Kyzylorda-news.kz.  «Жайлы мектеп» жобасы бойынша Қазалы ауданында 2 білім ордасы бой көтереді. Соның бірі Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының екі аралығынан салынады.

Қазіргі таңда мектеп салынатын орын белгіленді. Оған екі аралықтан орын таңдап алынуы да бекер емес. Себебі алдағы уақытта осы аумақтағы 600 гектар жерге инженерлік-инфрақұрылым жұмыстары жүргізіліп, 3 мыңнан астам тұрғынға үй салу үшін жер беріледі. Сол уақытта халық бұл аумаққа көптеп шоғырланып, мектеп салуды қажет етеді.

Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев тиісті сала басшыларымен бірге білім ордасы салынатын орынға арнайы барып, бірқатар мәселелерді талқылады.

Мұхтар Әуесұлы мұнан соң қала мен кенттің екі аралығындағы жарықшамдар орнату жұмыстарының барысын көрді.

Сондай-ақ, аудан әкімі Мұхтар Оразбаев пен аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап Алға ауылдық округіне арнайы барып, жаңадан салынып жатқан спорт кешенінің құрылысын көрді.

Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаев атындағы ауылда салынып жатқан спорт кешені 2 қабаттан тұрады. Спорт кешенінде баскетбол және волейбол секциялары қаралған.

Бүгінгі күнге ішкі әрлеу жұмыстары, жылу жүйесі, ішкі ауыз су, кәріз желілері орнатылуда.

Сонымен қатар, әжетхана және санузел бөлмелеріне кафель жабыстыру жұмыстары жүргізілуде.

Қазіргі таңда ғимарат алаңын абаттандыру жұмыстары аяқталды. КТПН қондырғысы монтаждалып, электр желісі жүргізілуде.

Жылдан жылға Сырдария өзеніндегі су деңгейінің төмендеуіне байланысты егістікке су жіберетін канал бойындағы гидротехникалық құрылыстарға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, механикалық тазалаудың маңызы жоғары.

Сондықтан да биыл «Қазалысушар» өндірістік учаскесінің теңгеріміндегі «Сол жаға» магистралды каналы бойындағы гидротехникалық құрылыстарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Осы орайда аудан басшысы Өркендеу ауылдық округіндегі «Сол жаға» магистралды каналына арнайы барып, құрылыс жұмыстарының барысын көрді.

Мұнда «Қазалысушар» өндірістік учаскесі бастығының орынбасары Нұрлан Әбілдаев атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

Қазіргі таңда магистралды канал бойындағы 7 бас су өткізгіш гидротехникалық құрылыс пен 15 гидромостқа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары жақын күндері аяқталады.

Сондай-ақ, «Сол жаға» магистралды каналының 3 шақырымына механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Сырдария өзенінің төменгі жағында орналасқан Қазалы ауданы үшін бұл құрылыс жұмыстарының маңызы жоғары екенін атап өтті. 

319357962_3536887743198814_5305243165796478352_n.jpg

 

318662758_3536923063195282_3035078132907828019_n.jpg

 

319812603_3536922499862005_4513130537420322996_n.jpg

 

318555562_3536888059865449_6068368937509218102_n.jpg

 

319523910_3536963566524565_6637096872840142553_n.jpg

 

319363209_3536963399857915_5696854469079082619_n.jpg

Тағы да оқыңыз: