Kyzylorda-news.kz. Күлбибі Есенәліқызы – білікті маман, өз саласының білгірі. Ол отыз екі жылдан бері білім беру саласында абыройлы қызмет етіп, бала тәрбиесімен айналысып келеді екен. Есеп-қисапқа негізделген күрмеуі көп саланы жетік меңгеріп, кейінгі ұрпақ бойына білім нәрін құйып жүр. Ардақты ана, қарапайым жан кейде өз балаларынан халықтың баласына көбірек көңіл бөлетінін айтады.
Сырдария ауданы орталығынан шалғайда жатқан Айдарлы ауылындағы №139 орта мектептің математика пәнінің мұғалімі болып қызмет ететін ұстаз бізге жылы шырай танытып, өзінің қарапайымдылығын көрсетті. Күлбибі апай – 1970 жылдың тумасы болып шықты. Жаны жайсаң жан Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында дүниеге келген. Жоғары білімді Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтында алған ол жастайынан арман еткен мұғалімдік мамандықтың қыры мен сырына осы оқу ордасында қаныққан. Ұстаздар ұстаханасына айналған оқу ордасында жары Базарбек Накиповпен кездесіп, Айдарлы ауылына келін болып түскені баршаға мәлім. Осылайша шымкенттік ару қызылордалық азаматпен отау құрып, шаңырақ көтергенің айта кетейік. Осы тұста Бауыржан Момышұлының бір сөзі ойға оралып тұр. «Жер бетіндегі ең батыр адам – қыз. Мен қанша батыр болсам да, бөтен, танымайтын елге бір сағат та тұрғым келмей қашамын. Ал, қыз болса, барған жерінде жалғыз өзі өмірінде көрмеген, танымайтын адамдармен тіл табысып, сол елді біріктіріп, ел де қыла алады, сыйлата да алады, алыса да алады, қаймықпастан ұрпағын да көбейтіп, сол елді жеңіп, мәңгі билейді» деген екен. Бір ел болғанымен, салты мен дәстүрінде айырмашылық көп Оңтүстік облыстан келген жас келінге алғашқыда біздің жақтың салтына үйренісу оңай болмапты. Күлбибі апай тәтті бір естеліктерді еске алып, бүгінде сол күндердің бәрі көрген түстей артта қалғанын айтады. Жазушы, Кеңес Одағының Батыры Б.Момышұлы айтқандай, Күлбибі апай бүгінде келін болып түскен жұртына әбден сіңісіп, ұрпағын көбейтіп, әулеттің ақылшы анасына айналған деседі.
Қарапайым мінезімен ел-жұртқа сыйлы болып, адалдығымен тура жолдан таймаған ұстаз-ана өмірде үлкен жетістіктерге жеткен. Ең үлкен байлығы – береке мен бақыт ұялаған биік шаңырағы. Шаңырақтың құты болған, көзінің ағы мен қарасы болған қызы мен ұлы және олардан тараған немере, жиендер, көсегесі көгеріп, керегесі кеңіген жанұясы – бақыттың үлкені. Күлбибі апай мен Базарбек аға 1 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірген. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, немерелердің қызығына тоймай жүрген бақытты ата мен әже. Өмірлік жолдасы Базарбек Ермаханұлы да қазіргі таңда білім беру саласында, мектеп директорының ғылыми-бейіндік орынбасары болып қызмет етеді. Ұлы мен келіні де осы саланың білікті мамандары, ал қызы – қаржы саласында еңбек етеді.
Ұлағатты ұстаздың білім беру саласындағы еңбегі де елеусіз қалмаған. Ұзақ жылғы еңбегінің нәтижесі – «ұстаздан озған» шәкірттері деуге негіз бар. Сабақ үрдісін жаңартылған технологияларға негіздей өтіп, тақырыпты оқушы санасына түгел игерте білетін маманның тәрбиелеген шәкірттерінің алды бүгінде үлкен қызметте. Олар жоғары білім мекемелерінде, шаруашылықтарда, басқа да түрлі салаларда жемісті еңбек етіп жүр. Ұстазы үмітті ақтаған шәкірттерімен мақтанса, шәкірт те білім алған ыстық ұясын, тәлім берген аяулы ұстаздарын еш уақытта естен шығарған емес.