Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Жасанды интеллект институтында корей халқының дәстүрлі Жаңа жылы – Соллаль мерекесіне арналған мазмұнды әрі тағылымды іс-шара ұйымдастырылды. Шара мәдениетаралық ынтымақтастықты нығайтуға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталды.

Мерекелік бағдарлама барысында қатысушылар корей халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары туралы кеңінен ақпарат алып, ұлттық ойындарға белсенді қатысты. Дәстүрлі ойындар мен мерекелік рәсімдердің таныстырылымы жиналған қауымның ерекше қызығушылығын тудырды. Сондай-ақ, студенттер корей халқының ұлттық киімдерін таныстырды. Бұл көрініс шараның мазмұнын байытып, қатысушыларға ұлттық мәдениетті тереңірек түсінуге мүмкіндік жасады.

Соллаль – корей халқы үшін айрықша мәнге ие мереке. Бұл күні отбасы мүшелері бас қосып, үлкендерге құрмет көрсетіп, ізгі тілектер айтылады. Мейрам татулықты, сыйластықты және ұрпақтар сабақтастығын дәріптейді. Институт қабырғасында өткен шара да осы құндылықтарды насихаттауға арналды.

Аталған іс-шара Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың нығайып келе жатқанын айқындай түсті. Мұндай бастамалар халықаралық әріптестікті тереңдетіп, студенттердің мәдениетаралық түсінігін кеңейтуге ықпал етеді.

Тағы да оқыңыз: