Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызымен «Берекелі отбасы» тақырыбында кездесу өтті.

Жиынға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов, Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Жандос Базартай және Отбасы орталығы мен Жастар орталығының қызметкерлері,  университеттің профессор-оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ, бірқатар жоғары оқу орындары мен колледждердің білім алушылары қатысты.

Шараның басты мақсаты – жастарға отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ұлттық тәрбие негізінде саналы ұрпақ қалыптастыру.

Кездесуде Оразкүл Асанғазы естеліктерімен бастап, тәрбиелі, саналы, ой өрісі дамыған ұрпақ тәрбиелеу, болашақ ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіру, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, бақытты отбасын құрудағы аналардың рөлі, мемлекеттік тіл туралы және еліміздің әр өңірінде еңбек еткен жылдарында өмірден алған тәжірибесімен бөлісті.

«Әке – отбасының тірегі, отбасы мүшелеріне қамқоршы, ал ана – отбасының жүрегі, мейірімі мен тәрбиенің қайнар көзі. Екеуі бірлікте болып, баланы имандылық пен адамгершілікке тәрбиелеу – берекелі отбасының басты негізі», – деді Оразкүл Асанғазықызы.

Кездесуге қатысушылар қоғам қайраткерінің өмірлік тәжірибесінен тағылым алып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Ашық форматта өткен жиын жастарға рухани серпін беріп, отбасы институтының қоғамдағы орны жайлы тың көзқарас қалыптастырды.

Шараға қатысушылар қонаққа түрлі сұрақтар қойып, пікір алмасты.

коркыт.jpg

Тағы да оқыңыз: