Қазалыда Мемлекет басшысының тапсырмасымен жас ұрпақтың игілігі жолындағы шаруаларға баса мән берілуде. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы туралы Мемлекет басшысының Жолдауында: «…Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» делінген.
Демографияның, ауылдан қалаға қоныс аударушылар беталысының жіті зерттелмеуі кесірінен үш ауысымдық мектептер мәселесі ушығып кетті. Бұл туралы Президент Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында:
– Өкінішке қарай, бүгінге дейін көп талқыланғанына қарамастан, үш ауысымды, апатты, ескі мектептер мәселесі шешілген жоқ. Сондықтан, осы ұлттық жобаның жүзеге асырылуы Үкіметтің де, жергілікті атқарушы органдардың да ерекше бақылауында болуға тиіс. Үкімет пен Есеп комитеті әрбір теңгенің көзделген мақсатқа жұмсалуын қамтамасыз етуі қажет. Әкімдер жыл соңына дейін жер, инфрақұрылым жөніндегі барлық мәселені шешуі керек. Мұнда еш ақталудың реті жоқ. Сондықтан, өңір басшыларының жеке жауапкершілігін күшейту жөніндегі ұсынысты қолдаймын. Құрылысы 2023 жылы басталуға тиіс мектептер үшін жер учаскелерін бөлу және инфрақұрылымға қосу жөніндегі барлық мәселе бір ай ішінде шешілуі керек. Қалғандары жыл соңына дейін. Үкіметке әрбір өңірдің осындай міндеттемелерін айқындап, олардың орындалуын бақылауды тапсырамын, – деді.
«Жайлы мектептің» айырмашылығы неде? Біріншіден, мектептер ауылда да, қалада да жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт залдар болады. Балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларын орнату көзделіп отыр. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтар, сондай-ақ кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына тиісті жағдайлар қарастырылған.
Мектептер физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталады. Кабинеттерге touch-экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға тиісті жағдайлар жасалады.
Спорт залдар мәселесі шешіледі. Қазір 1200 орындық мектептерде тек, бір ғана, спорт зал бар. Ал, таңғы сағат 8-ден кешке дейін денешынықтыру сабағы бір уақытта бірнеше сыныпқа өткізіледі. Жайлы мектептерде жобалық қуатына қарай бірнеше спорт залдар болады. Сондай-ақ мұғалімдерге де жағдайлар жасалады.
Екіншіден, құрылыс толығымен қаржыландырылған. Егер бұрын мектеп құрылысын қаржыландыруға облыстық және аудандық бюджеттерден қаражат тапшылығына байланысты мектептер жеткілікті көлемде салынбай, ұзақ мерзімді құрылыстар проблемасы туындаса, ал қазір мақсатты қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді.
Үшіншіден, мектептер нысандар құрылысын бақылайтын дирекцияның үйлестіруі арқылы салынады. Бұл шешім сатып алу рәсімдерінің мерзімін жеделдетуге және құрылыс сапасын қамтамасыз етуге бағытталған.
Төртіншіден, ішкі ғана емес, сыртқы инфрақұрылым да қарастырылған. Мектепке апаратын жаяу жүргіншілер жолы, автобус бағыттарын алдын ала іске қосу, аялдамаларды дайындау, мектепке апаратын жолдарға жарық беру мәселелері де қатар шешілуі керек.
Бесіншіден, жайлы мектептер салуда ашықтық барынша сақталуға тиіс. Еліміздің кез келген азаматы интерактивті карта арқылы мектептердің қай жерде және қашан салынатынын бақылап, IP-камера арқылы құрылыс барысын онлайн қадағалай алады. Мектептерді салу, оларды қаржыландыру, күтіп ұстау, кадрларды іріктеу мәселелері заңнамалық тұрғыда әкімдіктердің құзырында болғандықтан, бұл ұлттық жоба әкімдердің дербес жауапкершілігін бекітуді көздейді, яғни «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру 842 мың жаңа жайлы орын құруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, өңірлер, қала мен ауыл арасындағы білім беру инфрақұрылымындағы айырмашылықты теңестіріп, білім сапасына әсер етеді.
Жоғарыда аталған Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысында Мемлекет басшысы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ны мектеп құрылысы бойынша бірыңғай тапсырыс беруші ретінде айқындау туралы Үкіметтің ұсынысын қолдады. «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы учаскенің әлеуетін зерттейді және осы аумақтарды мектеп құрылысына пайдалану ерекшелігін талдайды. Министрлікпен бірлесіп жер учаскелерін құрылысты бастау үшін қажетті сумен жабдықтауға, су бұруға, электрмен жабдықтауға қосу мүмкіндіктері қаралуда.
