Kyzylorda-news.kz Қазалы ауданының білім саласында киелі міндетіне адал, ұзақ жыл табан аудармай еңбек еткен, ұрпақ келешегі үшін саналы ғұмырын сарп еткен майталман мұғалімдер аз емес.

Санаулы тұлғалар тізілген бұл қатарға Лақалы ауылындағы №93 мектептің директоры Серікбол Сансызбаевты қоссақ жарасады. Ұстаздықтың ұлы жолында 42 жыл табан терлеткен мектеп директорын бүгін аудан әкімі Мейрамбек Шермағамбет арнайы қабылдап, зейнет жасымен құттықтады.
Аудан басшысы Серікбол Сансызбайұлының ұрпақ тәрбиесіндегі ерен еңбегін тілге тиек етіп, өскелең ұрпаққа үлгі боларлық адал қызметіне алғыс білдірді. Ақсақалға қазыналы қарттық ғұмыр тілеп, шапан жауып, құрмет көрсетті.

− Сіз өнегелі еңбегіңізбен, тындырымды ісіңізбен және қарапайым да парасатты мінезіңізбен үлкен абырой-беделге ие болған ұжымыңыздың тәжірибелі, білікті маманы бола білдіңіз. Білікті кадрлар дайындауға, білімді шәкірт тәрбиелеуге бар күш-жігеріңізді жұмсадыңыз. Сіздің өнегелі еңбек жолыңыз жас ұрпаққа қашан да үлгі. Сізге ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, отбасыңызға құт-береке, амандық тілейміз, – деді Мейрамбек Шермағанбетов.

Өз кезегінде мерейтой иесі де аудан басшысының көрсеткен құрметіне алғысын айтып, ризашылығын жеткізді.

Тағы да оқыңыз: