Kyzylorda-news.kz Шәкiрттерiн бiлiм нәрiмен сусындатып, тәлім-тәрбиe беру, жақсы қасиeттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар берудe ұстaздың еңбегi зор. Сондықтан да ол әрдайым құрметті тұлға ретінде ерекшеленеді. Қазалыда осынау ұлы салада он бір ғасырға жуық қызмет етіп келе жатқан әулет бар десем, сенер ме едіңіз?! Иә, бұл мамандығын парызы тұтқан әулеттің бірегейі – ұстаздық жолын ұстанып, қаншама шәкірттің шырағын жағып келе жатқан, 1070 жыл жұмыс өтілі бар – Жәдиевтер отбасы.
Кезінде Жәдиден тараған алты баланың біреуі Өмірзақ ауыл шаруашылығы саласында қызмет істеп, зейнет демалысына шықса, қалған бесеуі – Жаниет пен Ақниет, Жандәулет, Жанғазы және Шынтас ұстаздық жолын таңдады.
Бұлардың арасында Шынтас Жәдиев 46 жыл өмірін мұғалімдікке арнап, бүгінде зейнетке шыққан. Алғаш еңбек жолын №97 мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған. 1977-1978 жылдары Ақтан батыр ауылындағы №190 мектепте тарих пәнінің мұғалімі болды. Одан кейін №102 мектепте директор болды. 45 жылға жуық уақыт бала тәрбиелеу ісімен айналысып келе жатқан Шынтас Жәдиұлы 1997 жылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің, 1986 жылы облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасымен», 2011 жылы облыстық ғылыми-практикалық конференцияда «Орта мектептерде он екі жылдық білім беру туралы» баяндама жасап, облыстық білім жетілдіру институтының «Алғыс хатымен» марапатталған.
Шынтастың ізін жалғаған балалары мен келіндері, немерелері де осы жолды таңдаған. Жәдиев Ержан Шынтасұлы 1993 жылдан бері №98 география пәнімен қатар тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін қалтқысыз атқарып келеді. Ал оның жұбайы Гауһар Әбілдаева сол білім ордасында 21 бойы бастауыш сынып мұғалімі қызметінде. Сонымен қатар Шынтастың қыздары Әсия тарих пәнінен 21 жыл шәкірттерді шыңдап келе жатса, Ләззат 15 жыл бойы бастауыш сыныптарының зейінін ашып келеді. Сондай-ақ немерелері Ерсұлтан география пәнен мұғалімдік қызметін атқарса, Рауан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Жалпы Жәди ақсақалдан тараған алты ұлдың да ұрпақтары осы асыл қызметте жүздеген жылдық жұмыс өтілі бар. Мәселен, Жәниет Жәдидің әулетінің педагогика саласындағы еткен еңбек өтілі 299 жыл болса, Ақниет Жәдиевтің ұрпақтарының бұл жолда 124 жыл жұмыс өтілі бар. Ал Жандәулет Жәдиевтің балаларының білім саласында 200 жыл жұмыс өтілі болса, Жанғазының ұрпақтары 205 жыл қызмет еткен. Сонымен қатар Өмірзақтың ұрпақтары 80 жыл және Жәди ақсақалдың кенжесі Шынтастың балаларының 148 жыл жұмыс өтілі бар. Яғни ата жолын жалғап, шәкірттерді білім нәрімен сусындап, осынау киелі ұстаздық жолымен келе жатқан әулеттің бүгінде жұмыс өтілі 1066 жылды құрайды.
Жәдиевтер әулеті өте белсенді, аудандағы, облыс пен республикадағы ауқымды отбасылық байқауларда бақ сынап та келеді. Жуырда өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының аудандық кезеңінде бақ сынап, «Үлгілі отбасы» бағамын иеленді. Отбасының ардақты атасы Шынтас Жәдиев қазір 70 жаста. Ол – білім беру ісінің үздігі. 46 жыл өмірін ұстаздық жолға арнап, білім саласында елеулі еңбек еткен ардагер-ұстаз. Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасын» иеленген. Жұбайы Күлпәш Қалымбетовамен 4 бала тәрбиелеп, 14 немере, 5 шөбере сүйген үлгілі отбасы.
Сонымен қатар Өмірзақ Жадиевтің отбасы да «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсында бағын сынап келеді. Өмірзақ ақсақал 13 жыл бойы математика пәнінен сабақ беріп, қазір бейнетінің зейнетін көріп отыр. Оның Жұбайы да осы жолда, қазақ тілі пәнінен 39 жыл қызмет еткен. Бүгінде Өмірзақтың ұлдары мен келіндері де білім саласында қызмет етіп келеді. Жалпы Жәдиевтер әулеті елге еткен қызметі үшін қандай да болсын мадаққа, марапатқа лайықты. Жапырағы жайқалып, тамырын тереңінен жайған әулетке тек жақсылық тілейміз.
Серік АҚМЫРЗА