Бес климаттық аймақ үшін мектеп жобаларының жеті түрі бойынша (300, 600, 900, 1200, 1500, 2000, 2500 орын) форэскиздер (тұжырымдамалар) әзірленді және министрлікке келісуге жіберілді.
Бұл жүйе ашықтықты қамтамасыз етеді және еліміздің кез келген азаматына мектеп құрылысының барысын онлайн режимде қадағалауға, салынып жатқан мектеп бойынша қызықтыратын құжаттармен танысуға мүмкіндік береді. Сондықтан жобаны іске асыру мониторингі бойынша ақпараттық жүйе іріктелуде.
Мектептерді жабдықтауға арналған оқу, корпустық және жұмсақ жиһаздардың алдын ала тізімі анықталды. «Атамекен» ҰКП және ҚР Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының қауымдастығы арқылы отандық тауар өндірушілерді тарту бойынша келіссөздер жүргізілуде.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасының тағы бір мақсаты – отандық өндірушілерді қолдау. Үкіметтің №963 Қаулысы шеңберінде мектептерге арналған жиһаз тек, «Самұрық-Қазына» қорының тауар өндірушілер тізіліміне және «Атамекен» ҰКП отандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізілген қазақстандық компаниялардан сатып алынатын болады.
Жалпы, «Президент бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 21 мектеп салынады деп жоспарланған болатын. Былтыр 10 мектептің құрылысы басталды. Биыл тағы 11 мектептің іргетасы қаланады. Оның бірі – Қазалы ауданының Жанқожа батыр ауылында бой көтерсе, жақын күндері Әйтеке би кентінде тағы бір мектептің құрылысы басталады. Топырағына ұлы тұлғалардың кіндік қаны тамған Қазалы ауданының өңір тарихындағы орны ерекше. Есімдері алты Алашқа белгілі Жанқожа батыр, күллі Шығыс жастарына жетекшілік еткен Ғани Мұратбаев, жезтаңдай әншілер Роза Бағланова және Мәдина Ералиевадай даңқты дарындардан кенде емес. Алдағы уақытта осы білім ошағынан жерлес аға-әпкелеріндей білімді, талантты шәкірттер шығатынына сеніміміз мол» деп аймақ басшысы Н.Нәлібаев айтқан еді.
Осыған орай жаңа оқу жылында Жанқожа батыр ауылындағы 300 орындық мектептің құрылысы бітіп, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қазір Жанқожа батыр ауылындағы ауқымды құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Бүгінгі таңда жаңа білім ордасының біршама жұмыстары атқарылып, негізгі бөлігі есік-терезелері салынуда. Құрылыс барысын көрген аудан басшысы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы мен мердігер мекеме жауапты қызметкеріне құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы жүргізілуін қадағалауды тапсырды.
Білім ордасының құрылысы толықтай аяқталғаннан кейін «Жайлы мектеп» жаңа модификацияланған кабинеттермен жабдықталады деп жоспарланған болатын. Сондай-ақ оқушылардың сапалы білім алуына толық жағдай жасалып, жоғары және бірінші санатты мұғалімдер құрамының пайыздық үлесін, педагогикалық қызметкерлердің біліктіліктерін арттыруға барлық жағдай жасалмақ деп көзделуде.
Өткен жылы ұлттық жобаға енгізілген мектептер құрылысының жер учаскелерін нақтылау және орналастыру бойынша "Samruk-Kazyna Construction" акционерлік қоғамы Басқармаға жүктелген. Бұл ретте "Samruk-Kazyna Construction" акционерлік қоғамы Басқарма төрағасының ұлттық жоба және Өңірлік даму жөніндегі орынбасары – Басқарма мүшесі Амангелді Саттаров, Ұлттық жоба және Өңірлік даму департаменті құрылыс бөлімінің өңірлік жоба жетекшісі Ерік Қонақбаев, Ұлттық жобаны іске асыру және Өңірлік даму департаменті Жобалау бөлімінің топ жетекшісі Әнуарбек Хами ауданымызға арнайы келіп, жұмыс барысын қадағалаған болатын.
