте бойынша жүріп жатқанына көз жеткізуге мүмкіндік береді. Егер мердігер қандай да бір жұмыс түрлері бойынша үлгермесе немесе артта қалса, порталда ашық көрсетіп тұрады. Сондай-ақ порталда барлық төлем құжаттары мен орындалған жұмыс актілері болады. Осылайша мердігердің қанша ақша алғаны және атқарған жұмысы көрінеді. Сонымен қатар құрылыс нысандарында фото және бейнебақылау орнатылған. Бұл арқылы әрбір мектептің құрылысын техникалық қадағалау сарапшылары бақылай алады. Нәтижесінде сапалы жұмыс болады.

Қазіргі таңда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы Қазақстанның барлық өңірлерінде, ауыл-аймақтарында жүзеге асырылуда. Дегенмен мектептерде оқушы орындарының тапшылығы бар аймақтарға басымдық берілген. Бұл қатарда Алматы, Астана, Шымкент сынды ірі қалалар мен Түркістан, Қызылорда облысы да бар.  Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жобаның игілігін көруді жұртшылық асыға күтуде. Бұл білім ошағында тәлім алғысы келетін оқушылардың қарасы қалың.

Ал жұртшылық тағатсыз күткен жайлы білім ордасы қандай артықшылығы бар? Пилоттық жобаны жүзеге асыру аясында jaily-mektep.kz арнайы сайты іске қосылған. Аталған ақпарат порталында «Жайлы мектептің» несімен ерекшеленетіні жазылған. Ондағы ақпарат көзіне сүйенсек, аталған білім ордасының ауданы, сынып бөлмесі басқа мектептерге қарағанда 15-20 процентке кең болмақ. Сонымен бірге техникалық жабдықталуы 4 есе жоғары болады. Теория мен тәжірибеге арналған құрал-жабдықтар толық қамтамасыз етіледі. Заманауи компьютерлер мен интерактивті тақталар орнатылып, қауіпсіздік шарасын сақтауда бейнекамералар, кіріп-шығуды қадағалау жүйесі орнатылады. Сондай-ақ оқушылар мен мұғалімдерге арналған демалыс және нетворкинг аймақтары жабдықталады. Бұдан бөлек 3-4 спорт залы, мектеп аумағында спортпен шұғылдануға және басқа да іс-шараларға арналған алаңдар жасалады. Ерекше балалар үшін кедергісіз орта қамтамасыз етіліп, пандус, лифт, арнайы дәретханалар және инклюзивті білім беру кабинеті жұмыс істемек. Техникалық бағыттағы кабинеттер қажетті құрылғылармен қамтамасыз етіліп, оқушылардың теорияны тәжірибемен ұштастыруына мүмкіндік жасалады. Робототехниканы игеруге басымдық беріледі. Сонымен қатар жоғары сынып пен бастауыш сынып ғимараттары бөлек орналасады.

Аймақта ұлттық жоба аясында 2025 жылға дейін 12300 орынға арналған 21 мектеп бой көтеруі керек. Оның ішінде облыс орталығынан бастап барлық аудан және ауылдар қамтылған. Атап айтқанда, Арал ауданында және Сексеуіл, Жақсықылыш ауылында – 300 орындық, Жалағаш ауданында – 300, Қазалы ауданына қарасты Жанқожа батыр ауылында – 300, Әйтеке би кентінде – 600, Жаңақорған ауданында – 600, оған қарасты Жаңарық ауылдық округінде – 300, Қармақшы ауданының ІІІ интернационал ауылында – 300, Жосалы, Тереңөзек кентінде – 300, Шиеліде – 900 орындық білім ошағы бой көтереді. Ал Қызылорда қаласы бойынша 6 жайлы мектеп салынады. Оның ішінде сол жағалауда – 900, СПМК-70 – 1500, Арайда – 1500, КБИ-де – 600, Ж.Махамбетов және Қызылжарма ауылдық округінде – 600 орындық мектеп бой көтереді деп жоспарланған. Бұл ретте аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жаз бойы құрылыс алаңдарын аралап, нысанның сапалы салынуын қадағалады.

Бұл туралы облыс әкімдігінің «facebook» парақшасында биыл 6900 орындық 10 мектеп, алдағы жылы 5400 орындық 11 мектеп пайдалануға берілетіні айтылған. Облыс әкімдігі оларға инфрақұрылым жеткізуге жергілікті бюджеттен 118,4 миллион теңге бөліп, жоба-сметалық құжаттары әзірленді, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Инфрақұрылым жүргізуге жергілікті бюджеттен 1,7 миллиард теңге бөлініп, қазір 10 мектептегі құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталды. Биыл құрылысы басталатын 11 мектептің жер телімдері белгіленіп, «Самұрық-Қазына Констракшн» акционерлік қоғамына берілген.

