Kyzylorda-news.kz Мұғалім құны 5 айлық есептік көрсеткіштен асатын гүлді сыйлыққа алса қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
5 қазанда Қазақстанда Мұғалімдер күні атап өтіледі. Мерекеге оқушылар мен мектеп ұжымы ұстаздарға сыйлықтар мен гүл бере алады. Дегенмен мұғалім ол үшін оқушыға белгілі бір қызмет (жақсы баға қою) көрсетпеуге тиіс, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Informburo.kz сайтына сілтеме жасап.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, мұғалім құны 5 айлық есептік көрсеткіштен асатын гүлді сыйлыққа алса қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
"Егер сыйлыққа берілген гүлдің құны 5 айлық есептік көрсеткіштен (18 мың 460 теңге) асса және мұғалім сый берушінің пайдасына қарай әрекет етсе, онда мұндай гүлді беру Қылмыстық кодекстің 247-бабы ("Заңсыз сыйақы алу") бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады", – делінген хабарламада.
247-баптың ескертпесі, егер қызметкер өз мiндеттерi аясына кіретін жұмысты орындағаны немесе қызметтер көрсеткенi үшiн материалдық сыйақыны, жеңiлдiктердi немесе мүлiктiк сипатта көрсетiлетін қызметтерді заңсыз алса, қоғамдық жұмысқа тартылады.
Антикордың мәліметінше, мұғалімдерді Қылмыстық кодекстің 366-бабы "Пара алу" бойынша жауапқа тартуға болмайды. Өйткені олар осы бапта қамтылған тұлғалардың тізіміне кірмейді.
Сонымен қатар қолданыстағы заңнамаға сәйкес сыйлық беруші де жауапқа тартылмайды. Алайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі түзету жобасын әзірледі, ол қазір мәжілісте қаралып жатыр.
Заң жобасы мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың қатардағы қызметкерлеріне заңсыз сыйақы бергені үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейді.
Фото: mailm.kz