Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласындағы Зияткерлік мектепте қайырымдылық жәрмеңкесі өтті. Оқушылар ата-аналарымен бірге үй жағдайында әзірлеген өнімдерін саудалады.
Жыл сайын өткізілетін жәрмеңкеге Шаңырақ қауымдастығы түгел дерлік қатысты. Жас зияткерлер ата-аналарымен бірге пісірген құймақ, бәліш, бауырсақ, тоқаш пен түрлі тәттілер мектеп қызметкерлері арасында лезде саудаланып кетті. Нәтижесінде қайырымдылық қорына 400 000 теңгеге жуық қаражат түсті.
«Бұл қаражат «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында қаладағы жалғызбасты қарттарды азық-түлікпен қамтамасыз етуге және қарттар үйінің қызмет алушыларына арналған мерекелік сыйлықтарға жұмсалатын болады. Мұндай жәрмеңкелер мектебімізде жыл сайын өткізіліп отырады және бұл шараға балалар аса белсенділікпен қатысатыны қуантады», – дейді жоба координаторы, педагог-ұйымдастырушы-куратор Сәуле Серікбайқызы.
Сонымен қатар мектеп оқушылары қаладағы №1 әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының тұрғындарымен кездесіп, құрмет көрсетті.
NIS-тің «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында сырбойылық зияткерлер аталмыш орталықтың қызмет алушыларын мектепке қонақ қылып, концерттік бағдарлама ұсынды. Ұлттық өнерді жанына серік еткен жас өрендер домбырада ән салып, қарияларға деген құрметін жыр-шумақтарымен жеткізді.
Кездесу барысында екі буын өкілдері тағылымы мол әңгіме-дүкен құрды. Бірі күріш өсірсе, енді бірі шахтер болып қызмет атқарған қариялар өткен өмір жолынан естеліктер айтып, өскелең ұрпаққа ақ батасын берді.
Кеш соңында зияткерлік мектеп ұжымы қонақтарға дайындаған сыйлықтарын үлестірді.