Бүгінде құрылысы аяқталуға жақын нысанның барысы жайлы "Samruk-Kazyna Construction" акционерлік қоғамы бас мердігері «Асар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жоба жетекшісі Бақытжан Құрұмбековтан сұрағанымызда:
– Құрылыс мерзімі 2023 жылдың тамыз айында басталған. Жоспарға сай, биыл желтоқсан айында аяқтауымыз тиіс. Дегенмен, барынша қызу еңбек етіп, қыркүйекте тапсырамыз деген талпынысымыз бар. Белгіленген учаскенің ауданы – 28546 гектарды алса, ғимараттың жалпы ауданы – 6812,2 шаршы метрді құрайды. Екіқабатты 300 орындық мектеп 6 блоктан құрылған. Арнайы асханасы, мәжіліс залы, лингофон кабинеттері бар. Әжетханасы ішінде орналасқан. Екі спорт залы бар. Жоғары және кіші сынып оқушылары бір-бірімен тоғыспайтын бөлек-бөлек есіктерден еніп, дербес блоктарда оқитын болады. Мәжіліс залы мен барлық арнайы кабинеттер заманауи жабдықтармен толықтырылады. Дауыс күшейткіш, проектор, интерактивті тақталар орналастырылады. Енді, физика, математика, ағылшын сынды пәндердің өзіндік кабинеттері қарастырылған. Бір сабақ арнайы сол пән сыныптарында өтеді.
Қазір ғимараттың қабырғалары көтеріліп, қыш қалау жұмыстары аяқталған. Ішкі сылақ толық бітті. Жылу жүйесі тартылуда, электр жүйесі жүргізілді. Бірінші және екінші қабаттың терезелері салынуда, – деп жауап берді.
Айта кетейік, «Жайлы мектеп» жобасы бойынша Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығында салынатын 600 орындық мектептің құрылысы жақында жүзеге асады деп межеленді.
Қазалы ауданы бойынша «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасының тізіміне 2 мектеп құрылысын салу енгізілген болатын. Олар Жанқожа батыр ауылындағы 300 орындық апаттық жағдайдағы №94 мектеп құрылысы мен Әйтеке би кентіндегі 600 орындық мектеп құрылысы.
Жақында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының интерьерін жақсарту бойынша бүкілхалықтық сауалнаманың қорытындысы жарияланды. «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы ұсынған пилоттық жобаның 3D-визуализациясының көмегімен Қазақстан тұрғындары салынып жатқан жайлы мектептердің ішкі жабдықталуы бойынша соңғы талқылауға қатысты. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша іске асырылып жатқан пилоттық білім беру жобасы апатты мектептердің, үш ауысымды оқытудың проблемаларын шешуге, сондай-ақ, қала мен ауыл мектептерінің арасындағы жарақтандыру айырмашылығын жоюға бағытталған. Виртуалды саяхатқа қатысқан 312 респондент арасында интерьер дизайнерлері, қаржы ұйымдарының өкілдері және басқа да, маман иелері бар. Бастысы, сауалнамаға қатысушыларының жартысына жуығы жоба игілігін көретін пайдаланушылар: бастауыш және жоғары сынып мұғалімдері, психологтар мен тәрбиешілер, оқушылар мен олардың ата-аналары және оқу орындарының директорлары.
Сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі (93 пайызы) ұсынылған интерьер шешімдерін мақұлдап, қолдауларын білдірді. Өзгелері "Samruk-Kazyna Construction" акционерлі қоғамымен мектеп интерьерін жақсарту бойынша өз идеяларымен бөлісті.
Сауалнамаға қатысу барысында ерекше белсенділікті 40-59 жас аралығындағы тұрғындар (50 пайыздан жоғары), сонымен қатар, 20-35 жас аралығындағы жастар (30 пайыз) көрсетті. Бұл жобаның халық үшін өзекті екенін айқындап, оның Қазақстан болашағын дамыту мен әлеуметтік прогресті жетелеудегі әлеуетін көрсетеді.
"Біздің әрбастамамыз белгілі бір мақсатқа негізделеді - "Жайлы мектеп" ұлттық жобасын іске асыру барысына негізгі пайдаланушыларды барынша тарту. Біз ел тұрғындарының барлық ұсыныстарына аса мән береміз, өйткені жоба шын мәнінде ауқымды және кәсіби шешімдерді ғана емес, сонымен қатар болашақ пайдаланушылардың бағасын талап етеді. Сауалнамаға ауылдық елді мекендердің тұрғындары (респонденттердің 42 пайызы) белсенді қатысқанын атап өту маңызды. Бұл сауалнаманың арқасында азаматтар 360 градустық көріністе 3D форматта шолу жасап, ішкі интерьер шешімдерін толық зерттей алды. Біз келіп түскен барлық жауаптарды өңдеп, балалар үшін жайлы білім беру ортасын қамтамасыз етуге қажет Қазақстан тұрғындарының орынды ұсыныстарды іріктеп аламыз. Кейін оларды мектеп жобаларына енгізуге мүмкіндік беретін қадамдарға кірісеміз. Біз уақытын бөліп, сауалнамаға қатысқан әр азаматқа алғысымызды айтамыз", - деп атап өтті “Samruk-Kazyna Construction” АҚ Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов.
Жобада білім беру ортасының функционалдығы мен қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. Мектептер озық STEM-зертханалармен, робототехника кабинеттерімен, хореографиялық залдармен, демалыс және нетворкинг аймақтарымен жабдықталады. Әр сыныпта интерактивті тақта мен заманауи компьютерлер орнатылады. Жайлы мектептердің жобаларында буллингтің алдын алу шаралары да қарастырылған - бастауыш және жоғары сыныптарға арналған блоктар өзара шектелмек. Сондай-ақ, оқушылардың киімдері мен жеке заттарын қауіпсіз және ұйымдастырылған жерде сақтауға арналған киімжайлардың көлемі артпақ. Бұл сонымен қатар киімді ауыстыруға байланысты уақыт пен стрессті азайтады. Аталған мәселелер болашақ мектептердің жобаларында қарастырылған.
Біздің елімізде білім беру нысандарын салу бойынша осындай ауқымды жоба бұрын-соңды жүзеге асырылған емес. Тапсырыс берушілердің құрылысы жүріп жатқан мектептерді жақсарту бойынша бізден кері байланыс сұрағаны қуантады. Сауалнамадағы 3Д үлгі бізге болашақ оқу орнының атмосферасын сезініп, ішкі кеңістіктің қандай болатынын анық көруге мүмкіндік берді. Біз жаңа форматтағы мектептер оқушылардан білімді, жан-жақты тұлғаларды тәрбиелеуге оң әсер етеді деп сенеміз, сондықтан, мектептердің пайдалануға берілуін асыға күтеміз.
Респонденттер мектептегі медициналық пункттердің жарақтандырылу деңгейіне де жоғары бағаларын берді. Бұл оқушылардың жарақаттанып, өзін жайсыз сезінген кезде тез арада алғашқы көмек көрсетуде ерекше рөл атқарады.
Сондай-ақ, сауалнамаға қатысушылар "Жайлы мектеп" жобасының интерьерінде графика мен портреттік суреттерді пайдалануды қолдайтындарын жеткізді. Респонденттер ұлттық мәдениет пен дәстүрлерді сақтай отырып, әлемдік мәдениет элементтерін қолдану арқылызаманауи суретшілер мен мүсіншілердің жұмыстарын интерьерге енгізу туралы ойларымен бөлісті.
Респонденттердің басым бөлігі жайлы мектептердің интерьерін безендіруде қолданылатын түстер палитрасына да оң бағаларын берді. Оқу орындарындабілім алу атмосферасын жағымды етіп, оқушылар назарын қажетсіз заттарға бұрмау үшін жайлы түстерді қолдану қажет.
"Біздер, ұстаздар қауымы, "Жайлы мектеп" жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан 3 деңгейлі үлгідегі мектептің ішкі интерьер дизайнын, жиһаздарды, безендірілуін тамашалап отырмыз. Көріп отырғанымыздай, шынайылыққа өте жақын. Оқушыларға да, мұғалімдерге де барлық жағдай толыққанды жасалғандығы көңілге қуаныш сыйлатады.
Бұл мектептен білім алып шығатын әрбір шәкірт адами құндылығы бойына дарыған, ұлттық құндылықтарын дәріптейтін жеке тұлға болып қалыптасары сөзсіз", - деп атап өтті қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғаліміСырбаева Сағадат Мәлікқызы.
Сонымен қатар, қатысушылар жобаға E-ASHANA және Е-Кітапхананы, сондай-ақ, оқушылар мен педагогтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бақылау жүйесін (СКУД) енгізуге ниет білдірді. Бұл ұсыныстар ҚР Білім Министрлігімен талқылауға шығарылады.