Kyzylorda-news.kz. Қазалы қаласында көрген көзді сүйсінтер зәулім ғимарат бар. Ауласы әсем гүлмен, жасыл-желекпен көмкерілген бұл ғимарат – бүлдіршіндердің бақыт мекені. Еңселі әрі көрікті балабақша былтыр ғана пайдалануға берілді. Қазіргі таңда ел игілігін көруде.
140 балаға арналған жаңа типтік балабақшада 1 мен 5 жас аралығындағы 8 топ бар. Балақайларға жоғары білімді алты педагог сарапшы, екінші санатты 5 тәрбиеші тәрбие беріп, білім нәрімен сусындатады. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған орында музыка залы, дене тәрбиесі, STEM бағытындағы үйірме кабинеті, эко кабинеті, ұлттық кабинеттер жұмыс жасайды.
Ауласынан бастап әсемдік тұнып тұрған тәрбие ордасы тәрбиеленушілерді есіктен енгеннен-ақ ерекше дүниелермен қарсы алады. Әр қабат, әр бөлме сәні мен салтанаты келіскен сарай іспеттес. Балаларға барлық қажетті жағдай жасалынған. Жан-жақты, танымдық, зияткерлік, шығармашылық дағдыларын дамытуға арналған «Әнші балапан», «Сымбат» би, «Ұлттық спорт», «Жас зерттеушілер», «Жас математик», «Шахматшылар» үйірмелері мен «Жас шеберлер» шеберханасы балаларды өнерге баулып, шығармашылықтарын шыңдай түсуде. Үнемі ізденіс үстінде жүретін тәрбиешілер кішкентайларды үлкен сахнаға шығаруда аянбай еңбек етіп келеді. Аудан көлемінде қандай іс-шара болмасын басы-қасынан табылатын өрімталдық өрендердің өнеріне көпшілік бұрыннан тәнті. Облыс, республика тіпті халықаралық деңгейдегі сайыстарды топ жарып жүрген тәрбиеленушілер жетерлік. Жетістіктер қоржынын ай сайын емес, апта сайын толтырып отыратын өнерлі өрендердің ата-аналары да балабақша ұжымына дән риза.
Балабақшада 2022 жылдың қараша айында Мектепке дейінгі білім беру ұйымдардын арасында ұйымдастырылған «Үздік жоба – 2022» облыстық байқауының аудандық кезеңде балабақша тәрбиешілері Құралай Жүсіпова, Айман Тұрсынбай жүлделі ІІІ орын иеленді. Қызылорда облысының білім саласы қызметкерлері кәсіподағының ұйымдастыруымен өз саласында елеулі жетістікке жетіп, кәсіби қызметінде жасаған еңбегі мен атқарған қызметі үшін балабақша тәрбиешісі Айшагүл Жолмырзаева «Жыл үздігі – 2022» номинациясын жеңіп алды. ҚР Оқу ағарту министірлігі балаларды ерте дамыту институтының ұйымдастыруымен 1-15 желтоқсан арасында өткізілген «Ән шырқайық, бәріміз» республикалық патриоттық әндерді хормен айту челленджге музыкант Роза Ахметованың жетекшілігімен ересек «Ертөстік» тобының тәрбиеленушілері балабақша педагогтары мен бірге «Менің Қазақстаным» атты патриоттық әнін орындап, жүлделі ІІ орынды қанжығаға байлады.
Білім құмар балаларға арналған республикалық «Үркер» зияткерлік марафонның жүлдегері Ерасыл Әділбек, Назарбек Сражадин арнайы дипломмен марапатталды. ҚР оқу ағарту министірлігі «Балаларды ерте дамыту» институтының жылдық жоспарына сәйкес өткізілген «Шымырлық пен шеберлік күні» республикалық байқауының «Ханталапай» ұлттық ойындар бойынша ересек топ бүлдіршіндері Байғани Досымұлы, Назарбек Сражадин, Ақмедияр Өмірбекұлы қатысып, аудандық «Ләңгі» ұлттық ойын сайысында бірінші, облыстық кезеңінде үшінші орын иеленді. Жетекшісі хореограф Мереке Дәрібаева.
ҚР оқу ағарту министірлігі «Балаларды ерте дамыту» институтының жылдық жоспарына сәйкес өткізілген республикалық «Анам, әжем және мен» байқауында тәрбиеленушіміз Жансая Ілиясова, анасы Жақсыгүл Қуандықова, әжесі Сара Сатаймен қатысып аудандық және облыстық кезеңде де жоғары дәрежелі бірінші орынға лайық деп танылды. Республикалық кезеңінде «Үздік» номинациясымен марапатталды. Жетекшісі тәрбиеші Феруза Толыбаева.
Мектепке дейінгі ұйым педагогтары мен тәрбиеленушілеріне арналған «Ән шырқаймыз, бәріміз!» облыстық челленджінде ІІІ орын иеленді. Балалардың ән әлемінде еркін самғап, әсем үндерімен тыңдарманын баурап алуына бар күшін сарқитын музыка жетекшісі Роза Ахметованың еңбегі ерекше.
«Атадан-мұра» қоғамдық қорының бүлдіршіндер, мектеп оқушылары мен жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған «Ана туралы жыр» халықаралық байқауында «Вокал» номинациясы бойынша балабақшамыздың ересек топ бүлдіршіндері Раяна Әділ, Көзайым Аралбаева, Ақнұр Серғазы, Жансая Ілиясова, Дария Аралбек, Мақсат Бақытбек, Ақмедияр Өмірбек, Аман Кеңес, Еркесұлу Ермырза үздік өнер көрсеткені үшін «Әнші балапан» тобы жүлделі үшінші орынмен, жетекшісі Роза Ахметова «Атадан – мұра» қоғамдық қорының Алғыс хатымен марапатталды.
Аталған байқауда «Көркем сөз» номинациясы бойынша Дария Аралбек үздік өнер көрсетіп, «Бас жүлде» иеленді. Жетекшісі Алия Сембиева «Атадан – мұра» қоғамдық орының Алғыс хатымен марапатталды.
«Балабақшаға балалар қызығып келуі үшін ұжым болып күш-жігерімізді жұмсаймыз. Біздің мақсат – жас ұрпақты жан-жақтылыққа, біліммен қоса өнерге баулу. Олардың өз ойын еркін әрі ашық жеткізе алатын тәуелсіз елдің ұл-қыздары екенін ерте бастан бойына сіңіру. Әрбір тәрбиеленушіге бала деп қарамай, олардың іс-әрекетімен, ойымен санасуды тәрбиешілер жақсы меңгерген. Кез келген бүлдіршіннің ішінде бүгіп жатқан таланты, дарыны болады. Оны жарыққа шығарып, дамытуда балабақшаның қосар үлесі зор. Осы орайда әріптестерім елеулі еңбек сіңіріп келеді деп сеніммен айта аламын», – дейді «Өрімтал» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Рабиға Қарымсақова.