Ұлттық жоба туралы ақпарат беретін «Jaily-mektep.kz» сайтында көрсетілген ақпаратқа сүйенсек, биыл Қызылорда қаласына қарасты Ж.Махамбетов ауылынан басқа аумақтардағы білім ошағы пайдалануға берілуі тиіс.

Ал аймақтағы алғашқы 900 орындық «Жайлы мектеп» сол жағалаудан қала күні қарсаңында оқушылар игілігіне берілді. Білім ғимаратының ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы қатысты. Шара барысында аймақ басшысы қала тұрғындарын жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, жиналған жұртшылыққа ізгі тілегін айтты.

– Жас ұрпақтың білімі мен оқу-ағарту ісіне барынша көңіл бөлу – мемлекетіміздің ең маңызды міндеті. Биыл өңірдің білім саласына бөлінген қаржы 262 миллиард 100 миллион теңгеге жетіп, облыс бюджетінің 35,2 пайызын құрады. Мемлекет басшысының бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы еліміздің барлық аймағында жүзеге асырылуда. Ұлттық жоба аясында 740 мың оқушыға арналған 369 мектеп салынады.
Осы жобамен өңірімізде 12 300 орынға лайықталған 21 мектеп салу жоспарланған, оның 10-ның құрылысы жүргізілуде. «Жайлы мектеп» жобасын іске асыру арқылы аймағымыздағы 4 апатты және 3 бейімделген мектептің мәселесі түбегейлі шешімін табады. Бүгін республикалық бюджеттің тікелей қаржыландыруымен, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының үйлестіруімен, 6 миллиард 851 миллион теңгеге салынған облыстағы алғашқы 900 орындық «Жайлы мектеп» ел игілігіне берілуде. Бұл ғимарат Қызылорда қаласының сол жағалауы тұрғындарының мемлекеттік мектепке деген сұранысына толық жауап береді. Білім ордасында шәкірттердің барлық пәнді оқып үйренуіне, ұстаздардың шығармашылықпен еңбек етуіне толық мүмкіндік жасалған. Өскелең ұрпақтың игілігі үшін Жаңақорған, Шиелі аудандарында 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебі, «СаутсОйл» компаниясының демеушілігімен музыкалық колледждің жаңа ғимараты, Шығармашылық-инновациялық орталық, «Білімді қолдау қоры» есебінен физика-математика мектеп-интернаты салынуда. Мектеп-интернат екінші тоқсанда пайдалануға беріледі.

Жаңа мектеп салу, апатты мектептер мен үш ауысымдық оқытуды жою – білім саласындағы басым бағыттың ең маңыздысы. Осы білім ошағында ұстаз бен шәкірт, мектеп пен ата-ана байланысы артып, алдыңғы буынның ізгі жолын жалғаған білімді де талантты, санасы сергек, ойы ұшқыр, бәсекеге қабілетті жас ұрпақ тәрбиеленіп шығарына сеніміміз мол. Жаңа оқу жылында биік табыстарға қол жеткізіп, алға қойған мақсаттарыңыз орындалсын! Ел мүддесі жолындағы игі істерді бірге атқарайық, жетістікке бірге жетейік! Егемен еліміздің ертеңі еңселі, тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!», – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ашылу рәсімінде.

«Жайлы мектептің» ашылу жиынына сонымен бірге «Самұрық-Қазына Констракшн» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Мәулен Айманбетовте болды. Ол қала тұрғындарын жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, қатысушыларға игі тілегін жеткізді.

Жоспар бойынша жыл соңына дейін 12 жаңа мектеп және 4 мектеп жанындағы қосымша құрылыс аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Өткен жылы облыс орталығындағы 4 мектепке 1850 оқушыға арналған қосымша ғимарат салынған еді. Осылайша артық шығындалмай, бюджетке салмақ салмай үш ауысымды оқытуға көшуі мүмкін мектептер мәселесі шешімін тапқан еді. Бұл бағытта былтыр 1170 орындық төрт мектеп, осы жылдың басында 550 орындық екі мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар биылғы жаңа оқу жылында шиелілік өрендер «Білім беру инфрақұрылымын қолдау» қорының қаржыландыруымен 100 орындық мектепте, ал жаңақорғандық оқушылар жергілікті бюджет есебінен 150 орындық мектепте білім білім шырағын жағуға мүмкіндік алды.

А.ӘЛІМ

Тағы да оқыңыз: