Kyzylorda-news.kz    IT – коммуникациялар мен ойын-сауықтан бастап, бизнес пен ғылымға дейін өміріміздің барлық салаларына еніп жатыр. Ол бізге ақпарат алмасуға, процестерді автоматтандыруға және жаңа өнімдер мен қызметтерді жасауға мүмкіндік береді. Компьютер, смартфон, интернет, жасанды интеллект, бұлттық технологиялар және блокчейн – мұның бәрі ІТ- саласының бөлшектері. Инновациялар және жаңа мүмкіндіктер: IT біздің әлемді өзгертуді, жаңа өнімдер мен қызметтерді жасауды, тиімділікті арттыруды және өмірімізді жақсартуды жалғастыруда.

Былтыр аймақта ІТ саласын дамытуға ерекше екпін берілді. Мәселен, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде СеулТех Жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі, одан бөлек, Kyzylorda Hub өңірлік хабы өз жұмысын бастады. Бұл шаралардың барлығы аймақтағы білім, ғылым, IT-технологиялар, киберқауіпсіздік және компьютерлік ғылымдар саласына серпін береді деп күтілуде.

Кеше Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин жұмыс сапарымен Сыр өңіріне келді. Ол облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Баймановтың төрағалығымен өткен өңірдегі цифрландыру және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту мәселелеріне арналған жиынға қатысты.Облыс әкімінің тұрақты қолдауының нәтижесінде өңірде тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған цифрлық жобалар жүзеге асуда. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы шеңберінде аймақта цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірге жол картасы жасалған.

Сонымен бірге байланыс операторларымен де екіжақты жұмыс жүргізілуде. Мәселен, тұрғындар қауіпсіздігі үшін 2025 жылдан бастап қала аумағында 1400 қоғамдық бақылау камерасы, жылдамдықты өлшейтін 60 құрылғы және 20 зияткерлік қиылысты камералар орнатылады.

Пилоттық режимде іске қосылған «Сергек» жобасы аясында да қала аумағына 100 қоғамдық бейнебақылау камерасы мен жылдамдықты өлшеуіш 10 құрал қойылды.

Мұнан бөлек, жедел басқару орталықтары жаңғыртылып, 7 аудан орталығына да бейнебақылау камералары орнату жоспарда бар.

Алдағы кезеңде полиция департаментінің Жедел басқару орталығындағы ақпараттық жүйелердің мүмкіндіктері мен көрсеткіштеріне де талдау жасалады. Басқосу барысында Қаныш Төлеушин өңірдегі ІТ бағытта атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді және алдағы міндеттерді бірлесе атқаруға ниетті екенін жеткізді.

Еске салатын тағы бір жайт, облыста «Ақылды қала» бағдарламасының негізгі компоненттерінің басым көпшілігі орындалған. Бұл мақсатта арнайы жұмыс тобы құрылып, жол картасы әзірленіп, министрлікке ұсынылған.

Сапар барысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин ақпараттық технологиялар мен түрлі жобалар, робототехника, цифрлық жобалар жасалатын аймақтық IT PARK орталығының қызметімен танысты. Сондай-ақ өңірде қарқынды жұмыс істеп тұрған Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторының жаңа жобалары мен бастамаларымен ақпараттандырылды. 

Іс-шарада Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторының жетекшісі Жанарыс Түбекбаев Қаныш Төлеушинге жан-жақты атқарылып жатқан игі істер туралы баяндады. Вице-министрге атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы мәлімет берілді.

Сонымен қатар Қаныш Аманбайұлы орталықты жетілдіру бойынша ұсыныстарын айтып, резиденттердің жұмысын жүргізуге қатысты ұтымды пікірлерімен бөлісті. 

Айта кетейік, өтен жылы сәуір айында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің бизнес-инкубаторы және Қызылорда облысының ақпараттық технологиялар орталығының базасында стартаптар мен новаторларды қолдау және дамытуға арналған Kyzylorda Hub стартаптар технопаркі ашылды. Тиімді стартаптарды құруда, инвестиция тартуда көмек беретін бизнес-инкубатор Astana Hub халықаралық стартаптар технопаркінің Қызылорда облысы бойынша өңірлік хабы ретінде жұмыс істейді. Kyzylorda Hub басты мақсаты – өңіріміздегі инновациялық жобаларды дамыту, аталмыш бағыт бойынша кадрлар даярлау және білім беру. Стартаптар, инвесторлар, менторларды бір жерде түйістіруге бағытталған орталыққа қосыламын деушілерге мүмкіндіктер қарастырылған. Стартап жобаларды дамыту барысында инкубациялық кезеңде кәсіпкерлік білімін, жобалардың прототипін, инвестиция тартуға, қаржылық есеп жүргізу және PR бағыты бойынша қолдау көрсетіледі. Орталықтың жалпы жұмыс барысында 145 резидент пен 13 мың жас қамтылып, 88 млн теңгеден астам инвестиция тартылды.

Осы орайда Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторының жетекшісімен әңгімелестік. Жанарыс Түбекбаев өз сұхбатында бір жыл ішінде атқарылған жұмыстарға жоғары бағасын берді. 

– Иә, расымен де біздің бренд ауысып, жұмыс географиясының кеңейгеніне 1 жыл өтті. Бүгінгідей жоғары дәрежедегі іс-шаралар мен бағдарламалар, әрине, бұрын болмады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық өңірдегі жоғары оқу орындарында өңірлік хабтар ашылғаннан бастап жұмыс істеу мүмкіндіктері айтарлықтай үлкейді. бір жыл төңірегінде Kyzylorda Hub 150-ге жуық іс- шара ұйымдастырды. 4 бағдарлама өткізіп, 5000- нан астам аудиторияны қамтыды. 2 локацияда орналасқан коворкингте жұмыс істеп, жуырда 3-ші жаңа коворкинг ашылу туралы жоспарлап отырмыз. Орталықтың резиденттері іс-шаралар мен байқауларда жүлделі орын иеленіп, республикалық және әлемдік нарыққа шығуды бастады.

Алдағы уақыттағы атқарылатын бизнес-инкубатордың жоспарымен бөлісті. 

– Алдағы жоспар өте тығыз әрі қызықты. Сәуір айынан бастап ақпараттық жұмыстар жүргізілуде. Өңірдегі мектеп, колледж, университет білім алушыларымен митап өткізудеміз. Ал семинарлар жыл бойы үздіксіз, тіпті күніне бірнеше семинар өтеді. Осы айда әйелдер қауымына ІТ және цифрлы дағдыларды дамыту бойынша Tech girls бағдарламасын ұйымдастырамыз. Өткен аптада Kyzylorda Idea Battle облыстық стартап жобалар байқауы аяқталды. Келесі байқау – Kyzylorda Hub Hackathon облыстық ІТ жобалар хакатоны. Инкубациялық кезең өз кезегімен өтеді. Бастысы, бағдарламалар сұранысқа ие. Облыстық мектеп және колледж түлектері арасында Startup Talapker стартап жобалар байқауы дәстүрлі түрде жыл сайын өтуде. Бұл байқауда үздік түлектерге ЖОО білім гранты табысталады. Интеллектуалды кештер, бизнес таңғы астар, чемпионаттар, воркшоптар жыл соңына дейін жалғасады. Ал жылдың қорытынды байқауы, Innofest Kyzylorda инновациялық жобалар фестивалі биыл да өз ретімен ұйымдастырылады, – дейді бизнес-инкубатор жетекшісі. 

Жанарыс Түбекбаев бизнес саласына көбіне жастардың бейімделгенін және көп қызығушылық солардың тарапынан екендігін тілге тиек етті. 

– Кәсіпкерлік саласына келгеніме 4 жылдан асты. Бұл салаға қызығушылық мектеп қабырғасынан басталды. Сол кезден бастап кәсіпкерлікті меңгеріп, қазіргі таңда медиа және білім саласында кәсіп жүргізудемін. Сонымен қатар жастарға кәсіпкерлік әліппесін үйретіп келемін. «Білімді болу үшін оқу керек. Бай болуға кәсіп керек» деп Абай атамыз айтпақшы, әрбір адам жұмысымен қатар кәсіпті серік етуі маңызды. Жаһандану заманында жанама табыстың болғаны да жақсы. Бұған қоса негізгі мамандыққа сай бизнес ашуға болады, яғни мұғалім болса қосымша мектеп ашуға, ал дәрігер болса болашақта жеке клиниканың іргетасын қалап, бизнесті өрбітуге болады. Жастарға осыны жиі айтамын. Себебі бизнес ашу маңызды. Неге? Өйткені, бизнестегі алғашқы қадамдар тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Ол қалай? Көптеген студентер оқу аяқталғанша тұрақты жұмысқа тұра алмайды, бұған себеп дипломның жоқтығы. Ал егер өз саласы бойынша шағын кәсіп ашса, ол жас маман үшін үлкен сабақ болмақ. Оған қоса жастық шақтағы қаржылай қателіктер жаңа мүмкіндікке жол ашып, ысылуға мүмкіндік сыйлайды. Әлем бойынша табысты кәсіп ашқан адамдардың орташа жасы – 34-35. Бұл – дәл осы жасқа жеткен кәсіпкерлер жастық шақтағы олқылықты ескеріп, бизнесте бағытын тапты деген сөз. Қазір біздегі қарқын жаман емес, талапты, талантты жастардың аяқалысы қуантарлық деп айта аламын, – дейді ол. 

Astana Hub технопаркімен серіктестік аясында мектеп және колледж бітіруші түлектер арасындағы облыстық стартап жобалар байқауы «Startup Talapker», үздік стартап жобаларды анықтауға, дамудың жаңа деңгейіне шығуына қолдау көрсетуге, үздік жобаларды марапаттауға арналған «Idea Battle» байқауы және «Startup Joly» инкубациялық кезеңі ұйымдастырылды.

 Сонымен қатар өз стартап жобасын бастағысы және өз ісін дамыту бойынша білім алғысы келетін азаматтарға арналған онлайн білім беретін  «Startup School», кодты пайдаланбай IT өнімді әзірлеудің жаңа дағдысын көрсететін «No Code» курстарымен қатар технологиялық кәсіпкерлік бойынша студенттерге арналған «Startup Academy» бағдарламасы іске асырылды. Қызылорда облысының ақпараттық технологиялар орталығының қолдауымен өңірде жыл сайын Smart city Hackathon, Pecha Kucha Night, Innofest Kyzylorda 2024 инновациялық жобаларды дамыту бағытындағы іс-шаралар өтеді.

Мамырдан бастап қызылордалық қыз-келіншектер «She Commerce» бағдарламасы аясында тегін білім алуда. Бұл туралы Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторы хабарлады. «She Commerce» – Қазақстан аумағының барлық өңіріндегі нәзік жандарды ақпараттық технологиясы саласы бойынша оқыту, дағдыларын арттыру, кәсіпкерлікке баулу, түрлі қосымшалар мен маркетплейс әзірлеуге және цифрлық экономиканы үйретуге бағытталған бағдарлама. Тегін курс барысында 18 бен 30 жас аралығындағы жастар қамтылды.  Бағдарламаға қатысушы қыздар «Google workplace» бағдарламасы, «Интернет саудадағы NoCode әзірлеу», «Графикалық дизайн» тақырыбында білім алуда. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «She Commerce» курсының нәтижесінде өңірдегі ІТ cекторда жас әрі білікті мамандардың саны артады. 

− Интернет кеңістікте түрлі бағдарламалар мен тегін курстар бар. Бірақ «She Commerce» курсы мен үшін құнды ақпарат пен жаңа білімнің көзіне айналды. Алғашқы 3 сабақтың өзінде ақпараттық технология саласына қызығушылығым артып, сайт жасау және графикалық дизайн жасауға алғашқы қадамымды жасадым. Ең бастысы −  офлайн режимде өтіп жатыр. Курсты толық аяқтаған соң міндетті түрде осы салада жұмыс істеймін, − деді қыз-келіншектерге арналған «She Commerce»  тегін курсының қатысушысы Елизавета Есмаева.

Аталған Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторы аясында өткен бірқатар іс-шараларға жастар тарапынан белсенді өтеді. Мәселен, өткен жылы ұйымдастырылған «Inno.Fest» Qyzylorda: инновациялық жобалар фестиваліне 2500 қатысушы тіркелген болатын. Төртінші рет өткізілген жобалар байқауы «SmartСity», «Контент&Дизайн», «Кино&Видео» бағыттарынан тұрады. Әр бағыт бойынша қатысушылар 24 сағат ішінде инновациялық жобаларды жасап қорғаған еді.

Фестивальге ІТ, медиа және киноиндустрия саласында жетістікке жеткен танымал азаматтар спикер ретінде шақырылып, өз бағыттары бойынша жастармен ұжымдық жұмыс жүргізіп, қажетті ақпараттармен бөлісті. Шара барысында «Ақпараттық технологиялар орталығы» мен «Thousand IT» ЖШС, «Қызылордатранстелеком» филиалы, «ДомаЛайн» ЖШС, «Сапа telecom» ЖШС, арасында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасын іске асыру саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөнінде меморандумдарға қол қойылды.

Жобаның жүлде қоры 3 000 000 теңгені құрайды. Сондай-ақ, әр секциядан үздік шыққан жастарға Astana IT университеті, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті, Болашақ университеті және Қызылорда Ашық университетінің оқу гранттары, сондай-ақ фестиваль серіктестерінен бағалы сыйлықтар табысталды.

Айта кетейік, кәсіпкерлік дағдыларды дамытуда және білікті мамандар даярлау мақсатында Қызылордада инкубациялық бағдарламалар жиі ұйымдастырылады. Өткен жылы орталықтың бастамасымен «Startup joly» инкубациялық кезеңі екі мәрте ұйымдастырылды. Бағдарламаға қатысқан 46 жобаның арасынан 13 жоба жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде 4 жоба «QazInnovations» қаржыландыру бағдарламасына өтінім беруде. Ал жақында «Skills up», «Startup Academy» бағдарламасы өтті.

− Бизнес-инкубатор резиденттеріне алдымен білім мен тәжірибе алмасу алаңын жасаймыз. Орталықта түрлі бағыт бойынша оқыту курстары бар. Қатысушылар өзіне ұнаған сала бойынша кез келген бағыттағы курстарға қатыса алады. Сонымен қатар бағдарламаға қатысып, жобаларын дамытады. Әрі қарай инвестиция тартуға және демеушілік алу мүмкіндігіне ие болады. Себебі біздің алаңда жақсы жоба жасау арқылы республикалық деңгейге жол ашылады. Ең бастысы жастарға жұмыс жасауға арналған тегін 2 коворкинг бар. Алдағы уақытта біз арнайы зертханалар салуды жоспарлап отырмыз.

Жақында бейне ойындарын жасайтын лаборатория ашылады. Оған қосымша жасанды интеллект, бағдарламалау, инжиниринг лабораториялары да қосылады. Менің ойымша біздің ең басты жұмысымыз әрі міндетіміз – жастарды ояту, табысты болуға ынталандырып, Қызылорда аумағындағы мүмкіндіктерді көрсету. Білім көзін беріп, әрі қарай табысты маман, кәсіпкер болуға мүмкіндік жасау. Жастар арасында Қызылордадағы мүмкіндіктер мен перспективаларға сенім жоқ, біз сол сенімді оятуға жұмыс істейміз. 

 Сәтті стартаптар көбіне білімді жастармен бірге жасалады. Расымен де, стартапты бастау үшін мықты интеллект қажет. Сол себепті білім беру ұйымдарымен тығыз жұмыс істейміз. Стартаптар әлемінде аутсайдерлерге орын жоқ. Бұл нағыз бәсекелестіктің мекені, сол себепті барлық күшімізді бәсекелестікке менталды тұрғыда төзе алатын жастарды тартуға жұмсаймыз. Сыр елі мықты жастарға толы, тек олардың зейінін ашу керек. Алайда жастардың басым бөлігі арзан әрі тез дүниеге құмар, ойын күлкіге жақын болып барады. Ал стартап жасау – бірінші кезекте ауыр еңбек және тоқтаусыз білім алу, – деді Ж.Тубекбаев.

Мамандардың айтуынша, ақпараттық технологиялар саласында қыз-келіншектердің рөлі артуда. Халықаралық деңгейде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы әйел кісілердің арнайы  мерекесі бекітілген. Биыл мереке қарсаңында өңірде АКТ саласында қызмет атқаратын нәзік жандарға арнап салтанатты жиын ұйымдастырылды.

«Анаға тағзым» орталығының базасында аймақтың ақпарттық-коммуникациялық технологиялар саласында елеулі еңбек етіп жүрген қыз-келіншектерге құрмет көрсетілді. Мерекелік жиын облыс әкімі аппаратының цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Сәбит Ибадулланың құттықтауымен басталды. «Астана хаб» халықаралық технопаркінің өкілдері Zoom платформасы арқылы байланысқа шықты. IT саласындағы қызылордалық қыз-келіншектердің үлесі мен жетістіктеріне тоқталды. Сонымен қатар жобалар мен бағдарламалар туралы айтылды.

Сондай-ақ Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторы аясында білім саласындағы үздік IT жобаларды анықтайтын «EdTech Hackathon Kyzylorda» облыстық IT жобалар хакатоны өткен болатын. 

Биыл алтыншы мәрте ұйымдастырылған хакатонға Қызылорда облысы «Ақпараттық технологиялар» КММ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторы ұйытқы болды. 

17 мамырда өткен «EdTech Hackathon Kyzylorda» облыстық байқауына білім саласындағы IT жобалар қабылданды. Мақсаты – стартап жобаларды, цифрлы шешімдер мен талантты мамандарды іздеу, ақпараттық технологиялар, инновациялық және стартап жобаларды дамыту. Үздік жобаларға 500 000 теңге көлеміндегі қаржы бөлінді. Сондай-ақ Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім гранты табысталды. Хакатонда 16-35 жас аралығындағы жастар бақ сынады. Топпен қатысу мүмкіндігі де қарастырылған. Инноваторлар додасына 130 адам қатысып, қазылар алқасына 33 жоба таныстырылды. 

1-орын иеленген «FloraHub» жобасының авторы Нұрдәулет Дүзеновке 250 000 теңгенің сертификаты табысталды. Ал 2-орын иегері Қалдан Аян тест құру жүйесіне бағытталған жобасына 150 000 теңге қаржы жеңді. Сондай-ақ Дүйсенбек Ернұр, Ғанибек Мария, Аманбай Жансая «EMS – Education Management System» жобасымен 3-орын иеленіп, 100 000 теңге көлемінде қаржыға ие болды.. Мектеп оқушысы Ержанқызы Жансая «Easier together» жобасымен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім грантын иеленді.

Айта кетейік, Қызылорда қаласындағы №264 мектептің 11 сынып оқушысы Жансая Ержанқызының ұсынған «Еasier together» жобасы −  сабақ беруге арналған онлайн платформа. Жансаяның ақпараттық технологиялар саласындағы бұл жобасы еріктілер мен білімге құштар аз қамтылған отбасыларды бір алаңға біріктіреді. Репетитор мен оқушыны қосатын онлайн платформаның ұстаздары Назарбаев зияткерлік мектебі, Республикалық физика математика мектебі, Білім инновация мектебінің үздік оқушылары мен жоғары оқу орындарының білім алушылары.

– Бүгінде біз 5 оқу ағынын жүргіздік. 13 мемлекеттің оқушыларын 3 тілде STEM бағытында оқыттық. Атап айтсам, Қазақстан, Ресей, Украина, Түркия, Германия, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Латвия, Тәжікстан, Испания және Белорусь мемлекеті. Ал біздің қызметті пайдаланған оқушылар саны 2500-ге жуық, – деді Жансая Ержанқызы.

Онлайн білім беру командасындағы еріктілер айырбастау негізінде жұмыс істейді.

– Волонтерлер оқушыларға сабақ береді, ал біз олардың ерікті екенін растайтын сертификат табыстаймыз, ресми сайтта көрсетеміз. Сондай-ақ, шетелдік жоғары оқу орындарына түсуге дайындық және халықаралық емтихандарды тапсыру бойынша құнды ресурстар жиналған жабық телеграм арнасына кіруге мүмкіндік береміз. Шетелдегі университеттер үшін студенттерінің еріктілер тобында болғаны өте маңызды, – дейді жоба авторы.

Бағдарламаға кез келген бала тіркеле алады. Ең бастысы – қолжетімділік. Жансаяның айтуынша, егер Қазақстанда орташа есеппен айына бір пәнді репетитормен оқу 28 000 теңге болса, онлайн платформада 3000 теңге. Оқуға қабылдау үшін оқушыларға қойылатын арнайы критерийлер жоқ. Бағдарламаға қатысушылар 5 пән бойынша білімін жетілдіре алады. Нақтырақ айтсақ, биология, математика, бағдарламалау, физика және химия бағыты.

– Шетелдік еріктілер және студенттермен байланысуда ешқандай мәселе жоқ, себебі әлеуметтік желі немесе Zoom арқылы хабарласамыз.

Сайтты өзім жасадым. Себебі IT саласы бойынша түрлі курстардан өттім. Сондықтан қиындықтар болған жоқ. Менің қолдаушым – ата-анам. Веб-сайтты алғаш құрған сәтте отбасым қатты қуанып, бұл жоба қоғамға оң әсер етіп, пайдалы болса, соңына дейін жалғастыруымды қалады.

Алдағы уақытта жобаға қосымша бағдарлама жасау бойынша жұмыстар жүргіземіз. Сонымен қатар аудиториямызды кеңейткіміз келеді, – деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім грантын иеленген жеңімпаз.

Платформалар миллиондаған пайдаланушы мен кәсіпкердің жұмысын жеңілдететін цифрлық инфрақұрылымның ажырамас бөлігіне айналды. Бұл бағытта да біздің жастардың жаңалығы көп екенін байқадық.

Сондай-ақ былтыр 11 қараша күні Қызылорда облысының  Жастар Ресурстық орталығында  Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлерінің  күніне  орай «SMART CITY KYZYLORDA HACKATHON 2023» облыстық IT жобалар хакатоны өткен. Еді. Қызылорда облысы  әкімінің қолдауымен өткен байқаудың ұйымдастырушылары – Қызылорда облысы әкімі аппаратының  «Ақпараттық технологиялар орталығы» КММ және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің кәсіпкерлік орталығы.

IT жобалар хакатонында «Әзірлеу» (Development), «Модельдеу»,  «Медиа және Білім» бағыттары қамтылды. «Әзірлеу» бағыты (Development) – сайт, мобильді қосымша, бот және ойындар әзірлеу бағытындағы жобаларды қамтиды. Мұнда «Smart city Kyzylorda» концепциясы аясында тұрғындардың ақылды қалада тұруын оңтайландыратын жобалар бағаланды. Екінші бағыт – «Моделдеу». Яғни, 3D моделдеу, робототехника, жасанды интеллект, ақылды заттар және BIM технологиялар аясындағы жобалар қабылданды. Адамдардың өмірлік процесін жеңілдетуге, қолданысқа арналған жаңашыл заттар мен қызметтерге бағытталған жобалар бағаланды. Ал «Медиа және білім беру» бағытында LMS, онлайн оқыту, анимация мен кинематография тақырыптарындағы жобалар сараланды. Басты талап – білім контентін өндіру және оны цифрлы ресурстар арқылы жариялау.

IT жобалар хакатонының модераторлары Нұрлан Құлмырзаев, Жанарыс Тубекбаев қатысушыларды ережелермен таныстырғаннан кейін, бағыт бойынша топтастыру жұмысы жүрді. Назарға алатын жағдай, әр бағытқа бөлек қазылар алқасы сайланды.

Жеңімпаздарына 900 000 теңге және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 3 білім бөлінген. Әр бағыт бойынша 1-орын иеленген Раушан Тұрғанбай, Жұлдызай Мұңайтбасова, Альмира Махамбетәлі, Төрехан Төлеген, Ернар Әбдіжалелұлына 150 000 теңгенің сертификаты табысталды. Сондай-ақ, 2-орын иегерлері Ерсұлтан Жанболатұлы, Инабат Аймағамбетова, Өмірзақ Әділ мен Шыңғыс Абдуллаев 100 000 теңгені құрайтын қаржылай жүлделерді иеленді. Ал әр бағыттан 50 000 теңгені Аягөз Кулахметова, Бекасыл Алдиар, Азамат Ибрагимов иеленді. Ынталандыру мақсатында  6 командаға Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторынан арнайы сыйлықтары берілді.  Мектеп оқушылары Шөментай Асылтас, Талап Әли, Зарина Азенова Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің арнайы білім грантын иеленді.

– IT жобалар хакатонына «Fed up» жобасын ұсынып, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім грантын жеңіп алдым. Бүгінде IT cаласы қарқынды дамуда, яғни бәсекелестік өте жоғары. Ал Қазақстандағы робототехника саласы бойынша бәсекелестік әлі де аз. Осы мәселені шешу жолында «Fed up» жобасын қолға алдым. Байқаудың ұйымдастырушыларына алғысым шексіз. «Smat city Kyzylorda Hackathon 2023» облыстық IT жобалар хакатоны – жас стартаперлердің дамытуына мүмкіндік беретін алаң,- деген еді Талап Әли.

«Smart city Kyzylorda» концепциясы аясында өткен IT жобалар хакатонының ұйымдастырушыларының бірі – Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторы. Орталық Сыр өңіріндегі IT-стартаптарды қолдау және инновациялық жобаларды дамыту мақсатында халықаралық «Astana Hub» технопаркінің қолдауымен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті және өңірлік IT парк базасында ашылды. Бизнес-инкубатор аймақта инновациялық жобалар әзірлеумен, IT-саладағы кадрларды оқыту, даярлау және жергілікті IT-қауымдастық құрумен айналысады.

Өткен іс-шаралар арасында бизнес-инкубатор тарапынан қолдау тапқан  Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Студенттер сарайында TECHNOWOMEN KYZYLORDA: KEYS TO SUCCEED атты аймақтық форумын да ерекше атасақ болады. Форумды "TechnoWomen" коммерциялық емес ұйымы, кәсіпкерлік пен бизнес-ортаны дамыту жөніндегі USAID жобасы аясында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия және ҚР Ғылым және жоғары білім, өнеркәсіп және құрылыс министрліктері Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетімен бірігіп ұйымдастырды.

Іс-шара әйелдерді технологиялық индустрияларға тартуға, әйел кәсіпкерлерді цифрлық трансформация және электрондық коммерция, сондай-ақ стартап-қозғалыс мәселелері бойынша ақпараттандыруға бағытталған шабыттандыратын шеберлік сыныптары мен білім беру тренингтерін ұйымдастыру мақсатын көздейді.

Форумның кіріспе сөзін сөйлеген «TechnoWomen» ұйымының Басқарма төрағасы, «Цифрлық трансформация» қоғамдық қорының негізін қалаушы Азиза Шужеева:

«Бүгін біз жаңа мүмкіндіктер, жаңа иновациялар мен технологиялар туралы айтатын боламыз. Форумға қатысушы әйелдер қауымына қорықпай іс бастауға, жаңа идеяларды ортаға қою жолында белсенді болуға шақырамыз» - деді.

Одан әрі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Академиялық мәселелер бойынша Басқарма мүшесі – проректор Абдрашева Дана форумға қатысушылар мен спикерлерге келгендері үшін рақмет айтып, оқу орнының IT саласындағы базалық мүмкіндіктерін ауқымды баяндап берді.

Спикерлер қатарынан орын алған Сеул Ұлттық Ғылым және технология университетінің профессоры, LUPIC жобасының директоры Джесу Ким жастарға арналған жасанды интеллект туралы ақпарат беріп өтсе, «MacDent» ЖШС IT-компаниясының бас директоры және негізін қалаушы Мақпал Оразқызы табысты стартаптың құру жолдарын түсіндірді.

Өз кезегінде сөз алған Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті әйелдер көшбасшылығы және кәсіпкерлік орталығының басшысы Гүлзира Бекқалиеваның баяндамасы әйелдердің көшбасшылық дағдыларын дамытуға бағытталды.

Сондай-ақ «TechnoWomen» ұйымының Басқарма мүшелері Бикеш Құрманғалиева жасанды интеллект саласының болашақ мамандықтарына шолу жүргізсе, Алуа Көрпебаева бизнес бастауға қажетті қадамдарды мысалдармен түсіндірді. Аталмыш ұйымның мүшесі, «FORTENUR CONSULTING» негізін қалаушы – Нұргүл Бексұлтанова қаржылық сауаттылық жайлы кеңес берді.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Жасанды интеллект институтының директоры Нұрлан Құлмұрзаев пен Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторының басшысы Жанарыс Тубекбаев та спикерлер қатарынан табылып, қызықты да пайдалы ақпараттармен бөлісті.

Форумда танымдық ақпарат, қажетті кеңестермен қатар, қатысушылар арасында сұрақ-жауап ойыны ойнатылып, сыйлық таратылды.

Аймақтағы IT саласына оралсақ. Көктемде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторының ұйымдастыруымен «Idea Battle» стартап жобалар байқауы өткен болатын. 

Басты мақсаты − стартаптарды қолдау, ел ішінде стартап мәдениетін насихаттау және Қазақстан аймақтарындағы цифрландыруды дамытуда үздік IT идеяларды анықтау.

Қатысуға облыс бойынша 43 жоба тіркелді. IT идеяларды жетілдіру үшін қатысушыларға «Стартап негіздері», «Lean Canvas», «Pitching» тақырыбында білікті мамандар шеберлік сабақтарын өтті. 

Бағдарлама аясында 13 жоба оффлайн, 8 жоба онлайн форматта іріктеу кезеңінде бақ сынады. Ал финалдық кезеңде қазылар алқасына 8 жоба таныстырылды. Нәтижесінде «SAIGAQ AI» жобасы жүлделі І орын иеленді. «Easier together» 2-орын, ал «Talk gloves» жобасы 3-орын иеленді. Жеңімпаздарға 500 000 мың теңге жүлде қоры үлестірілді.

Байқау барысында «Grand Master» бағдарламалау мектебінің директоры Алмат Қуанышбаев,  бизнес-тренер Наталья Мишукова мен Бағдат Қадыров төрелік етті.

− «SAYGAQ AI» − бұл жасанды интеллект арқылы өрт сөндіруші роботтарды қашықтан басқаруға бейімделген стартап-жоба. Қазіргі таңда біз MVP сатысында сәтті инкубациядан өттік. Жобаны Шайхы Гафур және мен Абдуллаев Асылжан бірлесіп жасадық. Біз «Idea Battle» инкубациялық бағдарламасын білген сәтте қатысуды жөн көрдік және Demo Day кезеңінде 1 орынды иелендік. Алдағы уақытта үлкен инкубациялық және акселерациялық жобаларға қатысу ойда бар, − деді 1-орын иегері А.Абдуллаев.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың үш ЖОО базасында жасанды интеллект саласындағы кадрлар даярлау және осы салада зерттеу жүргізетін орталықтар ашу жөніндегі тапсырмасы шеңберінде өткен жылдың қараша айында Жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі ашылды. Жоғары мектеп жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және информатика саласында кадрлар даярлайтын болады.

Ал сырбойылықтардың  инновация мен кәсіпкерлік саласына қызығушылығын арттыру, IT жобаларды дамыту, аталмыш бағыттар бойынша кадрлар даярлау және білім беру мақсатында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің бизнес-инкубаторы жұмыс істейді. Енді осы ІТ саласын қарқынды дамыту үшін жуырда ғана Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Жасанды интеллект институты ашылды. Мұнда қыркүйектен бастап ІТ сала бойынша еліміздегі ең үздік мамандар білім алмақ.

– Академиялық білімді дамыту және ғылымды қолдау, жасанды интеллект саласы бойынша мамандар даярлау мақсатында Оңтүстік Кореяның Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университетімен (СеулТех) Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті келісімге келді. Сол келісім аясында ашылған жасанды интеллект институты (“Institute of аrtificial іntelligence) IT бағытындағы үздік мамандарды оқытады.

Оқуға түсетін талапкерлерге 4 мамандық ұсынылады. Атап айтсақ, Information systems (Ақпараттық жүйелер), Cybersecurity system (Киберқауіпсіздік жүйесі), Computer science (Компьютер ғылымы), Computer software and programming (Компьютерлік бағдарлама және бағдарламалау). Білім алушылар бағдарламалау негіздерін, үлкен деректерді талдау және жасанды интеллект, сондай-ақ машиналық оқыту сынды сұранысқа сай кәсіби дағдыларды да үйренеді, – дейді институт директоры Нұрлан Құлмырзаев.

Айта кетейік, ақпараттық технологиялар саласына қызығушылыға бар жас түлектер үшін байқау өтетінін хабарлаған едік. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «AI Urpaq challenge» атты мектеп бітіруші түлектерге арналған республикалық байқау ұйымдастыруда.

AI URPAQ дегеніміз не?

AI URPAQ – бұл жоғары технологиялар және жасанды интеллект саласындағы болашақ көшбасшылар командасының бір бөлігі болуға ұмтылатын дарынды талапкерлер арасындағы беделді сайыс.

Егер сіз осы жылы мектеп бітірген Қазақстан Республикасының азаматы және ұлттық біріңғай тестілеудегі бейіндік пәндеріңіз «физика-информатика» бағытында болса аталған байқауға қатыса аласыз. Маңызды қадамдардың бірі − ұлттық біріңғай тестілеуден кем дегенде 50 балл жинауыңыз шарт. Үздік атанған қатысушыларға - Institute of Artificial Intellegence by Korkyt Ata 3 білімгранты табысталады.

Неліктен AI URPAQ-қа қатысу керек?

Оқуға түсу мүмкіндігі: Сайыс жеңімпаздары Жасанды интеллект институтына жеңілдікпен түсу мүмкіндігіне ие болады.

Стипендиялар және гранттар: Ең үздік қатысушылар оқуға стипендиялар және гранттармен марапатталады.

Заманауи білім беру бағдарламалары: SeoulTech (Сеул ұлттық ғылым және технология университеті) серіктестігімен заманауи оқу бағдарламаларына қол жеткізу.

Халықаралық мүмкіндіктер: Әлемнің жетекші университеттерімен халықаралық тағылымдамалар мен алмасу бағдарламаларына қатысу.

Қабілеттерді дамыту: Сайысқа қатысу сізге сыни ойлау, мәселелерді шешу дағдыларын және шығармашылық қабілеттеріңізді дамытуға көмектеседі.

Қалай қатысуға болады?

1. Тіркелу: www.kyzylordahub.kz/ сайтына өтіп, онлайн-форманы толтыру

2. Бірінші кезең: Әлеуметтік желілерде reels жариялау.Қатысушылар Instagram әлеуметтік желісінде төменде көрсетілген тақырыптарда ұзақтығы 1 минуттан аспайтын «reels» жариялауы керек:
«AI менің өмірімде»
«Мен AI маманы боламын»
«AI – жақсы әлем үшін»
«Мен – AI ұрпақпын».

Басылымда #АiUrpaq2024 хэштегтерін пайдаланып @talapker_korkyt, @ai.korkyt.kz, @kyzylordahub парақшаларын белгілеу және Reels-ты жоғарыда көрсетілген парақшаларды белгілеп stories-қа бөлісу керек

3. Екінші кезең: Білім деңгейін анықтау - ағылшын тілінен жазбаша тест. Бірінші кезеңнен өткен қатысушылар ағылшын тілі бойынша тестілеуге шақырылады.Тест онлайн режимде «Google Forms» платформасында өткізіледі 

4. Үшінші кезең: “AI – Idea battle” жобалар конкурсы. Екінші кезеңнен сәтті өткен қатысушылар "AІ – Idea battle" форматында идеяларын ұсынуға шақырылады. Жобаларды қатысушылар 10 слайдқа дейінгі презентация түрінде ұсынады. Instagram-да reels жариялау 17-21 маусым. Ағылшын тілінен тест 25 маусым. AI жобалар байқауы 26-28 маусым күндері өтеді.

Байланыс ақпараты:

AI URPAQ сайысы және қатысу шарттары туралы қосымша ақпарат алу үшін: 

- Электрондық пошта: Ai@korkyt.kz

- Телефон: +7 (775) 517-66-68

- Веб-сайт: www.korkyt.edu.kz/

Айта кетейік, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі жұмыс істейді. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың үш ЖОО базасында жасанды интеллект саласындағы кадрлар даярлау және осы салада зерттеу жүргізетін орталықтар ашу жөніндегі тапсырмасы шеңберінде іске асырылды.

Жоғары мектеп жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және информатика саласында кадрлар даярлайды. Студенттер Сеултехпен бірлескен бағдарламалар бойынша білім алады, бұл әлемдік IT технологияларға қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Жоба аясында оқу орны Кореяның заманауи зертханалық құрылғыларымен жабдықталады, ал студенттер бірнеше тілді меңгеріп, орыс және қазақ тілдерінен бөлек, ағылшын, корей тілдерінде білім алады.

− Академиялық білімді дамыту және ғылымды қолдау, жасанды интеллект саласы бойынша мамандар даярлау мақсатында Оңтүстік Кореяның Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университетімен (СеулТех) Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті келісімге келді. Сол келісім аясында ашылған жасанды интеллект институты (“Institute of аrtificial іntelligence) IT бағытындағы үздік мамандарды оқытады.

Оқуға түсетін талапкерлерге 4 мамандық ұсынылады. Атап айтсақ, Information systems (Ақпараттық жүйелер), Cybersecurity system (Киберқауіпсіздік жүйесі), Computer science (Компьютер ғылымы), Computer software and programming (Компьютерлік бағдарлама және бағдарламалау). Білім алушылар бағдарламалау негіздерін, үлкен деректерді талдау және жасанды интеллект, сондай-ақ машиналық оқыту сынды сұранысқа сай кәсіби дағдыларды да үйренеді. алпы, шетелдік оқу орны жоба бойынша заманауи құрылғылармен де қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, Жасанды интеллект инстиутында оқыған студенттеріміздің Бұл уақытқа дейін Оңтүстік Кореядан бірнеше профессор келіп, білім алушыларға дәріс өткізіп, тәжірибесімен бөлісіп үлгерді. Болашақта да Сеултех университетінің ең үздік профессорлары білім беруге келмекші.

Жасанды интеллект институтына оқуға түсу үшін биылғы түлектер «информатика + математика» пәндері бойынша ҰБТ тапсыруы керек. Кейін міндетті түрде біздің ағылшын тілінің деңгейін анықтайтын сынағымыздан өтуі қажет немесе IELTS 5+ сертификаты жарайды. Себебі бізде білім алу толық ағылшын тілінде жүргізіледі.  Робототехника кабинеттері ашылуын ашылады, бірақ мына дүниені түсінуіміз керек. ІТ – бір орында тұрмайтын сала. Жаңадан ашылған робототехника кабинетіндегі құрал-жабдықтар 2-3 жылдан кейін маңыздылығын жояды. Себебі оның орнын жаңа техника басады. Мектептерде робототехника кабинеттері 5-6 жыл бұрын бум болып ашылды да, сол күйінше қалып қойды. Бірақ технология дамуда, тіпті интеллектуалды роботтар пайда болды. Қазір көп мектептегі роботтар төмен деңгейдегі бағдарламамен жұмыс істейді. Маман даярлау жағына келсек, егер нарықта сұраныс болса, мамандардың кәсіби білімін тез арада жетілдіруіне мүмкіндік бар. Айталық, алғаш рет мектептерге робототехника заттарын әкелгенде мұғалімдер қиналғаны рас. Қазір информатиктердің барлығы дерлік бұл құрылғылармен жұмыс істей алады. әлі күнге дейін ІТ компаниялармен байланыстамыз. Өз коммунитиларымыз бар. Мұндай жұмыс орындары Kyzylorda Hub арқылы да керек мамандарды іздейді. Арнайы талаптарына сәйкес университет, колледж бітірген түлектер, жан-жақта жүрген қызылордалықтардың арасынан жақсы маман тауып беруге тырысамыз. Қызылордада мықты ІТ мамандар жұмыссыз қалмайды. Қазірдің өзінде үш жұмыс орнына осы сала бойынша қызметкер қажет. Әрине, бірден табу оңай емес. Себебі білікті мамандар аз. Қазір ақпараттық қауіпсіздік, графикалық дизайн, вебсайт мамандары, жаңа бағдарламалар бойынша жұмыс істейтін, интеллектуалды сайт әзірлей алатын маман қажет. Компаниялар мұндай қызметкерлерге бір жарым миллион теңгеге дейін еңбекақы төлейді.

Қазіргі уақытта жас мұғалімдердің арасында, Оқушылар үйінде де мықты бағдарламашылар жинақталған. Ешкімнің атын айтпай-ақ қояйын, есіме түспей қалғандары ренжіп қалар… Ең бастысы, бұрын өзіміз дайындаған жастар қазір өздері команда құрып, жаңа жобалармен айналысуда. Бұл – өте қуанатын жағдай, − деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, жасанды интеллект институтының директоры Н.Серікұлы.

Бұл бағытта жаңалықтар көбеюде. Мәселен 2025 жылдан бастап Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері қос диплом бағдарламасы бойынша Сеул Ұлттық Ғылым және технологиялар университетінде (СеулТех) оқитын болады. Мұндай мүмкіндік университеттер арасындағы Қазақстандық және Корей студенттері үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын келісімнің арқасында пайда болды.

Корея Республикасы Президенті Юн Сок Ёльдің Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары аясында Астана қаласында Инвестициялар және бизнес, ғылым және білім беру саласында бірқатар іс-шаралар өткізілді. Осы іс-шаралар шеңберінде Сеул Ұлттық Ғылым және технологиялар университеті мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті арасында "AI architect", "Data management" сияқты білім беру бағдарламалары бойынша бакалавриат деңгейінде кадрлар даярлау туралы екіжақты келісімге қол қойылды.

Студенттер қос диплом ала алады – СеулТехтен және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінен. Осы бағдарлама бойынша оқуға қабылдау 2025-2026 оқу жылынан басталады. Бағдарламаны Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Жасанды интеллект және информатика жоғары мектебіне түскен студенттер пайдалана алады. Келісім аясында студенттер Қазақстанда алғашқы төрт семестр оқиды, содан кейін келесі төрт семестр Сеул Ұлттық Ғылым және технологиялар университетінде оқуды жалғастырады.

Бағдарламаға қатысушылар екі университеттің академиялық талаптарын, соның ішінде міндетті және таңдамалы курстарды орындауы керек. Бағдарламаға қатысушыларды іріктеу академиялық және тілдік құзыреттер, мәдениетаралық коммуникация дағдылары негізінде жүзеге асырылады. Бұл бағдарлама Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы академиялық байланыстарды тереңдетуге, студенттердің мәдениетаралық құзыреттілігін дамытуға және олардың халықаралық еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Студенттердің бірінші тобы осы бағдарлама аясында 2025 жылдың қыркүйегінде оқуға кіріседі. 

Жоғары оқу орындары ректорларының кездесуінде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы - ректоры Бейбіткүл Кәрімова: 

"Біз СеулТехпен ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастауға қуаныштымыз, ол студенттеріміздің алдында халықаралық білім алу және мәдени алмасу үшін бірегей мүмкіндіктер ашады", - деп атап өтті. Сеул Ұлттық Ғылым және технологиялар университетінің президенті Дон Хван Ким өз тарапынан: "Шартқа қол қою біздің академиялық байланыстарымызды нығайтады және екі елдің студенттері үшін жаңа көкжиектер ашады. Біз бұл бағдарламаны іске асыруды асыға күтеміз".

Осылайша, Қазақстанда алғаш рет жасанды интеллект сәулетшілері мен деректерді басқару жөніндегі мамандар даярланады. Елімізге күнделікті қызмет пен бизнес-процестерге ЖИ енгізе алатын, Қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарта алатын жоғары білікті кадрлар қажет. Сондықтан әлемдік технологияларды білетін адами капиталды қалыптастыру жаһандық білімсіз және халықаралық ынтымақтастықсыз мүмкін емес.

Жалпы аймақта  ІТ бағытта атқарылған жұмыстарға оң бағаға ие. Оған Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторының әрбір байқауы мен өткізген кез келген шарасы дәлел болады. Қаладағы бизнес-инкубатор қарқынды түрде дамып, әр жобаға қолдау білдіріп, оның жүзеге асуына әрі қарай да өз септігін тигізе бермек.

 

Қорлан САРЫ
Фото:ubmr.ru

Тағы да оқыңыз: