Kyzylorda-news.kz Іңкәрдариялық ұстаз Жұмакүл Ақтаева саналы ғұмырын мектепке, білім саласына арнаған ұлағатты жан. Ардақты ұстаз ауыл балаларына білім мен тәрбие беруде мұғалімдіктен бастап, басшылық қызмет атқарып, абыройға бөленді. Жұмакүл Ақтаеваны әріптестерімен қатар бүкіл ауыл жұртшылығы құрметтейді.
Жұмакүл Қожамұратқызы Қармақшы ауданында туып-өскен. Жастық шағынан бастап, 41 жыл бойы Іңкәрдария ауылындағы №191 орта мектепте ұстаздық қызмет етіп келеді. Өзі туған ауылындағы мектепті бітірген соң Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы педагогикалық училищені музыка пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шығады. Алғашқы еңбек жолын келін болып түскен қасиетті мекен Іңкәрдариядағы білім ошағында бастап, тапжылмастан еңбек етіп, енді аз уақытта ардагерлікке абыроймен жеткелі тұр. Музыка пәнінің мұғалімі ретінде оқушыларға эстетикалық тәрбие беруде алдына жан салмаған ұстаз екінші мамандық алады. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін педагог-психолог мамандығымен бітіреді.
– Іңкәрдария ауылы туған ауылым болып кетті. Жастайымнан киелі мекенге келін болып түсіп, осында өсіп-өндім. Қызмет атқарып, ең ұлық мамандық иесі ретінде абыройға кенелдім. Ұстаз-ана үшін мұнан асқан бақыт жоқ шығар, сірә? Ауыл мектебінің ыстығы мен суығын, ең бастысы педагогикалық ұжыммен бірге оқушыларға саналы білім мен тәрбие беруге үлес қостым. Шәкірттеріміз талай шыңды бағындырып, мәртебемді өсірді. Өнерге жақын балаларды қанаттандырып, «Әнші балапан», «Бозторғай» сияқты сайыстарда бақ сынады. Шәкірттерімнің арасында Шынар Ізбасқанова, Тұрсынкүл Жұмабекова, Ұлтай Өміртаева, Мәдина Құндызбаеваның есімдері ерекше. Өнерге біртабан жақын талантты шәкірттерім ауылдың мақтанышына айналды, – дейді ардақты ұстаз Жұмакүл Ақтаева.
Жүрегі жұмсақ, мінезі жайдарлы ұстаз адал еңбегімен дараланып, ізденімпаздығы мен ұйымдас¬тырушылық қабілетінің арқасында мектептің басшылық қызметіне дейін көтерілді. Ең күрделі әрі жауапты қызмет оқу ісі жөніндегі орынбасарлықты 2003 жылдан бері абыроймен атқарды. Жұмакүл Қожамұратқызы білгенін үйретуден шаршамайтын, қызмет барысында адал, талап қойғыш, іскер, білікті маман ретінде әріптестерінің арасында беделге ие болды. Мектептің өміріне ғана емес, ауылдың тыныс-тіршілігіне де белсене араласып, игі баста¬малардың басы-қасында жүру оның ұста¬нымына айналды.
Ардақты ұстаздың шәкірттері пән олимпиадаларында да жүлделі орын иегері атанды. Шәкәрім Жүсіпов, Аслан Дүйманов, Бекзат Несіпбай, Аида Кішкенбай, Ерсұлтан Несіпбай ұстаз абыройын, мерейін тасытқан оқушылар. Бұл оқушылардың бар¬лығы да грант иегерлері атанып, қазір мамандықтарына сәйкес әр салада жұмыс істеуде.
Қажырлы да жемісті еңбегінің арқасында ардақты ұстаз Білім және ғылым Министрлігінің Құрмет грамотасымен, Сырдария ауданынының 90 жылдық медалімен, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің төсбелгісімен, Қызылорда облыстық білім басқармасы, Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитетінің Құрмет грамотасымен, аудандық білім бөлімінің Алғыс хатымен марапатталды.
«Ұйымдастырушы-әдіскер», «Ең үздік оқу ісі меңгерушіс», «Үздік бағдарлы оқыту жөніндегі орынбасар», «Үздік педагог» – шебер ұстаздың қырық жылғы қызметінде алған атағы.
Бүгінгі заман талабына сай бәсекеге қабілетті, зерделі, ой-өрісі кең жастарды тәрбиелеуге, білім саласын дамытуға зор үлес қосып келетін ұстаз биыл құрметпен ардагерлікке қадам басқалы тұр.
– Ұстаздардың ұстазы атанған ардақты Жұмакүл Қожамұратқызының ұрпақ тәрбиесіне сіңірген еңбегі өлшеусіз. Оның белсенді қызметі мен шығармашылық ізденісі кейінгі толқын мамандарға үлгі-өнеге. Өмірде де, қызметте де адалдығымен дараланған ұстаз ауылдағы берекесі мен ынтымағы жарасқан отбасылардың отанасы. Дүниеге әкелген төрт перзентінен немере сүйіп, өнегелі келін атанған апай ағайын-туыс ортасында адамгершілік қасиетімен ерекшеленеді. Отбасының ұйытқысы, ауылдың анасы, аяулы ұстаз, іскер басшы ретінде ол кісінің орны біз үшін бөлек. Сондықтан, апайдың қызметіне мың алғыс айтамыз. Мектеппен байланысы ешқашан үзілмейтініне, жанашырлық, қамқорлық таныта беретініне сенеміз, – дейді әріптесі әрі шәкірті Нұргүл Төкенова.
Бибісара ЖАНӘЛІ