Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Тарих және археология» білім беру бағдарламасының аға оқытушысы, философия докторы Ыслам Құрманиязов Қарағанды облысында ұйымдастырылған «Сарыарқаның көшпелі мәдениеті: Ұлы даланың құпиялары – Талды» атты халықаралық ғылыми симпозиумға қатысты.
Халықаралық деңгейдегі маңызды ғылыми жиынға Қазақстанмен қатар Түркия, Германия, Венгрия және Ресей мемлекеттерінен жетекші ғалымдар, археологтар, тарихшылар мен мәдени мұра саласының мамандары жиналды. Симпозиум барысында тарихи-мәдени мұраны сақтау мен насихаттау, археологиялық зерттеулердің заманауи әдістерін қолдану, ғылыми нәтижелерді халықаралық деңгейде интеграциялау және ғылыми ынтымақтастықты дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.
Ғылыми басқосу аясында қатысушылар Орталық Қазақстандағы бірегей тарихи нысандардың бірі саналатын Талды археологиялық паркінің аумағында болып, қола дәуіріне жататын археологиялық ескерткіштермен танысты. Мамандар соңғы жылдары жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижелерін ортаға салып, ежелгі көшпелі өркениеттердің мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігіне қатысты тың ғылыми тұжырымдарымен бөлісті.
Сонымен қатар, симпозиум бағдарламасында қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен рухани мұрасын дәріптеуге арналған арнайы іс-шаралар ұйымдастырылды. Қатысушылар ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесін тамашалап, қазақтың салт-дәстүрлері мен ұлттық спорт түрлерінің ерекшеліктерімен танысты. Бұл өз кезегінде Қазақстанның бай мәдени мұрасын шетелдік ғалымдарға кеңінен таныстыруға мүмкіндік берді.
Аталған халықаралық ғылыми алаң тәжірибе алмасуға, жаңа ғылыми байланыстар орнатуға және археология мен тарих саласындағы бірлескен зерттеу жобаларын дамытуға жол ашты. Сондай-ақ, жас зерттеушілер мен тәжірибелі ғалымдардың пікір алмасуына қолайлы орта қалыптастырады.
Халықаралық симпозиумға қатысу Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ғалымдарының ғылыми әлеуетін танытып қана қоймай, отандық археология мен тарих ғылымын халықаралық деңгейде насихаттауға ықпал етті. Мұндай ғылыми кездесулер тарихи-мәдени мұраны зерттеу мен сақтау бағытындағы ынтымақтастықты нығайтып, жаңа зерттеулердің жүзеге асуына негіз қалайды.

