Kyzylorda-news.kz. Қай кезде де ұрпақ тәрбиесін ұлы құндылыққа балайтын, еңбек пен білімді ұштастыра білген әр ата-ана үшін бала болашағы бәрінен қымбат.
Балаға тәлімді тәрбие мен лайықты білім беруде баршамыздың ұстанымымыз бір, мүддеміз ортақ. Ол – туған елін шексіз сүйетін, өз ісіне адал, еңбекқор, ізгі ұрпақ тәрбиелеу.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деп, балаларға терең әрі тағылымды тәрбие беру қажет екенін атап өтті. Сәт сайын өзгеріп, көз ілеспес жылдамдықпен дамуға бет алған бүгінгідей дәуірде рухани құндылықтар мен ұлттық тәрбиенің өзегінен ажырап қалмауға тиіспіз. Қазақ халқының ұлы ақыны, дана Абайдың «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата-ана, жақсы құрбы, ұлағатты ұстаздан болады» деген өсиеті әлі күнге дейін өз мәнін жоғалтқан емес. Қайта уақыт озған сайын салмағы еселене түсті. Өз кезегінде аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ләззат Мығымбаева бала тәрбиесі мен жастардың құқық-бұзушылықтарын алдын алуға байланысты жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Ата-ананың ең үлкен бақыты – баласының жақсы азамат болып өсуі десек, мемлекет пен қоғамның басты мақсаты – елге ие болатын білімді әрі Отаншыл ұрпақ тәрбиелеу. Осы бағытта ағымдағы жылы ата-аналармен жұмыстарды күшейту, ата-аналар комитетінің, әкелер кеңесінің беделін арттыру, ата-аналар институтын құру мақсатында облыс әкімінің бастамасыменауданда білім беру қызметкерлері мен ата-аналардың «Отбасы - тәрбие бесігі» атты бірлескен кеңесі өткізілді. Кеңесте бала тәрбиесі, отбасылық, рухани құндылықтар мәселесімен қатар жасөспірімдер арасындағы құмар ойындардың (лудомания), ерте жүктіліктің, өз-өзіне қол жұмсаудың (суицид), құқық бұзушылық пен топтық төбелестің, буллинг, кибербуллингтің, интернетке тәуелділіктің алдын-алу мәселелері қаралды. Аудандағы барлық білім беру ұйымдарында мектеп және ата-ананың жауапкершілігін күшейтуді көздейтін мектеп пен ата-ананың өзара іс-қимылының жаңа «Оқушы-мектеп-ата-ана» өзара ықпалдастығымен жұмыстар жасалуда. Ата-аналарға кеңес қызметін әдістемелік қамтамасыз ету мақсатында «Отбасы – мектеп, «Мектеп өмірінің бір күні» атты жобалары енгізілді. Рухани – адамгершілік тәрбие беру, адамзаттық құндылықтарды дамытуда «Ата-аналар комитеті», «Әжелер мектебі», «Әкелер кеңесі», «Аналар академиясы» бастамаларымен жұмыстар жүргізілуде. Осы бағытта бүгінгі күнге дейін ата-әжелер, әке-аналардың қатысуымен 200 шара өткізіліп, оған 3000 оқушы қатысты. Аудандағы барлық мектептерде«Пікірсайыс қозғалысы» (дебат), «Мектеп парламенті», «Оқуға құштар мектеп», «Мектеп және театр» жобалары белсенді жүзеге асырылуда. Жобаларға тек белсенді оқушылар ғана тартылып қоймай, тәрбиесі қиын, қолайсыз отбасынан шыққан, мектептің және полиция есебінде тұратын балалар түгелдей тартылған. Аталған жобаларға 2 мыңнан астам оқушы қатысады, – деді Ләззат Мығымбаева.
Сондай-ақ, балалардың жан-жақты тұлға болып қалыптасуына, шығармашылық шыңға жетуіне қосымша білім беру жүйесінің атқарар ролі зор. Бүгінгі күні аудандағы 5 қосымша білім беру ұйымы мен оның филиалдарына 1400 бала,аудандық спорт мектептеріне 1500 бала тартылған. Сонымен қатар, мектептердегі үйірмелерге 4000- ға жуықбала қамтылып отыр. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы қаңғыбастық пен қадағалаусыздықтың, құқық бұзушылық, суицид, зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында ведомствоаралық іс-шаралар жоспарлар бекітілген.
– Бірлескен профилактикалық жұмыстар салааралық байланыста атқарылуда. Өткізілген 250 шараға (лекция, жиналыс, дөңгелек үстел т.б.) 2300 адам қатысты. Оның ішінде, 1500оқушы және 800ата-ана бар. Іс-шаралар барысында ата-аналарға психологтардың кеңестері беріліп, полиция департаментімен әзірленген жадынамалар таратылды. Аталған жиналыстарда ата-аналарға бала денсаулығы мен өміріне келетін зиянды әрекеттер туралы Заң аясында түсіндірілді.
Ағымдағы жылы Қазалы ауданында жасөспірімдер арасында орын алған қылмыстық оқиға тәрбие жұмыстарын бұдан да күшейту қажет екендігін көрсетті. Осыған орай,сәуір-мамыр айларында аудан әкімінің салалық орынбасарының төрағалығымен жұмысшы тобы құрылып, барлық мектептің жоғары сынып оқушыларымен кездесулер ұйымдастырылды. Ардагер ұстаздар, әкелер кеңесінің төрағалары, аналар кеңесінің төрайымдары, ата-аналар комитетінің төрағалары, аурухана және полиция қызметкерлерінің қатысуымен жоғары сыныптың ер және қыз балаларымен бөлек өткізілетін кездесу барысында ер балаларға патриоттық бағытта насихат жұмысы жүргізіліп, нашақорлықтың, буллинг пен кибербуллингтің, суицидтің және түнгі жүріс, топтық төбелестің алдын алу бағытында түсіндірме жұмысы жүргізілсе, қыз балалармен әдеп пен сыпайылық, адамгершілік мәдениетін қалыптастыру және олардың бойында үлкен жауапкершіліктің тұрғандығы жөнінде түсіндірілді.
«Түнгі қаладағы балалар» профилактикалық шарасы аясында аптаның жұма және сенбі күндері еріктілердің кезекшілігі ұйымдастырылуда. Ағымдағы жылы 150 рейдке 600 адам қамтылды.
Жыл сайын қоғамдық тәртіпті реттеуге атсалысатын ата-аналар саны көбейіп келеді. Полиция органдарымен бірлескен профилактикалық рейдтермен ағымдағы жылы беймезгіл уақытта жүріп тіркелген оқушылар болған жоқ. Рейд барысында оқушылар мен ата-аналарына Заң нормалары түсіндірілді. Есепті мерзімде құқық бұзушылықтардың теріс әсерін білім алушылар назарына тиімді жеткізу мақсатында әлеуметтік желілерде «Кибербуллинг», «Бала тәрбиесі», «Электронды темекі», «Құмар ойындар» тақырыптарындағы бейнероликтер жарияланды. Барлық мектептерде осы бейнероликтердің көрсетілімдері ұйымдастырылды, – деді салаға жауапты маман.
Негізінен, аудандық полиция бөлімінің профилактикалық есебінде 2021-2022 оқу жылында 7 оқушы болса, 2022-2023 оқу жылында мектепішілік бақылауға 29 оқушы алынған. Мектепішілік есептегі балалармен сынып жетекшілер мен педагог-психологтар жекелей жұмыстар жасаса, жүріс-тұрыстары қатаң бақылауға алынып, ата-аналарымен тікелей байланыс орнатылған.
Осал топтағы қолайсыз отбасындағы балалар, мектепішілік бақылаудағы, полиция органдарында есептегі балалардың үйірмелер мен секцияларға қамтылу саны бақылауға алынған. Барлық бала үйірмелер мен секцияларға тартылған және жазғы демалыспен қамтылуы назарға алынған. Мектептерде есептегі балаларға кейс ашылып, қажетті әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық қолдау жұмыстары жүргізіледі. Суицидтің алдын алу мақсатында оқушылардан сауалнама алу жұмыстары жүргізіліп келеді. Сауалнамаға 4749 оқушы қатыстырылып, 24 оқушы«психологиялық қолдау» тобына алынса, 118 бала мектепішілік бақылауға алынды. 23 оқушы емханаға дәрігерлердің бақылауына жолданып, 7-і дәрігерге қаралған. 2 балаға ем тағайындалды. Дәрігердің қарауына жолданған 14 оқушының ата-анасы келісім бермеген. Бұдан бөлек қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтау бойынша мектептерде 17 әлеуметтік педагог арнайы оқудан өтті. Осал топтағы балалардың тұрмыс сапасын жақсарту үшін арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіліп келеді. 2023 жылы 10 отбасының 24 баласы сүйемелдеуге алынып, 80-ге жуық оқушыға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілді. Салааралық байланыс арқылы 3отбасы қиын жағдайдан шығарылды. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, қылмыстың өсуіне жол бермеу күн тәртібінен түспейтін мәселе. Осыған байланысты 2022 жылы мектептерде оқушылар арасында туындайтын даулар мен жанжалдарды шешу, қалпына келтіруге негізделген медиация қызметі іске қосылды. Сонымен қатар, алдағы жылдың мамыр айында «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігімен«Әке жолы ізгі жол, ана мейірімі» ата-ана-мектеп-оқушы үштік одағы облыстық форумы және “Бала бақытының кепілі - саналы ата-ананың тәрбиесінде” атты І ата-аналар форумы өткізілді. Ауданымызда отбасылық құндылықтар мен ұлттық тәрбие мәселелерін дамыту мақсатында «Отбасы мектеп», «Мектеп өмірініңбір күні», «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі», «Әжелер мектебі» бастамаларының жұмысы ұдайы жүргізіле береді. Атқарылған жұмыстармен қатар, білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысын жандандыру мақсатында қосымша келесі шаралар қабылданады.
Біріншіден, мектептердегі тәрбие жұмыстары тек тәрбие сағатында жүргізілмей, әрбір педагогтың өз сабағында үздіксіз дамытуын қамтамасыз ету мәселесі қаралады. Екіншіден үкіметтік емес ұйымдарымен тәлімгерлік бағыттағы жұмыстарын күшейтеміз. Үшіншіден, ата-аналарға арналған дәрістерді, ата-аналар кештерін, Ашық есік күндерін, тренингтерді онлайн және офлайн форматта өткізілетін болады. Төртіншіден, ата-аналардың, қоғамның, үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен «Мектептегі бір күн», «Отбасы – мектеп» жобасы жобасы іске асырылады.
Жас ұрпақ тәрбиесі-адамзаттың мәңгілік тақырыбы. Ұлттың бүгінгі де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Өз сөзімді әйгілі философ, математик Платонның: «Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле» деген сөзімен қорытындылағым келеді. Балалардың мүддесі үшін мектеп пен ата-аналардың өзара байланысын нығайтып, ұрпақ тәрбиелеу жұмысын жандандыра беретін боламыз.