Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қазалы ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен салынатын 300 орындық мектептің құрылысы басталды.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев білім ордасының іргетасын қалау рәсіміне қатысып, жерлестерін құттықтады.

«Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен біздің облыста 12 300 орындық 21 мектеп салынады. Оның екеуі Қазалы ауданында бой көтереді. Біз бұған дейін Қызылорда қаласы, Жаңақорған, Арал аудандарында «Жайлы мектептердің» іргетасын қаладық. Бүгін міне, Қазалы ауданындағы құрылысты бастаймыз. Жайлы мектептерде жас ұрпағымыз зейінді, білімді, зерек шәкірт болып қалыптассын! Білім ошақтары туған елінің туын биік ұстайтын түлектер ұясына айналсын! Ұлттық жобаны жүзеге асыру міндеті жүктелген азаматтарға маңызды әрі жауапкершілігі зор жұмысты сапалы жүргізуді халық атынан аманаттаймын», - деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, бұл білім ошағы апатты жағдайдағы мектептің орнына салынады. Сонымен Қазалы ауданындағы апатты мектепке қатысты мәселе түпкілікті шешім табады.

Құрылыс алаңында Қызылорда облысының Құрметті азаматы Самұрат Имандосов аудан тұрғындарын құттықтап, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожас Медеубай бата берді.

Айта кетейік, биыл облыста 4 мектепке 1850 орындық қосымша ғимарат, 5 мектеп пайдалануға берілуде. «Білімді қолдау қоры» есебінен Қызылорда қаласында құны 7,9 млрд теңге болатын физика-математика бағытындағы мектеп-интернат құрылысы қарқынды жүргізілуде. Облыс орталығында осы кезге дейін бір ғана «Оқушылар үйі» болса, биыл «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен 2,5 млрд. теңгеге 350 орындық заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» құрылысы басталды. Оған қоса «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен Сырдария өзенінің сол жағалауынан 4,8 млрд. теңгеге музыкалық колледждің жаңа ғимараты салынады.

Тағы да оқыңыз: