Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясының бастамасымен еліміздің білім беру саласын цифрландыру және педагогтердің жасанды интеллект (ЖИ) құралдарын меңгеруін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
Осы мақсатта партияның облыстық филиалы мен «Daryn Ustaz» орталығы бірлесіп «Ustazga AI: жасанды интеллект педагог көмекшісі ретінде» атты арнайы курсты таныстыру және түсіндіру кездесуі ұйымдастырылды.
Жобаның негізгі мақсаты – мұғалімдерге арналған тегін онлайн курсты ұйымдастыру, білім беру саласында жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану жолдарын көрсету, сондай-ақ педагогтердің цифрлық құзыреттілігін арттыру.
Осы орайда бүгін партияның облыстық филиалы алаңында өңір педагогтарымен кездесу өтті.
Жиынға партияның облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау инспекторы Алтынбек Жарылқасынов, “Daryn Ustaz” педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру орталығының директоры Ерлан Абдиманапов, “Daryn.Online” компаниясының мемлекеттік мекемелермен жұмыс бөлімінің жетекшісі Ернар Сейткул және облыстық және қалалық білім ұйымдарының басшылары, әдістемелік орталық мамандары, педагогтер мен БАҚ өкілдері қатысты.
Шара барысында «Daryn Ustaz» орталығының өкілдері курс мазмұнымен таныстырып, оның практикалық құндылығына тоқталып, облыстың барлық ұстаздарын тегін онлайн курсқа қатысуға шақырды.
Жоба қатысушылары сабақ жоспарларын, тестілерді, талдауларды, БЖБ/ТЖБ сияқты құжаттарды жасанды интеллект көмегімен автоматтандыруды үйренеді. Сондай-ақ икемді оқу уақыты нәтижесінде жұмыспен қатар білім алуға мүмкіндікке ие болады. Мұнан бөлек конкурсқа жоба жіберу арқылы үздік 400 педагог қатарынан таңдалып, Астанада өтетін ПедХакатонға жолдама алады. Сонымен бірге Хакатон жеңімпазы атанған 20 педагог Оңтүстік Корея мемлекетінде өтетін тегін тағылымдамаға жолдама алады.
Курс нәтижесі бойынша 80 академиялық сағаттық ресми сертификат беріледі. Сертификат аттестацияда жарамды, сондай-ақ «ҰСТАЗ» Педагогтің үздіксіз кәсіби дамуының ұлттық платформасына енгізіледі.
