Kyzylorda-news.kz. Исі қазақтың ұлттық ойындарының бірі – асық ойыны. Бұл ойын бұрындары әр қазақтың баласы мен жасының бас қосуының негізінде асық көптеп ойналатын болған. Себебі оның баланың тәні мен жанына пайдасы мол. Баланың ой-қабілетін, дәлдікке, қырағылыққа, ширақтық пен ұстамдылыққа шыңдайды. Бүгінде ұлттық ойынды балалар смартфондағы атыс-шабыс, ала шапқын өштесу ойындарына айырбастап тұрғаны қоғамның білек сыбана күресетін дертінің бірі болып отыр. Дегенмен бұл дертпен күресіте орасан зор үлесін қосып, ұлттық ойынды ұлықтап жүрген азаматтар аз емес. Солардың бірі – 170 мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, қазақылықты қанына сіңірген Жарас Әбілқасымұлы. 

Соңғы уақытта асық ойыны мемлекеттің қолдауына ие болып, өзінің мәртебесін ала бастады. Тіпті асық ойынының федерациясы құрылып, оған белгілі дәреже де түбегейлі зерттеліп, зерделенген ойын ережелері де бекітілді. Сондай-ақ елімізде асық атудан жарыстар, ел біріншіліктері өтіп тұрады. 

Оған 170 мектеп оқушылары ұлттық спортты ұлықтап келе жатқан ұстаз Жарас Жарекеновтің күрделі дайындығынан өтіп, жыл сайын бағы менен дәлдігін сынап келеді. 

Бала күнінен бұл ойынды жаны сүйген Жарас 2018 жылы аталған мектепте арнайы үйірме ашып, оқушылар жинай бастаған. Сөйтіп, бір жыл тыңғылықты дайындық өз жемісін беріп, 2019 жылы аудандық спартакиададан оқушылар жүлделі бірінші орынды иеленіп, тікелей облысқа жолдама алған. Нәтижесінде, үйірме қатысушылары облыста да көш бастап, ауданның қоржынын толытырп қайттқан екен. 
Мергендер мұнымен тоқтамай, бірнеше мәрте Ұлттық мектеп лигасында жоғары орындардан көрінген. 

Бүгінде Жарас білім ошағындағы 5-6 мен 7-8 және 9-10-11 сынып оқушыларынан үш команда жасақтап, талмай-тұрмай екі мезгіл дайындықпен жаңа белестерді бағындыруға жұмыс жасап жатыр. 

«Ерте де ата-бабаларымыз асық ойынын балаларына жас кезінен бастап үйрете бастаған. Тіпті сәби дүниеге келмей жатқанда, жас нәрестенің ойнайтын асықтарын жинаған. Асық ойындары тек қана қазақ халқына ғана таныс ойын түрі емес. Бұл ойынды Орта Азия халықтары, оның ішінде өзбек, қырғыз, тәжік ұлттары да әлі күнге дейін ойнап келеді. Асық ойындарының тәрбиелік мәні зор. Бұл ата-бабадан қалған асыл мұра. Оның ұмыт қалғанын қаламаймын. Сол себепті ұлттық ойынның осы түрін қолға алуды жөн көрдім. Бұйырса басқа да ләңгі, бес асық сынды ойындарды да үйірме сабақтарына қосып, мүмкіндік болса спорттың сол түрлерінен де белестерді бағындырамыз деген мақсатымыз бар», – дейді Жарас Әбілқасымұлы. 

Уақыт өткен сайын ұлттық ойындарының үйірмесінің қадамы қарыштап келеді. Қазіргі таңда мұнда қызығушылық танытып, сайыстардан жүлделі оралып жүрген жиырма оқушы бар. Жарас жеткен жетістіктерге қарап тек пай-пайламасқа амал жоқ. 

Себебі ол ұлтын сүйген ұлтшыл ұрпақты даярлаумен қатар оларды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге үйретуде. Біздің мақсат та осыны түсіндіру еді. 

Әрбіріміз кейінгі ұрпаққа ұлттық ойын үйретіп, ойнап өсуіне ықпал етуіміз қажет. Сондай ұрпақтан елін, жерін, отанын сүйетін, халқына адал ұлттық құндылықтарды қастерлейтін азамат шығары сөзсіз.

Тағы да оқыңыз: