Kyzylorda-news.kz Өзбекстан Республикасының Нүкіс қаласында Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен өткен «Қазіргі қарақалпақ филологиясының маңызды мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің атынан философия докторы (PhD), Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика білім беру бағдарламасының жетекшісі Серікхан Жүзеев қатысты.
Қарақалпақ тілі мен әдебиеті мамандығының 90 жылдық мерейтойына арналған бұл халықаралық шараға Орталық Азия елдері мен шетелдік беделді жоғары оқу орындарының жетекші ғалымдары, тілтану және әдебиеттану саласының мамандары жиналып, аймақтық тіл ғылымының өзекті мәселелерін талқылады. Конференция барысында филология ғылымдарының қазіргі даму бағыттары, түркологиядағы жаңа ғылыми әдіснамалар, әдеби мұраларды заманауи тұрғыдан зерделеу, тіл мен мәдениеттің жаһандану үдерістеріндегі орны сияқты маңызды ғылыми тақырыптар бойынша мазмұнды баяндамалар ұсынылды.
Серікхан Әлханұлы ғылыми конференция барысында мазмұнды баяндама жасап, әртүрлі елдердің ғалымдарымен тәжірибе алмасып, зерттеулер бағытында университетаралық әріптестікті кеңейтуге бағытталған тығыз ғылыми байланыстар орнату мәселелерін көтерді.
