Kyzylorda-news.kz Жуырда Қармақшы ауданындағы Шәмшат Төлепова атындағы мәдениет үйінде аудан әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен аудандағы білім саласының өзекті мәселелері талқыға түскен "Адал ұрпақ. Саналы жасөспірім. Кемел келешек" тақырыбында кеңейтілген жиын өтті. 

Оған аудандық мәслихаттың төрағасы Әділ Қошалақов, аудан әкімінің орынбасарлары, аудан прокуроры, аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, аудандық мәслихат депутаттары, дербес бөлім басшылары, кенттер мен ауылдық округі әкімдері, үкіметтік емес ұйымдар, ата-ана, көше комитеттерінің төрағалары мен білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтер қатысты. 

  Аудан әкімі қай кезде де ұрпақ тәрбиесі өзінің өзектілігін жоймайтынына тоқтала келе, іс-шараға қатысушыларды тәрбие мен білім сапасын арттыруға, балалар мен жасөспірімдердің болашағы үшін қауіпсіз қоғам қалыптасыруға және оған белсенді атсалысуға шақырды. 

– Бүгінгі қоғамның алдында тұрған басты міндеттің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл күн тәртібінен түспейтін мәселелердің біріне айналып отыр.  
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда «Ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін шараларға баса мән беруіміз керек. Бұл салада кемшіліктер көп екені жасырын емес. Мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр. Соңғы кезде оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиі болып кетті. Кейде балалардың қатыгездігі жан түршіктіреді» деген болатын.
Өкініштісі, бұндай жағдайлар соңғы уақыттарда біздің өңірімізде де орын алып отырғанын аймақ басшысы жақында ғана өткен білім саласының өзекті мәселелеріне арналған кеңейтілген мәжілісте атап өтті. Қазір жас ұрпақты азамат ретінде қалыптастыруда ата-ана мен мектептің өзара байланысы шешуші рөл атқарады. Осыған орай, бүгінгі күн тәртібіндегі негізгі мәселе де – балалар арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуға бағытталған жұмыстар болып отыр. Қай заманда, қай қоғамда болсын бала тәрбиесі отбасындағы негізгі құндылық болып саналған. Біз соңғы уақытта бала тәрбиесіне негізгі жауапты – ата-ана екенін ұмытып кеттік. Дегенмен, баланы ортаға бейімдеу, тәлім-тәрбие беруде мектептің рөлі үлкен, – деді Жандос Еркінбекұлы. 

Аудан басшысы бұл бағыттағы жұмыстардың кемшін тұстарына тоқталып, оны жандандыруды тапсырды. 
Мәжілісте аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлзира Абдазиева  "Кәмелет жасына толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар жөнінде", аудандық прокуратураның прокуроры Нұржігіт Шаймахан "Білім беру ұйымдарындағы құқық бұзушылықтың профилактикасы туралы" және аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Қуандық Ермаханов "Балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы шаралар туралы" баяндады.
Кеңейтілген мәжілісте балалардың өмір қауіпсіздігі кеңінен талқыланды. 

2024 оқу жылында 1-10 сынып аралығында 14399 оқушы 100 пайыз жазғы демалысы мен еңбекпен қамту жұмыстарына қамтылады деп жоспарлануда. 465 оқушы Жаңақорған ауданындағы "Облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығы" жалпыға міндетті оқу қорынан мектеп жанындағы лагерьге қамтылады деп күтілуде. 2257 оқушы еңбекпен, оның ішінде 1461-і көркейту-көгаландыру бригадаларында (9 сынып оқушылары), 796-сы еңбек бригадаларында (10 сынып оқушылары) қамтылып, оқушылар мектептің жөндеу, көркейту-көгалдандыру жұмыстарына қамту жобаланған. Мектеп жанынан құрылған тынығу лагеріне 1114 оқушы тамақпен, 4677 оқушы тамақсыз лагерьмен қамтылмақ. Мектеп жанынан киіз үй тігіліп, 14 мектепте этноауыл ұйымдастырылатын болса, спорттық лагерьге 2544 оқушы қамтылмақ. 838 оқушы дебат үйірмесіне қамтылады деп жоспарланған.

Аудан басшысы осы кезден бастап оқыс жағдайлардың алдын алу, оны болдырмау, балалардың өмір қауіпсіздігін қамтасыз етуде тиісті іс-шараларды қабылдауды қатаң тапсырды. 

Сондай-ақ жиында түнгі кезекшіліктерді күшейту, БАҚ пен әлеуметтік желілерде бүгінгі күні өзекті болып отырған құқық бұзушылық, буллинг, лудоманияның зардабы, суицид және тағы басқа да тақырыптыарды ақпараттандыру, кәмелет жасына толмағандар арасында профилактикалық жұмыстарды тұрақты жүргізу бойынша нақты тапсырмалар берілді. 

"Балаң өзіңе тартса – жұбан, қоғамға тартса – қуан" дегендей, бала тәрбиесімен қоса, оның білімді болғаны да өте маңызды. Қазіргідей заманауи уақытта бәсекеге қабілетті болу алдымен білім деңгейімен өлшенеді. Бұл ретте ауданымыздың білім саласында ауқымды міндеттер күтіп тұр. "Балапанды күзде санайды" демекші, оқушылардың білім сапасын сарапқа салатын Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы – басты көрсеткіштің бірі. Биылғы оқу жылында аудан мектептерінен 686 бітіруші түлеп ұшқалы тұрса, олардың 649-ы, яғни 94,6 пайызы ҰБТ-ға қатысады деп күтілуде. Олардың арасында 54 түлек "Алтын белгіге", 67 түлек "Үздік аттестатқа" үміткер. 

Жандос Еркінбекұлы аудан орталығында оқушы балалардың топқа бөліну жағдайлары әлі де бар екенін, оған бей-жай қарауға болмайтынын, топтық төбелестер мен жасөспірімдердің құқық бұзушылық жасауларының алдын алуға, сондай-ақ алда өтетін ұлттық бірыңғай тестілеу сынағына дайындықты пысықтап, мектептердің көрсеткіштеріне жан-жақты талдау  жасауды жүктеді. 

– Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен білім саласында ауқымды жобалар жүзеге асуда. Жосалы кентіндегі №284 мектеп-интернатына спорт зал ғимаратының құрылысы жүргізілуде. Балалардың заманауи мектепте білім алуына жағдай жасау мақсатында "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы бойынша Жосалы кенті мен ІІІ Интернационал ауылында жаңа мектеп ғимаратының құрылысы жоспарлануда. "Білімді қолдау Ұлттық қоры" арқылы Тұрмағамбет ауылында 250 орынға арналған мектеп құрылысы келесі жылы жаңадан салынатын құрылыстар тізіміне енгізілген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы "Әділетті Қазақстан – Адал азамат" атты Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында жас ұрпақтың тәрбиесіне ерекше тоқталды. Өскелең ұрпақ пен жастарға – зиялы қауымның, ақсақал-абыздарымыздың сөзі өтімді. Бала тәрбиесіне тек ата-ана, мұғалім ғана емес, қоғам болып атсалысуымыз керек. Биылдан бастап аудандағы елді мекенінде мәдениет үйі жанынан жастарды отаншылдық және мемлекетшілдікке, патриоттыққа тәрбиелейтін түрлі бағыттағы үйірмелерді қамтитын "Адал адам" орталықтары құрылып, жұмыс жасауда. Мұның барлығы дерлік балаларымыздың заман ағымынан қалмай, жақсы білім алуына жасалынып жатқан жарқын қадамдар. Дегенмен, мемлекет тарапынан жасалған қомақты қолдауларға қарамастан жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылық, өзге де келеңсіз жағдайлар орын алуда. Бұл ретте аудандық білім бөліміне мектептерде ұлттық тәрбиеге жете мән беруді және "Аналар академиясы", "Әкелер кеңесі" мен ата-аналар комитетінің жұмысын жандандыруды тапсырамын, – деді аудан басшысы. 

Мәжілісте аудан прокуроры Мейрамбек Маханбетжанов, аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Қазбек Әліп, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов, ІІІ Интернационал ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхтар Сайлауов, Қуаңдария ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ешмағамбет Дүйсебаевтар сөз сөйлеп, бала болашағына немқұрайлы қарамауға, саналы тәрбие мен сапалы біліммен қамтуда қоғам болып атсалысуға үндеді.  

Кеңейтілген мәжіліс соңында аудан әкімі Жандос Еркінбек жауапты бөлімдер мен мекемелерге, кенттер мен ауылдық округтің әкімдеріне балалар мен жасөспірімдердің тәрбиесі мен біліміне, өмір қауіпсіздігіне, келешегіне  жауапкершілікпен қарап, үйлесімді жұмыс жүргізуді ескертті. 
 

Тағы да оқыңыз: