Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәуелсіз сарапшы, заңгер Дидар Смагуловпен «Заңды сыйлау – өзіңді сыйлау» тақырыбындағы білім алушылармен кездесу өткізді.
Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заңға құрмет пен азаматтық жауапкершілікті арттыру болды.
Кездесу барысында спикер қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдамаға тоқталып, оның негізгі бағыттарын түсіндірді. Атап айтқанда, заң үстемдігі және заңның жалпыға бірдейлігі, ашықтық пен есептілік, адам құқықтарын құрметтеу және әділеттілік қағидаттарының қоғамдағы маңызы кеңінен талқыланды.
Сонымен қатар, Дидар Смагулов жастардың кез келген реформаның негізгі қозғаушы күші екенін атап өтті. Ол білім алушыларға заңдық, азаматтық, саяси және экономикалық құқықтар туралы түсіндіріп, құқықтық сауаттылықтың маңызын жеткізді.
Танымдық кездесу жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және қоғамдағы заң мен тәртіп құндылықтарын насихаттауға бағытталды.
